«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА БАСҚАРМА ЖАҒДАЙДЫ ТҮЗЕЙ МЕ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазір елімізде еңбек етуге ниетті адамдарға барлық жағдай жасалған. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласында баса айтылды. Дегенмен, Еңбек кодексіндегі заңдылықтар мен талаптар барлық жерде бірдей сақтала бермейді. Еңбекті қорғау, еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек қауіпсіздігін сақтау секілді мәселелерді шешу бір жүйеге келтірілуде. Өйткені, бұған дейін орталық атқарушы органға бағынышты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің құзырында болған еңбек инспекциясы өз алдына “отау” тігіп, биылғы 10 шілде күні “Солтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы” мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Жаңа басқарманың басшысы, облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Амантай Сейфуллинмен құрылымның ерекшеліктері, алдағы міндеттер жайында әңгімелестік.

– Амантай Қаратайұлы, жергілікті атқарушы орган саналатын жаңа басқарманың басты міндеті неде?

– Еңбек инспекциясының басты міндеті – еңбек заңдылықтарын тексеріп, еңбек қатынастарын реттеу, еңбек қауіпсіздігін сақтауды бақылау. Өндірісте орын алатын жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру де еңбек инспекторларының міндетіне жатады. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы, болмаса ұжымдық дау-жанжалдарды реттеуге ықпал етуде мемлекеттік еңбек инспекторларының атқарар жұмысы ерекше.  

– Төккен маңдай тердің өтеуін қадағалау мемлекеттік еңбек инспекторларының міндетіне жүктелетіні белгілі. Алайда, мемлекеттік еңбек инспекторлары кез келген мекемені тексеруге құқылы ма?

– Еңбеккерлер мүддесін еңбек инспекторы ғана қорғайды. Еңбек инспекторларының араласуымен болатын мемлекеттік бақылау жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтініші, арызы бойынша жүргізіледі.

Облыстық еңбек инспекциясының штаттық кестесінде 18 қызметкер еңбек етеді. Мемлекеттік еңбек инспекторларынан басқа, бұл тізімде кадр бөлімінің маманы, заңгер, басқарма басшысы да бар. Қазір өңірдегі барлық кәсіпорындарда еңбек заңдылықтарын қадағалау ісімен 12 мемлекеттік инспектор айналысады. Басқармаға қойылған талап жоғары. Сондықтан болашақта кадр мәселесін шешу жұмыстарын жолға қоятын боламыз.

– Басқармадағы еңбек инспекторлары жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарды?

– Биылғы қаңтар-қазан айларында облыс аумағында орналасқан бес жүзден астам кәсіпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға тексеру жүргізілді. Осындай тексерулер барысында еңбек заңнамаларын бұзудың 1511 фактісі тіркелді. Айыппұл салу түрінде 41710,1 мың теңге сомасында 724 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай тәртіп бұзушылықтар, негізінен, еңбек қатынастары ережесін, еңбек қауіпсіздігі мен қорғау шарттарын сақтамауға байланысты орын алды.

Есепті кезең ішінде облыстың құқық қорғау органдарына 64 материал жіберілді. Лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болуын анықтау үшін 31 іс – облыстық Ішкі істер департаментіне, 24 іс – сот органдарына, 9 іс прокуратураға жолданды. Еңбек инспекторлары заңнамада белгіленген тәртіпте еңбек қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтін және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 15 өндірістік қондырғы мен нысанның жұмысын анықталған кемшіліктер толық жойылғанша тоқтатты.

Біздің басқарма басқа да мүдделі мекемелермен бірлесе отырып, биыл 1409 ұйым, мекеме басшыларын, еңбекті қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды кәсіптік оқудан және аттестаттаудан өткізді. Есепті кезең ішінде пайдалануға 41 нысан қабылданды. Еңбек инспекторлары қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталмағаны туралы 519 жазбаша өтініштері мен шағымдарын қарап, ол бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Жыл басынан бері өңір аумағындағы өндіріс орындарында 53 бақытсыз жағдай болып, 6 қызметкер қайтыс болды. Олардың негізгі себептері өндіріс жұмыстарын қанағаттанғысыз ұйымдастыру, жарамсыз машиналарды, механизмдер мен қондырғыларды пайдалану, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережесін сақтамау, еңбектің қауіпсіз тәсілдерін білмеу, апаттар, зардап шегушілердің бейғамдығы болып табылады. Сөзіміз нақты болуы үшін бір мысал келтірейік. Биылғы орақ науқаны барысында Ақжар ауданында қайғылы оқиға орын алды. 20 қазан күні кешқұрым егіндік басында “Есіл” комбайнының бункерінде астық толғандығын білдірген шам жанған. Бидай тиеп алуға келген “К-700” тракторының жүргізушісі комбайншының өлі денесін тауып алған. Марқұмның киімі абайсызда комбайнның масақты элеватор жұлдызшасына ілініп, айналымға тартылып кетіпті. Мемлекеттік еңбек инспекторы оқиғаның себептерін тиісті орындармен бірге тексеріп, материалды арнайы зерттеуге СҚО ІІД-іне жіберді. Еңбек қауіпсіздігі шарттарын сақтамаған “Лұқпанов” ЖШС-іне акт рәсімделді, марқұмның отбасысына материалдық көмек көрсетілді.

– Бір кезде қызметкерлердің айлық еңбекақысын уақтылы төлемеу оқиғалары жиі кездесетін. Қазір экономиканың дамуына байланысты бұл мәселе оң шешімін тауып жатыр. Бірақ кемшіліктер әлі де кездеседі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қабылданған шараларға қарамастан, жалақы бойынша берешек сақталып отырғаны атап көрсетілді.

– Мемлекеттік еңбек инспекторлары айлық еңбекақыны уақтылы төлеу мәселесі бойынша биыл 144 кәсіпорынды, ұйым мен мекемені тексерді. Соның нәтижесінде еңбекақы бойынша 491,4 миллион теңге қарыздың 453,1 миллион теңгесі төленді. Біздің басқарма мен облыстық прокуратура жүргізілген тексеріс негізінде үш айдан асқан еңбекақы бойынша қарызы бар кәсіпорындарға апта сайын мониторинг жүргізеді. Бүгіндері қарыз сомасы 38,3 миллион теңге болатын бес кәсіпорын мониторингте тұр.

Петропавл қаласындағы “Фирма “Строитель” ЖШС-і қызметкерлеріне – 9,2 миллион теңге қарыз. Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімінен серіктестікке оңалту рәсімі енгізілді. Қазір кредиторлардан талап арыздар қабылдануда. “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-ның берешегі 19,3 миллион теңгеге жетті. Сонымен қатар мониторингке “Севимсталькон” ЖШС-і, Тайынша ауданындағы “Биохим” АҚы, Аққайың ауданындағы “Новороссийское АТП-С” ЖШС-і алынған. Олардың әрқайсысында еңбекақы берешегін қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Есепті кезең ішінде айлық жалақыны уақтылы төлеу жөніндегі мемлекеттік еңбек инспекторының ұйғарымын орындамаған 17 кәсіпорын басшыларының ісі әкімшілік сотқа жіберіліп, олар жауапкершілікке тартылды.

Биылғы тамыз-қыркүйек айларында облыстық прокуратура мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өңіріміздегі ауыл шаруашылығы құрылымдарын қызметкерлеріне еңбекақысын уақтылы төлеуге байланысты қолданыстағы еңбек заңнамаларының талаптарын бұзуды анықтау бойынша тексеріс жүргізді. Анықталған қарыз фактілері бойынша ұйғарымдар жолданды, кінәлі жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексерістер нәтижесінде бүгіндері еңбекақы бойынша қарыздар түгел төленді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға міндетті зейнетақы жарнасына қосымша кәсіптік жарна төлеу енгізілмек. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын енгізуді түсіндіру мақсатында облыстық Бақылау және тұрғындарды әлеуметтік қорғау департаменті, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы, облыстық кәсіподақтар кеңесі және басқа да мүдделі органдар өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Оның мүшелері Петропавл қаласындағы “Единство”, “Изолит”, “Ремплазма”, “Гедеон”, “Петропавл жылу желілері”, “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “ЗИКСТО”, “ПЗТМ”, “Киров атындағы зауыт”, “Мұнаймаш” акционерлік қоғамдары сияқты көптеген кәсіпорындарына барып, семинар-кеңестер өткізді.

2014 жылдың 1 қаңтарынан зиянды жұмыс орындарында еңбек ететін адамдарға жұмыс берушілердің қаржысы есебінен зейнетақы жарнасына міндетті кәсіптік жарналар аударылады. Зиянды өндірістер, жұмыстар, мамандықтар тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайды. Қолданыстағы заңнамаларға енгізілген мұндай өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде жұмыс берушіге қаржылық жүктеме түспейді, өйткені кәсіптік зейнетақы жүйесіне аударылатын сома салық төлемін алу кезіндегі есепке енгізілетін болады. Сонымен қатар бұл өзгерістер жұмыс берушінің өндірістегі еңбек жағдайын жақсартуға мүдделілігін арттырады. Кәсіптік зейнетақы жарнасын төлеу мәселесі ұжымдық келісімшартта міндетті түрде жазылып көрсетілуі тиіс. Мемлекеттік еңбек инспекторлары бұл шарттың міндетті түрде орындалуын бақылайтын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Зарап ҚҰСАЙЫНОВ.

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp