«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОРҒЫ СТАНСАСЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР, ал ауылға құбыр тартылуын тағы тосу керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Құралай ауылының тұрғындары үшін таза ауызсу мәселесі өзектілік танытқалы қашан?! Кеңес Одағы ыдырай бастаған жылдары ауылға дейін тартылған ескі су құбыры жарылып, ол жөнделмей қалғаннан бері құралайлықтар таза судың зардабын көріп келеді. Елді мекендегі агроқұрылымның қолдауымен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Қарақоға ауылынан көлікпен су тасылып жүргеніне де 6-7 жыл. Әлбетте, мұндай тірлік тұрғындардың ренішін туғызары сөзсіз. Серіктестік бұл істі жауапкершілікпен атқаруға тырысқанымен, екі ауыл арасына қатынайтын жолдың нашарлығынан жауыншашын көп болса, құралайлықтардың сусыз қалатын күндері жиілеп кетеді. Осындай кезде тұрғындар ауыл маңында суы таза көл мен тұщы су шығатын бірліжарым құдықтың бар болғанына тәубелерін айтады. Ауылдың сумен қамтамасыз етілген-етілмегенін көше бойына қатарластыра қойылған флягаларға қарап анықтауға болады. Алайда, 320 тұрғыны немесе 89 отбасысы бар ауыл үшін бұл тәсілдің тығырықтан шығармасы айдан анық.

Өткен жылы ауыл маңына жаңа су құбырлары жақындатылған кезде тұрғындар бір қуанып қалса, биыл жыл басында ауыл іргесіне сорғы стансасы салынатынын естіген кезде төбелері көкке жеткендей болды. Бірақ тұрғындар бұл жағымды жаңалық жылдың соңғы айына дейін созылып кетеді деп күмәнданбаған еді. Енді, міне, суды өздеріне қажетінше тасып ішер күнді аңсаған олар бүгінде бітпей жатқан құрылыс жұмыстарына қарап, көңілдері құлазиды.

– Аталмыш жобаның түсініктеме құжатында нысанның құрылысы 9 ай мерзімінде жүргізілетіндігі көрсетілген. Бірақ ол біздің қолымызға тиген кезде тапсырыстың орындалуына үш-ақ ай қалған болатын. Себебі, бірінші жарияланған тендер өтпей қалып, екінші тендер өткізілген кезде 22 тамыз болып қалғантын. Біз келесі күні келісімшартқа отырғанымызбен, ол алаңдарда құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағаздары дайын болмай, оны тосып, тағы екі айға жуық жай отырдық. Жеме-жемге келген кезде үш нысандағы құрылыс 15 қазан күні ғана басталды, – дейді мердігер құрылыс компаниясының бас инженері Виктор Самусенко.

Биыл республикалық бюджеттен 132 миллион теңге бөлініп, оған Қарақоға, Лебяжье, Құралай ауылдарында сорғы стансасы алаңын салу жоспарланған. Олардың құрылысын жүргізіп жатқан “Перспектива” ЖШС 1 желтоқсанда нысандарды тапсыруға тиіс.

Оған тапсырыс беруші екінші жақ аудандық Құрылыс бөлімі болса, оның басшысы Александр Ушаковтың айтуынша, аталмыш компания – су тарату жүйесі құрылысында тәжірибелі және өзін жақсы жағынан көрсетіп жүрген серіктестік. Сондықтан олардың бұл жолғы жұмыстарының да сапасы ойдағыдай болады деген сенімі мол.  

– Құрылыс жоспар мен нақты белгіленген кесте бойынша кешіктірілмей атқарылса, онда ешқандай ауыртпалық туындамайды. Қоғамымызда, дәлірек айтқанда, біздің салада тендерлердің кеш ұйымдастырылуы құрылысшыларға үлкен қолбайлау жасауда. Биыл да біз мамыр айына дейін ешбір нысан болмай, қол қусырып, жай отырдық. Мұндағы тұрақты жұмыс істейтін еңбеккерлердің де отбасылары бар, оларды асыраулары керек. Осылайша күтумен көп уақытымызды өлтіреміз. Осы жерде мемлекеттік тапсырыс заңындағы қайшылықтарды жоюдың жолдары табылса деген тілегімізді айтқым келеді, – деді мердігер Виктор Самусенко.

Құралай елді мекенінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания белгіленген мерзімде нысанды тапсырса, ауыл тұрғындарына жаңадан салынған сорғы стансасынан қажетті су тасып ішуге мүмкіндік туады. Бұл – бір мәселе. Құралайлықтарды толғандыратын екінші мәселе – аталмыш сорғы стансасынан ауыл ішіне құбыр тарту жұмыстары қашан жүргізілетіндігі. Бұл шара да оған жобалық-сметалық құжаттың жасалуына, оның мемлекеттік сараптамадан өтуіне, кейін тендер болып, мердігермен келісімшарт жасалуына, соңында ол құрылыс компаниясының жауапкершілігіне қарай істің нәтижелі бітуіне келіп тіреледі. Сондықтан бүгінде Құралай ауылының көше бойына құдықтар орнатылып, одан әркім қалауымен өз орамына су тартып алатын күннің қашан туатынын ешкім кесіп айта алмайды.    

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp