Салтанат МҰҚАНОВ,
шахматтан спорт шебері,
жаттықтырушы.
дамның ой-өрісін кеңейтетін, логикалық пайымдау кеңістігіне бойлататын шахмат өнерінің құдіретін айтып жату артық. Алайда, адамның жады, есте сақтау қабілеті осы өнерді бойға дарытқан сайын жетіліп, ерекше ойлау жүйесін қалыптастыратынына ұзақ жылдар бойы онымен шұғылданғандықтан, көзім жетті.
Менің мамандығым осы шахмат ойынымен тығыз байланысты. Сол себепті қырық жылдан аса уақыт шахмат ойнаумен қатар, көптеген жылдар бойы балдырғандар мен жасөспірімдерді баптаумен айналысамын. Әрине, әлемдік деңгейдегі ең үздік ойыншылардың өздері де табиғи дарынына қоса оларды жаттықтырушылар арнайы баптамаса, асқан нәтижелерге жете алмас еді. Өйткені, қазір шахмат үлкен өндіріс іспетті: ең атақты деген ойыншының өзінің жанында партияларды талдайтын сарапшылар, болжайтын, салыстыратын стратегтер, кеңесшілер, көрнекі құралдарды оқып отыратын қосалқы қызметкерлер болады.
Мұны айтып отырғаным – осындай адамдардың көрнекі құралдарымен таныспайынша, үздік ойыншылардың ойнау машығын, мәнерін зерттемейінше, жақсы шахматшы, бапкер бола алмайсың.
Мен қырық жылдан аса ойнау және жаттықтыру тәжірибемде осындай ізденістерге бой алдырып келемін.
Сөз реті келіп тұрғанда айта отыруыма болады, мен көп жылдар бойы қаланың мектептерінде оқушыларды баптаумен айналыстым. Қол жеткен табыстарым да жоқ емес. Атап айтқанда, қалалық классикалық гимназияда бір шоғыр жас шахматшылар бой көрсетіп еді. Осы жасөспірімдер – Дәурен Әбілмәжінов, Сәуле Камзина, Олжас Хамзин, Дәурен Әбілкәрімов облыста жеңіске жетіп, Алматыда өткен “Ақ ладья” республикалық жарысының да бас жүлдесін еншілегенді. Кейін олар СҚМУ құрамасымен жекпе-жек өткізіп, студенттерді де жеңіп кетті. Ал студенттер қатарында Евгений Мартьяшев, Александр Михин сияқты шебер ойыншылар болды. Ең үздік нәтиже көрсеткен, басқаша айтқанда, өзі ойнаған тақтада әлдеқайда ересек қыздарды түгел ұтқан С. Камзина командалық жеңіске үлкен үлес қосқанды. Бұларды өзім жаттықтырып, жарыс кезінде ақыл-кеңесімді беріп едім.
Қазір олар есейіп, әрқайсысы әр алуан мамандықтар иеленіп, еңбек етіп жүр.
Мен және басқа жаттықтырушылар бұлардан өзге жас дарындарды баптауды жалғастырып келеміз. Мысалы, өзім және облысқа белгілі бапкер Александр Корнев кейін Асылхан Қараевты, Әнуар Шагировты баптап, жолға салдық. Бүгінде республикада жақсы нәтижелерімен көзге түскен А. Қараев негізгі мамандығы – шет тілі бойынша Алматыда білім алып жүрсе, Ә. Шагиров магистратурада білімін ұштау үшін Польшаға кетті.
Шәкірттер қанаттанып ұшады да, ұстазы олардың ізбасарларын шыңдаумен айналысады.
Жасым елу бесте. Бірақ мен белсенді шахматтан қол үзген емеспін. Бұл ойын адамды жетілдіре, мінезін нығайта түсетінін білемін. Жігерді де жанитынына көзім жетті. Мысалы, әлемдегі ең үздік шахматшылардың жолдары үнемі даңғыл бола бермегені белгілі. Ойы-қыры, дөңесі, белесі, ылдиы, өрі кездескендерін олар өз еңбектерінде жазып та жүр. Осы себепті қалалық, облыстық, республикалық жарыстардан қалыс қалмауға тырысамын, күш-қуатымды, шеберлігімді сынап көруден бой тасалаған кезім жоқ. Ол үшін шахматшы үнемі даярлықта болуы керек. Өкінішке қарай, кейбір жас шахматшылар жарыстардан жалтаруға әуес. Немесе күшті ойыншылармен кездесуден жүрексінеді. Мен оларға “Мықты ойыншымен жекпе-жекке түскен сайын сабақ аласың. Сондықтан жасқанбай, үрейленбей ойнау керек, жарыстарға жиі қатысу қажет”, деп ақыл-кеңес беремін. Айталық, венгриялық атақты апалы-сіңлілі Жужа, София және Юдит Полгарлар, әсіресе, ең кенжесі Юдит ерлермен жекпе-жектерден қаймықпай ойнап, бірнеше халықаралық жарыстарда жеңіске жетті ғой.
Жақында Астанада жылдам ойын бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатына қатыстым. Барлық өңірлерден, қалалардан сексенге тарта шахматшы жекпе-жекке түсті. Үміткерлердің арасында атағынан ат үркетін шебер ойыншылар болды. Мысалы, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, халықаралық шеберлер, ФИДЕ шеберлері, халықаралық гроссмейстерлер бар. Атап айтқанда, көкшелік ежелгі көзтанысым, халықаралық гроссмейстер Серікбай Темірбаев, осындай дәреже иеленген қостанайлық Петр Костенко, астаналық Әнуар Есмағамбетов және басқалар сынға түсті.
Осы сынақта екінші-бесінші орын алғандар қатарында болдым. Рейтинг бойынша және көш басындағылармен кездесулердің нәтижесі шығарылғанда маған төртінші орын үшін ақшалай жүлде берілді.
Аталған чемпионатқа қатысқандардың ішінен қыздар арасында еліміздегі ең үздік шахматшы атанып жүрген және халықаралық жарыстарда аты шығып үлгерген Жансая Әбділмәліктің ойын өрнегі ұнады. Ол ондыққа кірді.
Ал бірінші орынды Орал қаласынан келген халықаралық шебер Азамат Өтеғалиев жеңіп алды.
Бүгінде көптеген жерлерде жастар арасында шахматқа деген қызығушылық бұрынғыдай бола алмай отыр десем, асыра айтқаным емес. Мен алғаш рет ойнай бастағанда Александр Алехиннің, Михаил Тальдің, Михаил Ботвинниктің ойын мәнерлерін, жүрістерін, қолданатын жаңашыл әдістерін зердеме түйіп, солардай болғым келетін. Ал өзім ұстаздық ете жүріп айтарым, қазіргі балаларды қызықтыру оңай емес. Үздік ойыншы болу үшін теориялық оқу құралдарын көп зерделеу керек. Атақты ойыншылардың қорғаныс, шабуыл әдістерін жатқа білмей болмайды. Жастар бұған енжар. Оларға
онсыз өсу болмайтынын ұқтырамын.
Қазір біздің өңірде шахмат бұрынғы деңгейден төмендеп барады. Оның себептері де бар. Мықты жаттықтырушылар аз. “Барыс” спорт мектебінде бапкерлер саусақпен санарлық қана. Онда балалармен Вера Худякова және Александр Новичков жұмыс істейді.
Мен өзім еңбек ететін қалалық әкімдікке қарасты Балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс жұмыс орталығында Петропавл мектептерінде көзге түскен оқушыларды баптап, сабақ беремін. Қаражаттың аздығын алға тартқан А. Корнев пен А. Жарқынбаев Астанаға кетіп қалып, сонда осы салада қызмет атқаруда.
Кейбір озық бапкерлерге балалармен жұмыс істеу үшін, яки педагогикалық білім қажет, яки университеттің дене шынықтыру факультетін тамамдағаны жөнінде диплом талап етіледі. Осындай тосқауылдан соң шахмат іліміне жетік, бірақ өзге мамандық иеленген адамдар жеткіншектермен жұмыс істеуге кірісе алмай жүр. Соған қарамастан, жетім балалардың облыстық интернатында тарих пәнін оқытатын, сонымен бірге шахматты шебер ойнайтын Аслан Ескендіров осы интернаттың тәрбиеленушілерін жақсы баптауда.
Соңғы уақытта республикада шахматтың беделін көтеру қайтадан жандана бастағаны көңілге үміт ұялатады. Осы орайда Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының өңірлеріндегі жаттықтырушылар қатысқан кеңес болып, онда Шахмат федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы, халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ибраев жас дарындарды тәрбиелеу мәселесін талқылауды күн тәртібіне арнайы енгізді.
Осы басқосуда еліміздегі шебер де ысылған ойыншылардың іс-тәжірибелерінен үйрену қажеттігі әңгіме арқауына айналды. Мысалы, әлемнің он үшінші чемпионы Гарри Каспаровтың кеңесшілерінің бірі болған, қазақстандық халықаралық гроссмейстер Евгений Владимировтың шеберлік-сабағының өзі неге тұрады?!
Бүгінде әлем жұртшылығы құлақ түріп отырған үлкен жекпе-жек өтуде. ФИДЕ-нің елу үшінші финалында Үндістанның Ченнаи қаласында әлем чемпионы үндіс Вишванатан Анандқа норвегиялық жас дарын, бірақ соған қарамастан әлемдік рейтингте Г. Каспаровтың көрсеткішінен асып түсіп, оны 2845 ұпайға жеткізген жиырма үштегі Магнус Карлсен қарсы шықты. Рейтинг бойынша Магнус үндістандық шахматшыдан жүз бірлікке тарта озық. В. Анандтың көрсеткіші – 2749.
Қарашаның тоғызы күні басталған бұл әлемдік жекпе-жек он екі турға шақталған. Әзірге жеті ойын өтіп, М. Карлсен алда келеді Бұл кездесуді мен мұқият қадағалап отырамын. Өйткені, онда шахматшылар жоғары ойын өрнегін көрсетеді және де жаңа, бұрын кездеспеген жүрістер қолдануы мүмкін. Бұл менің қызметіме аса қажетті көмекші құрал болатыны сөзсіз.
Сөз соңында әрі жарысудан сырт қалмайтын, әрі жаттықтыратын шахматшы шәкірттерінің бойына шеберлік өнерін дарытып, оларды жетілдіре алады дегім келеді.
СУРЕТТЕ: С. Мұқанов.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.