Облыстық телеарнаның тікелей эфирі арқылы өтіп жатқан брифингтердің бұл жолғы қонағы Аққайың ауданының әкімі Қайрат Қасенов болды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қайрат Қасенов алдымен аудандағы атқарылған істерге тоқталды. Аққайыңдықтар биыл 214 мың гектардан астам жерге ырыс дәнін сіңірген. Өнім берекелілігі 14,2 центнерден айналып, қамбаға 258,1 мың тонна астық құйылған.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ауданда “Икеа Тасс Групп” ЖШС-нің элеваторы салынуда. Жоба құны – 1 млрд. 700 млн. теңге. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы негізінде “Виталмар Астық” ЖШС-нің астық қабылдау пунктінің құрылысы жүргізілуде. Құны 5 005,3 мың доллардың жобасы 35 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қайрат Қасеновтің есебін тыңдағаннан кейін журналистер аудан басшысына өз сауалдарын жолдады. Өткен жылы “Леонов” ШҚ және “Полтавское” ЖШС-нің шетелден әкелінген малдары ауру болып шығып, жойылған болатын. Кәсіпкерлердің қазіргі тұрмыс-тіршілігі баспасөз өкілдерінің назарынан тыс қалмады. Бұл жөнінде аудан әкімі былай деп жауап қатты:
– “Леонов” шаруа қожалығы осы айдың ішінде 250 бас мал әкеледі. Соның арқасында шығын толығымен өтеледі. “Полтавское” бойынша да жағдай осындай, бұл серіктестік те жыл соңына дейін шетелден мал әкелуі тиіс. Бұл мәселеде “Қазагроқаржы” қолдау көрсетуге әзір.
Үстіміздегі жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасының аясында Смирново ауылының жолдарын жөндеуге 8,7 млн. теңге бөлініп, 4480 ш.м. аумақ қиыршық таспен жабылған. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы негізінде 15,2 млн. теңгеге Смирново-Қиялы-Черкасское-Новороссийское бағытындағы жол (2486 ш.м.) жөнделген. Дайындық ауылына қатынайтын 1,5 км. жолға қиыршық тас төселген. Десек те, аудандағы жол мәселесі әлі де өзекті. Журналистерді, әсіресе, Смирново мен Трудовое ауылының жағдайы қызықтырды. Мұнда жолмен қатар жарық, су мәселесі толық шешілмеген. “Жол мәселесіне келер болсақ, бұл сала мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша шешімін табады деген ойдамыз. Қазір бұл мәселені шешуде аудан кәсіпкерлері көмек көрсетуде. Бүгіндері 12 жобалық-сметалық құжат дайындалды. Тек Смирново елді мекеніндегі 8 шағын жолды қалыпқа келтірмекпіз. Трудовое ауылына келсек, жолға жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасалды. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің қолдауымен бұл мәселе шешімін табады деген үміттеміз. Ал ауызсу мәселесіне қатысты айтар болсақ, қазір 20 ауылға су тарту үшін 7,2 млрд. теңге қаржы қажет”, – деді аудан әкімі.
Ауданнан көшіп кеткен отбасылар саны артқан. “Бұған не түрткі болуы мүмкін?” деген журналистердің сауалына Қайрат Қасенов аудандағы жалақының аздығы мен жұмыстың жоқтығын себеп етті.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.