«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТ САЯСАТЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР – ӨМІР ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық жағдаяттың нашарлау жағдайында мемлекеттік бюджетті жоспарлау мен орындау сапасын арттыру жолымен саясатқа түзету енгізу қажеттігін атап айтты. Бұл бағыттағы жұмыс еліміздің өңірлерінде де жүргізілуге тиіс. Мемлекет басшысының осы орайдағы тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Айгүл ӨТЕУЛЕНОВА,

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Жаңа экономикалық бағыт, еліміздің орнықты дамуына әсер ететін қауіп пен сес көрсету бюджет саясатын қалыптастыру мен жүзеге асыруға көзқарасты өзгертуді талап етеді, өйткені бұл – әлеуметтік-экономикалық дамудың алға қойған міндеттерін жүзеге асырудың тетігі.

Ел Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы №590 Жарлығымен Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Ол бюджет қорларын бар мүмкіндігінше пайдалануға, ұқыпты және ойластырылған бюджет-қаржы үдерісін қамтамасыз етуге, қазына қаржысын қатаң сұрыптау жүйесін пайдаланып, ұзақмерзімді болашағы бар өнімді стратегиялық жалпыұлттық жобаларды инвестициялауға бағытталған.  

Тұжырымдаманы жүзеге асырудың бірінші кезеңінде (2014-2017 жылдар) теңгерімділікті қамтамасыз ету үшін негіз қалыптастыру жоспарланған. Бұл кезеңде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жетілдірілетін және нәтижеге негізделген бюджеттеуді практикалық қолдану кеңейтілетін болады. Жекелеген мемлекеттік міндеттер бизнесортаға беріледі, салық салу саясаты өзгереді.

Екінші кезеңде (2018-2020) мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға арналған шаралар қолданылатын болады.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың алға қойған ұзақмерзімді міндеттерін ескере келіп, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік шығыстардың негізгі басымдықтарына экономиканы жаңғырту және әртараптандыру, әлеуметтік жаңғырту мен мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, өмір сүруді қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды сапалық жағынан жаңарту алынады.

Экономиканы әрі қарай жаңғырту және әртараптандыру мақсатында үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында салаларды дамыту жалғасады. Сол сияқты агро-өнеркәсіп кешенін қолдау, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, энергия жетіспеушілігі проблемасын шешу, жасыл экономикаға көшу жоспарлануда.

Әлеуметтік жаңғырту мен мемлекеттік қызмет сапасын арттыру кезең-кезеңмен ең аз әлеуметтік стандарттар енгізуді, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында жан басына сәйкес қаржыландыруды қолдануды, азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы көмек көрсетуді ойластыратын болады. Тұрғындарды тұрақты және өнімді жұмыспен қамтуға арналған шараларды қаржыландыру жалғасады.

Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептер, денсаулық сақтау нысандарын салу, бірінші кезекте апатты нысандар мен үш ауысымды мектептерді жою ескеріле отырып, жүзеге асырылады.

Өмір сүруді қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды сапалық жағынан жақсарту үшін алдағы уақытта қолжетімді тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қарасты тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымдарды жөндеуге, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге арналған шаралар қаржыландырылады.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ақпараттық жүйелерді дамытуға, электронды тұрпатта қызмет көрсетуге көшуге арналған шараларды қаржыландыру жалғасады.

Тиімсіз шығыстардың өсуіне жол бермес үшін 2014 жылы ағымдық және инвестициялық шығыстар бойынша қалыптасқан базаға түгендеу жүргізу, бюджетке “ауыр жүк” болатын және экономикалық өсімге ықпал етпейтін шараларды қаржыландыруды қысқарту жоспарлануда.

2015 жылдан бастап ағымдағы шығыстар мен даму бюджеті бойынша лимиттер, сол сияқты жаңа бастамалар лимиттері енгізілетін болады.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыру және “бюджеттік масылдықты” қысқарту мақсатында мынадай бағыттарда шаралар қолданылады:

бюджеттік шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға көшу;

бюджеттің ағымдағы шығыстарын оңтайландыру және жекеменшік секторына ортақ жауапкершілікті кеңейту;

бюджеттік инвестиция жөніндегі көзқарасты реформалау;

бюджетке түсетін салмақты азайтудың құралы ретінде мемлекеттік жеке серіктестіктің тетіктерін дамыту.

Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мақсатында республикалық бюджеттен төменгілерге берілетін мақсатты трансферттерді жүзеге асыру тетіктері қайта қаралады.

Осының бәрі қаржылық дербестікке, жергілікті органдардың жауапкершілігін кеңейтуғе жағдай жасайтын болады және аумақтың даму ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға қаражат жұмсауда әкімдердің басымдықтарды жеке анықтауына мүмкіндік береді, сол сияқты өңірлердің дамуына берілетін мақсатты трансферттердің көлемін азайтады.

Жергілікті бюджеттердің шығыстарын арттыруды ескере отырып, әкімдерді экономикалық ынталандыруды күшейту, олардың қаржылық дербестігін кеңейту және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешудегі жауапкершілігін арттыру үшін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін бірлескен табыс салығын облыстық деңгейге беру мәселесі қарастырылатын болады.

Бұл міндет бюджеттік процесті ретке келтіретін заңнамалық актілерді жетілдіру жолымен жүзеге асырылады.

Жыл сайын облыстың бюджетін қалыптастыруда барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі кезінде жұртшылықтың айтқан барлық өзекті мәселелері, сол сияқты әр округтегі депутаттардың сауалдары ескеріледі.

Бүгінгі күні 2014-2016 жылдарға арналған облыс бюджеті, тұтастай алғанда, бюджеттік заңнамада белгіленген мерзімде қалыптасты, облыстық мәслихат депутаттарының қарауына берілді.

ҚР Бюджет кодексінің 75-бабына сәйкес облыс бюджеті республика бюджеті туралы заңға Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғаннан кейін екі аптадан кешіктірілмей бекітіледі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp