«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢНАМАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Қадырбектің төрағалық етуімен мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың жұмысы жөнінде семинар-кеңес өтті. Оған облыстың мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының төрағалары, Құқықтық статистика және арнайы есеп басқармасының өкілдері қатысты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Кеңесте ҚР әкімшілік мемлекеттік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесіне және ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы Тәртіптік кеңестер туралы ережесіне енгізілген өзгерістер туралы мәселелер талқыланды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі Дулат Тайшабай хабардар етті.

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 16 тамыздағы №616 Жарлығына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының нормалары мен Арнамыс кодексiн бұзуға жол берген облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалардың әкімдеріне, әкімшілік санаттардағы CO-1 – CO-4, CR-1, C-R-2, D-1 – D-3, DO-1 – DO-3, E-1 – E-3, E-R-1, E-R-2, E-G-1 (басшы лауазымдардағы) қызметшілерге қатысты тәртiптiк істер Тәртіптік кеңестерде қаралатын болады. Басқа санаттағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларында қаралады. Бұған дейін аудан әкімдеріне қатысты істер Тәртіптік кеңестерде қаралса, енді “А” корпусындағы қызметшілердің істері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияда немесе оның тапсырмасы бойынша облыстың кадрлар комиссиясында қаралатын болады. Ұлттық комиссияның үстіміздегі жылғы 5 қарашадағы хаттамалық шешіміне сәйкес аудан әкімдеріне қатысты тәртіптік істерді қарастыру құзыреті облыстық кадрлар комиссияларына және Тәртіптік кеңестерге берілді, – деді Дулат Тайшабай.  

Дулат Қаратайұлының айтуынша, “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту; лауазымын төмендету; атқаратын лауазымынан босату түрлеріндегі жаза енгізілген.

Тәртіптік кеңестер бұрын консультативтік-кеңестік орган болса, өзгерістерге сәйкес алқалық органдар болып табылады. Тәртіптік кеңес хатшыларына қызметтік тексеру жүргізуге өкілеттік жүктелген.

Жиында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасап, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың есебін жүргізу мәселелері, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған әрекеттерді қарастыру және тәртіптік жазаға тарту тәртібін сақтау жөніндегі тәртіптік комиссиялар жұмыстары туралы баяндалды. Аудандар мен Петропавл қаласы әкімдері аппараттарында бірыңғай кадрлар қызметін және атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссияларын құру бойынша жүргізілген жұмыс жөнінде айтылды.

Семинар-кеңес барысында заңнамаға енгізілген басқа да өзгерістер мен толықтырулар туралы түсініктемелер берілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp