«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛДІКТЕРДІҢ ЖАҢА ЕМХАНАСЫ ендігі жылы тапсырылады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында құрылысы жүргізіліп жатқан болашақ емхананың екіқабатты ғимараты алыстан көз тартады. Оның 250 орындық жаңа емхана екендігінен құлағдар аудан тұрғындары құрылыстың аяқталар күнін тосып жүр. Жаңа емхананың құрылысына республикалық бюджеттен 987 миллион теңге бөлінген. Халық игілігі үшін салынып жатқан медициналық орталықтың іргетасы былтыр қаланып, биыл жаз бойы құрылыс қарқынды жүргізілді. Алайда, тапсырысты орындап жатқан мердігер құрылыс компаниясы белгіленген мерзімінде нысанды тапсыруға дайын емес. Бүгінде нысан 70 пайызға дайын болғанымен, емхана желтоқсан айында қолданысқа берілмейтін сыңайлы.

– Бұл жаңа емхананың біз үшін маңызы зор. Жаңа ғимаратта амбулаторлық-емдеу жұмыстары кеңінен жүргізілетін болады. Бүгінгі қолданыстағы ғимарат бұрынғы стационарлық орталықтың ескі нысаны болатын. Ол емханаға ыңғайлы емес. Салынып жатқан ғимараттың сәулетіне қарап, көңіліміз толады. Оның іші кең. Әр маманға жеке кабинет жасалуда. Онда қойма мен көлік тұрағы, кір жуатын орын – барлығы қарастырылған. Бүгінгі таңда біз күніне 150 адамды қабылдасақ, жаңа емханада 250 адамның дәрігерге қаралуына мүмкіндік болады. Ал ең бастысы – оның жаңа, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуы. Бұл, әрине, ауданымызда медициналық қызмет көрсету ісінің сапасын арттырары сөзсіз, – дейді Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері Назар Тұралинов.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы арқылы жаңа емханаға республикалық бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлініп, оған керекті құрал-жабдықтарды сатып алу жұмыстарымен аудандық аурухана қызметкерлерінің өздері айналысуда. Бүгінгі таңда аудандық аурухана мен емханада дәрігерлік құралдарды залалсыздандыратын құрылғылардың өзі жоқтың қасы. Енді олар мұндай мүмкіндікке көп кешікпей қол жеткізбек. Сондай-ақ жаңа нысанда автоматтандырылған заманауи кіржуғыш машиналар орнатылмақ. Жаңа емхана аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашады. Бас дәрігердің айтуынша, олар кадр мәселесін оңтайландыру үшін өздеріне қажетті төрт маманды аудандық аурухана есебінен жоғары оқу орындарында оқытуда. Сондай-ақ бірнеше орта және кіші медицина қызметкерлері жұмысқа қабылданады.

– Әрине, бар жақсылықты жоспарлап, сол күнді асыға тосып жүргеніміз рас. Оның үстіне жаңа емхана құрылысы желтоқсан айында бітеді деген әңгіме де бар. Осыған дейін біз көбіне шыдап келдік, енді азына да шыдай аламыз. Сондықтан құрылысшылар асығыстық жасамай, аудан тұрғындарына сапалы салынған нысанды тапсырса дейміз, – дейді Назар Шамғанұлы

Есіл ауданындағы емхана құрылысының бас мердігері – астаналық “СК Диомир” ЖШС, ал қосалқы мердігерлікте құрылыстың ішкі жұмыстарын – “Көкше-Артель”, электр жүйесін – “Севермонтажавтоматика”, ғимарат маңындағы жолдарды “Петропавл жолдары” сияқты кәсіпорындар атқаруда. Әзірге құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалды деседі. Бүгінгі таңда онда 86 жұмысшы еңбек етуде.

– Мердігердің тапсырыс берушімен келіскен уақыты биылғы жылдың желтоқсан айы болатын. Бірақ жұмыста кешігу бар. Өйткені, құрылысшылар ғимараттың айналасын абаттандыру жұмыстарын бастаған жоқ. Оны енді қыс айларында жүргізе алмайды. Суық күнде, ашық аспан астында ғимарат айналасына тас төсеу қиындық туғызады. Абаттандыру жұмысы бітпейінше, комиссия да нысанды қабылдамайды. Ал ғимараттың ішкі жұмыстарына ауа райы кедергі келтірмейді. Ол жұмыстарды уақытында тапсыруға мүмкіндігіміз бар. Бірақ қыс өтіп, жер кеуіп, дала жұмыстарын қолға алуға мүмкіндік болмайынша, бізге нысанды тапсыру мерзімін созуға тура келеді, – дейді бас прораб Сергей Репринцев.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp