«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХ ТАРЛАНБОЗЫ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл облыс орталығындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік универси-тетіне академик М.Қозыбаевтың есімі берілгеніне 10 жыл толды. Осыған байланысты кеше аталмыш оқу орнында “Қозыбаев оқу – 2013” Қазақстан әлемдік мәдени-өркениет үдерісінде” деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Алдымен облыс әкімі Самат Ескендіров пен конференцияға жиналған зиялы қауым өкілдері СҚМУ жанындағы М.Қозыбаевтың мүсініне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.  

Бұдан кейін конференцияны ашқан СҚМУ ректоры Оңдасын Әшімов өмірінің соңына дейін 100-ден астам ғылым докторы мен кандидаттарын әзірлеген ғалымның ел тарихын жазудағы теңдессіз үлесін атап өтті. Содан да болар, халықаралық конференцияға қатысып, өз ойларымен бөлісем деген ғалымдардан 300-ге тарта еңбек түскен көрінеді. Ал конференцияның ашылуымен құттықтаған өңір жетекшісі Самат Ескендіров:

– Атақты ғалымның өмірі мен еңбек жолы жас тарихшыларға өнеге. Ел тәуелсіздігінің зиялы қауым алдына қоятын жауапкершілігі мол. Оны Манаш ағамыздың еңбектерінен де байқауға болады. Манаш Қабашұлының жарты ғасырға жуық уақытта жазған мыңға жуық еңбегі – зор қазына, асыл мұра, – деді.

Ал Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Сағадиев “Қырғыздың Манасы, қазақтың Манашы бар” деген құрметке лайық болған тарихшының ғылымда ашқан жаңалықтары мен қайраткерлігіне кеңінен тоқталды. 37 жасында ғылым докторы болған Манаш Қабашұлы қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарын ашып, айтылмаған шындықты қоғам назарына жеткізді. Қалың қазақтың қатарын сиреткен аштық жайлы да бірінші болып айтқан – Манаш Қозыбаев. Содан да болар, аға буын – ілтипатпен, орта буын құрметпен қараған, жас буын еліктеген ғалым әлі күнге дейін елдің есінде.

– Осыдан 10 жыл бұрын Манаштың аты берілген Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті атақты ғалымның еңбегін насихаттауға зор үлесін қосып келеді. Бүгінде оқу орнында “Манаштану” пәні оқытылады. Мен университеттің тарихшы оқытушылары мен студенттері ғылым жолында талай жаңалықтар ашады деген сенімдемін, – деді ғалымның зайыбы Сара Қозыбаева.

Конференцияның пленарлық отырысында отандық және шетелдерден келген ғалымдар Манаш Қозыбаев және мәдени мұраны сақтаудағы мәселелер жөніндегі ойларымен бөлісті.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp