Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінде жаратылыстану-математика пәндері бойынша VI президенттік олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Оған “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Гүлнұр Базлуова қатысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Президенттік олимпиада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес жалпы білім беретін білім мекемелерінің 11-сынып оқушылары арасында математика, физика, химия, биология пәндерінен өтті. Оның 31 қазанда өткен алғашқы өңірлік кезеңіне облыс мектептерінің 182 оқушысы қатысты. Соның қорытындысы бойынша 20 оқушы облыстық кезеңде бақ сынады. Оның ішінде 5 оқушы аудандық мектептерден. Олар – Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның №1 Новоишим орта мектебінің, Қызылжар ауданының Новоникольск орта мектебінің, Айыртау ауданының №1 Саумалкөл орта мектебінің, Шал ақын ауданының Евней Букетов атындағы мектеп-гимназиясының және Мамлют мектеп-интернатының оқушылары. Қалған 15 оқушы Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат пен жалпы білім беретін қалалық бірінші лицейдің (әрқайсысынан 4 оқушыдан), дарынды балаларға мамандандырылған облыстық “ЛОРД” мектеп-лицейі мен дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінің, №32 орта мектептің (әрқайсысынан 2 оқушыдан) және №43 мектептің (1оқушы) шәкірттері.
Олимпиаданың облыстық іріктеу кезеңінде оқушылар екі турда сыналды. Жаратылыстану-математика бағытындағы президенттік олимпиаданың бірінші туры республиканың барлық өңірлерінде бір уақытта басталды. Оның жұмысына “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы қашықтықтан басшылық етті. Барлығы 40 сұрақты (әр пәннен 10 сұрақтан) орындауға 120 минут уақыт берілді. Қатысушылар тапсырмаларды оnline режимінде орындады.
Екінші турда эссе жазды. Оған 45 минут уақыт бөлінді.
Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінің нәтижесі алдағы аптаның соңында белгілі болады. Онда оза шапқандар желтоқсан айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды.