М. Қозыбаев атындағы СҚМУ аға оқытушысы, еңбегі сіңген спорт шебері Виктор Сайконың есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
Қараша айының басында Ресейдің Архангельск қаласында гір көтеру спортынан бір уақытта әлем, Еуропа және Азия чемпионаттары өтті. Оған көптеген елдердің спортшылары қатысты.
Бұдан басқа, халықаралық гір спорты конфедерациясының өкілдері ұжымдық жарыстар өткізуді ұйымдастырды. Яғни, 300 спортшы гір тасын 30 минут бойы тоқтаусыз көтерулері керек. Айта кетер жайт, Халықаралық конфедерация Лондондағы Гиннестің әлемдік рекордтар штаб-пәтеріне алдын ала өтінім жіберген болатын.
Жарысқа қатысқандардың жасы 10 мен 70 аралығында.
Еске сала кетсек, Гиннестің рекордтар кітабына гір көтеруден ұжымдық рекорд осыған дейін енгізілген болатын. Онда 247 адам жарты сағат бойы гір тасын көтерген еді.
Бәсекеге қатысушыларға Гиннестің рекордтар кітабының медалі, гір спорты шеберлерінің халықаралық конфедерациясының естелік медалі мен Гиннес кітабының сертификаты табыс етілді.
Гір спортымен солтүстікқазақстандық спортшы 45 жасынан бастап айналыса бастаған. Қазір оның қоржынында 55 алтын медаль бар, олардың 21-ін – әлем чемпионатынан, 18-ін – Еуропа, 6-уын – Азия және 5-уін гір спорты олимпиадаларынан алған. Сондай-ақ В.Сайко – “Алтын гір” марапаты мен “Қанатты арыстан” орденінің иегері.
2014 жылы солтүстікқазақстандық спортшы гір спортынан екінші бүкіләлемдік олимпиадаға қатысуды жоспарлап отыр. Ол Эквадорда Чимборасо жанартауының шыңында, теңіз деңгейінен 5,5 мың метр биіктікте өтеді.