Жастарды қолдау – мемлекеттік іс. Жуырда Елбасының салиқалы саясаты елімізде жоғары дәрежеде жүзеге асып жатқанына куәгер болдым. Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығында Ауыл жастарының бірінші Халықаралық конгресі өткен болатын. Оған Қазақстанның ауыл жастары, сондай-ақ Беларусь, Түркия, Ресей, Вьетнам, Қытай, Корея елдерінің өкілдері жиналды. Екі күн бойы ауыл жастарын жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерді талқылаған аталмыш шараға облыстық делегация құрамында мен де барып қайттым.
Біржан ҚОЙШЫБАЕВ,
А.Шәжімбаев атындағы
№3 Явленка орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Халықаралық конгрестің пленарлық отырысына сол кездегі Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков және облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Отырыс ашылмас бұрын өзге жастармен бірге еліміздің әр өңірі туралы сипаттама берілген ақпараттық стендтермен таныстық.
Конгреске қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеген Асылжан Мамытбеков ауыл-аймақтарды, бизнесті дамыту, мамандарды ауылға келуге ынталандыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып берді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген білім гранттарының саны 10 мыңға жеткен. Мамандықтар қатары да кеңейіп, оларға мал дәрігері қосылған. Министр: “Әлемдік дағдарысқа қарамастан, азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп келеді, болашақта да өсе бермек. Бізге ауылдарда уақыт талабына сай келетін, білімді жас мамандар қажет”, – десе, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өз кезегінде жас мамандар үшін әлеуметтік топтама 300 мың теңгеге дейін жеткенін, Шығыс өңірде, Семейде жатақханалар салынып жатқанын тілге тиек етті. Соның айқын дәлелі ретінде бір ай бұрын ғана қолданысқа берілген 80 пәтерлі жатақхананы мысалға алған облыс әкімі Өскеменде осындай тағы бір жатақхана, Семей және Зырян қалаларында да жастарға баспана салынып жатқанын атап өтті.
Алғаш рет өткізілетін конгресте ауыл жастарының проблемалары, жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Конгресс аясында шетелден келген қонақтар өз мемлекеттерінде жастар проблемасының қалай шешіліп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігі мен “Байер” компаниясы ұйымдастырған байқаудың жеңімпаздары арнайы сертификатпен марапатталды.
Сондай-ақ “Донорлар” форумына қатысып, ондағы “Фермерлер мектебі”, “МҚКК ШҚАК базасындағы бекіре өсіретін ферма”, “Балалар мен жастарды қолдау орталығы” сияқты әлеуметтік маңызды жобалар, сондай-ақ “Ақылды қала” жастар кешені аумағындағы “Жасыл кеңсе” алаңшасының білім беру-таныстыру қондырғыларымен таныстық.
Ал шараның екінші күні жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері және оны шешу жолдары, ауыл жастарының демалысын ұйымдастыру тақырыптарында “Teach-in” атты пікірталас-семинар ұйымдастырылды. Одан соң Шемонайха ауданындағы “Камышинское” шаруа қожалығында болып қайттық.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әр уақытта ауылдың мәртебесін көтеру үшін ауыл жастарына қолдау көрсету және дипломы бар жастарды ауылдық жерге жұмысқа тарту мәселесіне баса назар аударуда. Қазіргі күнде ауыл жастарын жұмыспен қамту, бос уақытын оңтайлы өткізу, жастар ұйымдары мен жастар саясатына байланысты мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау көрініс тауып отыр. Атап айтқанда, елімізде “Жасыл ел”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар практикасы” және тағы басқа ірі жобалар іске асырылуда.
“Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы Есіл ауданында да сәтті жүзеге асуда. Ұлттық жоба аясында Есіл ауданы үстіміздегі жылы 40 жас маманмен толықса, оның 27-сі – ұстаздар. Жас мамандарға 3 миллион 271 мың теңгенің көтермеақысы берілген. Жастардың 15-сі 36,5 миллион теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеп, баспаналы болған.
Үстіміздегі жылы ғана М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында өзімнің түлеп ұшқан мектебіме мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Аталмыш бағдарламаның арқасында өзім де жеке баспанама қол жеткізіп, бірреттік көтерме жәрдемақыға ие болдым.
Елбасымыз атап өткендей, осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз. Бұл жолда біздің ең басты құндылықтарымыз – жастар арасында патриотизм, моральдық құндылықтар, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму секілді құндылықтар берекелі бірлігіміз екендігін ұмытпауымыз қажет.
Қорытындылай келе, “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Мен Сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер”, – деп өскелең ұрпаққа сөз арнаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімін ақтауға тырысайық дегім келеді.