«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МИНИСТРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУДІҢ жағдайы талқыланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәрсенбі күні өңірімізге жұмыс сапарымен Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев келді. Сол күні министр мен облыс әкімі Самат Ескендіров жауапты ведомстволардың басшыларымен, құрылысшылармен кеңес өткізді. 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Ақан Қажкенов өңір жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Үстіміздегі жылы 304 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 42 адам қаза тапқан. Жол апаты – 8, ал адам шығыны 27 пайызға төмендеген көрінеді. Қолға алынған шаралардың арқасында мас жүргізушілердің кесірінен болатын жол апаттары – 4 пайызға, жаяу жүргіншілердің кесірінен орын алған апаттар 20 пайызға төмендеген. Бүгінде жол-көлік оқиғасының 80 пайызы жүргізушілердің кесірінен болады, деді департамент бастығы.

Ал 2013 жылы жүзеге асырылып жатқан республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу мен қайта жаңарту жұмысын және 2014 жылғы жоспарды тілге тиек еткен “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ның басқарма төрағасы Ерік Сұлтановтың айтуынша, өңіріміздегі 375 километр жолдың жағдайы республикалық көрсеткіштен де нашар. Үстіміздегі жылы жергілікті жердегі республикалық маңызы бар жол желілерін дамытуға 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Петропавл мен Көкшетау қалаларының ортасындағы 62 километр жол 2015 жылға дейін толықтай пайдалануға берілуі мүмкін. Сондай-ақ өңіріміздегі республикалық жолдарда жол-көлік оқиғалары көп орын алуда. Мәселен, жол-көлік оқиғасы – 48 пайызға, дене жарақатын алу 2 есе артқан.

Өңір жетекшісі Самат Ескендіров министрден қаламыздың оңтүстік қақпасындағы жолды жөндеуге қол ұшын беруді сұрады. Қаланың шетінде орналасқан Жамбыл көшесіндегі көпірден бастап 11 шақырымдық жолды қайта жаңарту жұмыстарына 100 миллион теңге қаржы қажет.

Жергілікті желілер бойынша орындалып жатқан жұмыстардың сапасын дамыту мен нығайту жөніндегі жоспар туралы баяндаған Көлік және коммуникация министрлігінің Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 1 миллиард 500 миллион теңге бөлінгендігін жеткізді. Келер жылы бұл қаржы 2 миллиард 600 миллион теңгеге көбеймек. Жол жөндеуге бөлінетін қаржы көлемі ғана емес, атқарылған жұмыстың сапасын бақылау да күшейтілуі керек. Мәселен, министрлік өңірімізге комиссия жіберіп, олар 12 нысанды тексерген. Тексеріс нәтижесінде пайдаланылған материалдың сапасына қатысты 24 бұзылыс анықталған. Сондай-ақ сапаны бақылауда да ағаттық кеткен. Осы орайда Амангелді Әуезханұлы облыс әкіміне бақылау қызметтерін заманауи зертханалармен жарақтандыру қажеттігін жеткізді. Бүгінде өңіріміздегі 3 мың километр жолдың жағдайы қанағаттанарлықсыз. Мұның бір себебі ретінде Амангелді Беков жол жөндеуге өңірімізге басқа облыстармен салыстырғанда аз қаржы бөлетіндігін атады. Алайда, облыс әкімі Самат Ескендіров өңіріміздің жол жөндеуге қаржы бөлу жағынан көштің соңында емес, алтыншы орында тұрғандығын атап өтті. Әрі жыл сайын облыстық бюджеттен аталмыш мақсатқа бөлінер қаржыны ұлғайтатындықтарын, осы орайда бізге тиесілі республикалық трансферттің де көлемін көбейтсе деген ұсынысын жеткізді.

– Мердігерлердің жұмысы ұдайы тексеріліп тұрады. Жуырда бір мердігер тапсырылған аумағын үш рет жөндеді. Сенімнен шыққан құрылысшыларға бұдан былай жұмыс берілмейді, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Ал Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов автомобиль жолдарының ұзындығы жағынан елімізде үшінші орын алып отырған облысымызда қиыршық тас төселген көтерме жолдардың үлесі басым екендігін айтты. Өңіріміздегі автомобиль жолдарының дені осыдан 30-40 жыл бұрын салынғандықтан, олардың бүгінгі жағдайы айтпаса да түсінікті. Бүгінде облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың 3690 километріне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажет. Жергілікті маңызы бар автожолдарда 36 көпір болса, оның 12-сі апатты жағдайда. Су өткізетін 1520 құбырдың 230-ында қауіпті ақау бар. 2014 жылы жергілікті маңызы бар автожолдарды қайта жаңартуға, жөндеуге және ұстауға қаржыландырудың барлық көздерінен 5 миллиард 300 миллион теңге қаржы бөлінбек. Оның 2 миллиард 600 миллион теңгесі – республикалық бюджеттен, қалғаны – облыстық бюджеттен. Аталмыш қаржымен “Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово” бағытындағы 6,5 километр автомобиль жолы қайта жаңартылып, 150 километр автожолда және 2 көпірде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp