Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жамбыл ауданынан қалаға қоныс аударған Жандос Қазиев өзінің табыс көзін Қызылжар ауданындағы “Петерфельд-Агро” ЖШС-нен тауып отыр. Облыс орталығына жақын елді мекенде орналасқан аталмыш кәсіпорын мал және егін шаруашылығымен қатар айналысады. Жандос алғашқы жылы мал шаруашылығында еңбек етсе, биыл егін орағына қатысқан. Механизаторлық кәсіптегі еңбек өтілі 25 жыл саналатын ол техника “тіліне” жетік.
– Туған ауылым кеңшар болып тұрған кезде жолаушылар тасымалдайтын көлікті жүргіздім, механизатор да болып еңбек еттім. Жақсы еңбек қашанда жоғары бағаланады. Сондықтан Петерфельдтегі шаруашылыққа жұмысқа орналасқаннан-ақ, бар күш-жігерімді салып еңбек етіп жатырмын. Ұжымға сіңісіп, әкімшілікпен тіл табысып кеттім. Қаладан қатынап жұмыс істеймін. Жеке көлігіме жағармайды шаруашылық тегін береді. Ал егер осында түнеймін десем, жатақхана бар. Еңбекақымды ренжітпей төлеп жатыр, – дейді еңбеккер.
Аталмыш шаруашылық үшін биылғы егін орағы ойдағыдай аяқталды. Жандос Әскерұлы да серіктестік әкімшілігінің еңбек төлеміне разы. Рапс жинаумен айналысқан ол бір жарым айдың ішінде 300 мың теңгеден жоғары табыс тапқан. Бүгінде ол қайтадан мал шаруашылығына ауысып, сонда өз нәпақасын тауып жүр. Жандос сияқты қолы епті жігіттер ешқашан жұмыссыз қалмасы сөзсіз.
СУРЕТТЕ: Ж. Қазиев.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.