«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЗСУ мен ЖОЛ “ЖЫРЫ” ҚАШАН БІТПЕК? Есіл ауданының әкіміне қойылған сауал осындай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.

 “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ облыстық филиалында аудан басшыларымен апта сайын өткізілетін тікелей эфирдегі брифингтің бұл жолғы қонағы Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев болды. Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар жайы айтылып, журналистерді толғандырған сұрақтарға жауап берілді.

26 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 16 ауылдық округ және 58 елді мекен бар. Аудан әкімі Мұратбек Әбішев өз баяндамасында үстіміздегі жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің көлемі 15242,6 миллион теңгені құрағанын жеткізіп, басқа салалар бойынша да көрсеткіштерге тоқталып өтті.

– Жиналған астық танаптарының көлемі – 231,9 мың гектар, ал мал азығы дақылдары 24,7 мың гектарды құрады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, біздің аудан облыс бойынша егін жинау науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Жыл басынан бері аудан шаруашылықтары 2 миллиард 405 миллион теңгенің 197 жаңа техникасын сатып алды. Мал өсіру ісіне келсек, бұл бағытта еңбектеніп жатқан 42 шаруашылықтың 15-і асылтұқымды мал өсіруде. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі де былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ауданда “Егін” ЖШС-нің макарон цехы пайдалануға берілсе, үстіміздегі жылы “Заградовское” ЖШС-нің шағын элеваторының құрылысы басталып кетті, – деді әкім.

Ауданда 2 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Явленка ауылында тұйық циклді сүтті қайта өңдеу жөніндегі кешен құрылысының жобасын “Дарсат – ПТК” ЖШС индустрияландыру картасына енгізу бағытында жұмыс жүргізуде. Аталмыш жоба бойынша 200 бас ірі қараға шақталған ферма, сүт зауыты және жемазық цехы салынбақ. Жобаның құны шамамен 370 миллион теңге болады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ “Геобайт-Инфо” ЖШС-і Әулие аумағында (Бұлақ ауылы) алтын аралас топырақты өндіру жұмысын жоспарлаған. Жоба құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды.

Ел экономикасының табысты болуы бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға тікелей байланысты. Бүгінде ауданда 887 кәсіпкерлік субъектісі бар. Аудан басшысы тауар айналымының 31 пайызға артып, 1 миллиард 847 миллион теңгені құрап отырғанын айтты. 2013 жылдың басынан бері 4 кәсіпкерлік нысаны ашылса, жыл соңына дейін тағы да осынша шағын бизнес субъектісі іске қосылмақ. Бұл аудан жұртшылығын жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешуге ықпалдаспақ.

Ауданда “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы да табысты жүзеге асуда. Аталмыш бағдарлама аясында жеке кәсіпкер Андрей Стрелец биогумусты өндіру жобасы бойынша Назарбаев Университетінде білім алып келіпті. Оның “Экологиялық егіншілігі” еліміздегі ең үздік жоба болып танылып отыр.

Құрылыс қарқыны біршама өскен. Жыл басынан бері жалпы аумағы 2130 шаршы метр болатын 16 пәтер пайдалануға беріліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жаңа жылға дейін аудандық емхана құрылысын аяқтау жоспарда бар. Жалпы құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 25 миллион теңгенің қаражаты жұмсалған. Көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артық.

Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да аудан басшысының жіті бақылауында көрінеді. Туу көрсеткіші артып, ана өлімі тіркелмеген. Жыл басынан бері еңбекке жарамды 1707 тұрғын жұмысқа орналастырылып, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің 90,5 пайызы балабақшамен қамтылған. Жыл бойы тындырылған осы тектес игі істер аз емес.

Алайда, аудан тұрғындарын толғандырып отырған мәселелер де жеткілікті. Биыл барлық автожолдарды жөндеуге 464 миллион теңге бөлінсе, қыста қар басып, көктем-күзде жаңбырдан ми батпақ болатын ауыл жолдарында көлік қатынау жағы қиындық туғызып тұр. Әлеуметтік серіктестік аясында 5 ауылдық округте ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа 28 миллион теңгенің қаражаты жұмсалыпты. Десек те, жолсыз отырған ауылдар жетерлік. “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің меншікті тілшісі Өмір Есқали Ақтас, Бұлақ, Қарағай ауылдарына қатынайтын жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып, олардың көп бөлігін шөп, бұта басып қалғанын жеткізді. Аудан басшысы ауа райының қолайсыздығын көлденең тартып, жер қатқан соң жолдардың тегістелетінін айтты. Брифингте журналистер ауыр жүк көліктерінің кесірінен Покровка-Ильинка ауылдарының арасындағы 28 шақырым жол ойдым-ойдым болып, көлік қатынасын қиындатқаны жайында ауылдықтарды мазалаған мәселені жеткізді. Облыстық маңызға ие аталмыш жол бөлігінің жобалық-сметалық құжаты жыл соңына дейін әзірленіп, алдағы жылы салынбақ.

Елді мекендерде таза ауызсу мәселесі де өзекті болып тұр. Бүгінгі таңда аудандағы 58 елді мекеннің 28-і ғана сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Журналистер берекесі қашқан Алқа, Жаңалық, Орталық ауылдарындағы ауызсу және жол мәселесі жайында сұрақтарын қойды. Әсіресе, 16 шаңырақ түтін түтетіп отырған Алқа ауылының жағдайы мүшкіл. Аудан әкімі бұл мәселелердің де назардан тыс қалмайтынын айтты. Ал Алқа ауылында құдық қазылып, ауылдың 3 тұрғынына аудан орталығынан үй берілетін болады.

Корнеевка ауылында дәрігерлік амбулаторияның жабылуына қатысты сұраққа Мұратбек Әбішев: “Бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Оңтайлы шешім қабылдаймыз”, – деп жауап берді.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp