«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭТНОСАРАЛЫҚ ТӨЗІМДІЛІКТІ САҚТАУДА журналистерге жүктелетін жауапкершілік зор

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

14-15 қарашада Астанада БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық то­леранттылық күніне орай Қа­зақстан халқы Ассамблеясының халықаралық медиа-форумы болды.

Аталмыш медиа-форумды Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА), Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктері бірлесіп ұйымдастырды. Оған мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, елшіліктер мен дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, отандық және шетелдік БАҚ журналистері, еліміздің барлық өңірлерінен келген ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.  

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде медиа-форумды ұйымдастырушылар мен қонақтардың БАҚ өкілдерімен кездесуі болды. Шараны ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко ашып, жүргізіп отырды. Спикерлер қатарында АҚШ-тың Огайо штаты университетінің магистрі, Солтүстік Каролина университетінің философия докторы, Назарбаев Университетінің доценті Хэл Фостер, М.В.Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультеті деканының орынбасары Петр Шульцман, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, ҚХА Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи және басқалар болды.

Леонид Прокопенко бұл медиа-форумның ҚХА Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туралы берген тапсырмасына орай ұйымдастырылғанын айтты. Этносаралық толеранттылықты қамтамасыз етудегі БАҚ-тың міндетін айқындау осы медиа-форумның басты мақсаты болып табылады.

Жиында алғашқы болып сөз алған Хэл Фостер Қазақстандағы этносаралық төзімділік пен конфессияаралық келісімнің әлемнің көптеген елдеріне үлгі болатынын атап айтты. Бұл мәселеге америкалық мамандар да көңіл аударып, соңғы жылдары өздерінің зерттеу нысанына айналдырып отыр.

Петр Шульцман: “Мен осы форумға қатысушылардың бәрінде этносаралық төзімділікке деген оң көзқарас қалыптасатынына сенімдімін. Әрине, бұл істе Ассамблеяның жасап жатқан істері ұланғайыр екенін сезіп отырмын. Бұл істердің, әсіресе, жастар арасына тарағаны жөн болар еді”, – деген пікір білдірді.

Ғаділбек Шалахметов: “Егер ХХ ғасырда біз атом бомбасынан қорыққан болсақ, ХХІ ғасырдағы адамзат үшін қорқыныш тудырып отырған мәселе – этносаралық және конфессияаралық төзімсіздік, көзқарастардағы қайшылықтар. Мен осыны 20 жыл бұрын түсініп, ядролық қарудан алғашқы болып бас тартып, Қазақстан халқы Ассамблеясы атты жобаны іске қосқан Президентіміздің ісін қазақстандықтар мақтан тұтуы керек деп ойлаймын. Енді сол жобаның арқасында біз этносаралық және конфессияаралық қатынастардың ұңғыл-шұңғылын түгел ашып, оның қайнауы жеткен проблемаларын шешуге мүмкіндік алдық. Ал кейбір аймақтар, соның ішінде Еуропа елдері мен Ресей де әлі күнге мұндай проб­лемаларды бүркемелеп, тоқып, олардың ашылуынан қаймығып отыр”, – деді.

Медиа-форумға қатысушылар Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ этностық және діни төзімділік жөніндегі ЮНЕСКО және Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраларын аралап көрді. Содан кейін халықаралық сарапшылардың бұқаралық дәрістері мен шеберлік сыныптары болды.

Белгілі ғалым, ЕҰУ ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Әділ Ахметов өзінің бұқаралық дәрісінде: “Емшінің жақсысы – ауруға ауру қоспау” дегендей, ақпаратты дәл, шынайы жеткізу журналистің басты мақсаты болуы керек. Журналист шындықты темірқазық етіп ұстауы қажет. Сонда ғана оның абыройы арта береді”, – деген ойын айтты.

Хэл Фостер өз дәрісінде адамдардың бір-біріне деген құрметі қашанда алғашқы орында тұруы керек деген ой айтты. Нәсілшілдікке байланысты кемсітушіліктерден журналистердің өте абай болуы қажеттігін ескерткен америкалық ғалым ізгілік бар жерде ғана жақсылық болатындығына сенетінін білдірді. Ол өзінің білім іздеген жастар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолынан келгенінше көмегін аямайтындығын жеткізді.

ЕҰУ-де Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған “Аңсар – 2013” әдеби байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Байқауға 14 жастан бастап 30 жасқа дейінгі журналистика, поэзия және прозамен айналысатын жастар қатысқан. Қазылар алқасының қарауына барлығы 200-ден аса шығарма ұсынылыпты. Жеңімпаздардың бәрі де – студенттер. Тараздық Гүлжайнар Сейітжанова – жылдың ең үздік жас қаламгері, астаналық Назым Кенжебаева – жылдың ең үздік жас тілшісі, талдықорғандық Сырым Әбіл жылдың ең жас ақыны атанды.

Медиа-форумның екінші күнгі негізгі шаралары елордадағы “Қазмедиа орталықта” өтті. Жиынға қатысушылар алдымен үлкен залға орналасты­рыл­­ған этномәдени бірлестіктер БАҚ-тарының көрмесін тамашалады. Соның ішінде Қазақстан корейлері этномәдени бірлестігінің “Коре Ильбо” газетінің 90 жылдық тарихына ерекше назар аударылды. Аталған газет корейлер Қазақстанға жер аударылмай тұрған сонау 1923 жылы Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск, Владивосток қалала­рын­да жарық көре бастаған екен. Ал корей халқының өкілдері Қа­зақстанға күштеп жер аударылғанда аталмыш газет қызметкерлері баспахана құрал-жаб­дықтарын өздерімен бірге тығып әкеліпті. Олардың осындай жанқиярлығының арқасында басылым 1938 жылдан бері Қазақстанда шығарылып келеді.

Медиа-форум­ның пленарлық отырысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, жүргізді. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев құттықтау сөз сөйледі. Ол: “Медиа-форумда талқыланатын мәселелердің барлығы да БАҚ-тардың этносаралық толеранттылықты қамтамасыз етіп, халық бірлігін нығайтудағы рөлін арт­тыруға ықпал етуді мақсат етеді. Этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім – біздің еліміздің ең басты құндылығы, бұл қағидаттар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясында атап көрсетілген”, – деді.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан корейлері қауымдас­ты­ғының төрағасы Роман Ким кейбір БАҚ-тардың кейде тым асы­ғыстыққа ұрынып, өздерінің атын шығаруға ұмтылатындығын, өмірде болып жататын тұр­мыстық кикілжіңдерден этнос­аралық сипат іздегілері келе­тіндігін сынады. Он­дай БАҚ-тар қоғамымызда орынды алаң­даушылық туғы­зады, деді ол.

Медиа-форум жұмысы панельдік пікірталастарға ұласты. Бірінші пікірталас алаңы “БАҚ бетінде бейбітшілік пен ке­лісім идеясын насихаттау­да Журналистер клубының орны” деген тақырыпқа арналды. Отырысты белгілі қаламгерлер” ҚХА жанындағы Журналистер клубының төрағасы Ғаділбек Шалахметов пен “Бас редакторлар клубы” ҚБ пре­зиденті Кенжеболат Жолдыбай жүргізді. Олар әуелі ҚХА жанындағы Журналистер клубы мен “Бас редакторлар клубы” ҚБ арасында ынтымақтастық жайлы келісімге қол қойды.

“Қазмедиа орталығы” медиа мектебінің директоры, белгілі журналист Дана Рысмұхамедова өзі басқаратын оқу орнының қызметімен таныстырды. Ол қазіргі заман талабына сай жаңашылдықпен жұмыс істейтін кадрлар даярлау мақсатында облыстардағы БАҚ-тармен бірлесе жұмыс істеуге ынталы екендіктерін де білдірді.

Қазақстан халқы Сол­түстік Қазақстан облыстық ас­самблеясы Журналистер клубы­ның төрағасы Кә­рібай Мұсырман республикалық қазақтілді газеттердің Петропавл және Павлодар қалаларының атаулары сияқты көкейкесті ономастикалық мәселелерді жазғанда көбінесе жергілікті жерде қалыптасқан нақтылы жағдайды ескермей, “тисе – терекке, тимесе – бұтаққа” қағидатын ұстанатындығын сынға алып, бұл тақырыпты Бас редакторлар клубында арнайы қарауды ұсынды.

Пікірталасты қорытындылаған Ғаділбек Шалахметов ҚХА-ның өз теледидарын ашу қажет деген ұсыныс енгізіп, оны осы жиынға қатысушылар бірауыздан мақұлдады.

“Қоғамдық келісімді сақ­таудағы қазақстандық журналис­тика жүгі” панельдік пікірталасы барысында сөз алған Қазақстан татарлары және башқұрттар қауымдастығы ат­қару комитетінің төрағасы, рес­публикалық “Фикер” газеті­нің шефредакторы Ринат Аб­дул­ха­ликов бүгінде жұрт Интернетті пайдаланатындықтан, мерзімді басылымдарға, оның ішінде, этностар тілінде шығатын газеттерге сұраныстың аз екенін тілге тиек етті. Сондықтан елдегі түрлі этностар өз порталдарын ашуы керек, деді ол.

Оңтүстік Қазақстан облыс­тық “Южный Казахстан” газетінің тілшісі Алиса Масалева басылымдарда түрлі этностарға байланысты жарияланатын материалдар әдетте мерекелік шаралар төңірегінде болатынына көңілі толмайтынын айтты. Ол Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің осында қалай келгенін, қандай жағдайларды бастарынан өткізгенін баяндайтын материалдар жиірек жарияланса деген пікірін білдірді.

Халықаралық медиа-форумның қорытынды пленарлық отырысында Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, БАҚ өкілдері этносаралық, конфес­сияаралық төзімділікке қатысты мәселелерді насихаттауға мей­лін­ше жауапкершілікпен қа­рауы қажеттігін атап айтты. Медиа-форумының қорытынды қарары қабылданып, онда БАҚ-тың дамуына, оның ішінде, Мемлекет басшысының этносаралық төзім­ділікті және қоғамдық келі­сімді сақтау жөніндегі қазақ­стан­дық моделі мен бастамасын насихаттауға барлық жағ­дай жасалғаны, өркениеттер, мә­дениеттер қақтығысы жағдайын­да этносаралық және конфес­сияаралық келісімді нығайтуда БАҚ рөлінің ұлғайып келе жатқаны атап өтілген.

Отырыс соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған этножурналис­тика саласындағы “Шаңырақ” шығармашылық байқауының қо­ры­тындысы жарияланды. “Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үздік бағдарламалар, телерадио бағдарламалар” аталымы бойынша “Қазақстан-Қарағанды” телеарнасының редакторы Әшімхан Жампейісов, ал “Қазақстандағы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үздік мақала” аталымы бойынша “Акмолинская правда” газетінің журналисі Нина Митчинова жеңімпаздар деп танылды.

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp