Облыс орталығындағы “Абылай ханның резиденциясы” мұражай кешені шаңырақ көтерген күннен бастап өңіріміздегі көрнекті тарихи-танымдық орталық ретінде жеткіншектерді, жастарды отаншылдыққа, ерлікке тәрбиелеуді жолға қойды. Резиденция жәдігерлерін тамашалауға жастар ғана емес, жасамыс адамдар, сонымен бірге облысымызға келген меймандар да ықылас танытады. Олар мұнда хан ордасының салыну тарихы, Абылайдың ғана емес, бүкіл Қазақ елінің Тәуелсіздікке қолы жеткен бүгінгі күніне дейінгі тұрмысы мүмкіндігінше қамтылған шежіресіне қанығады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Келушілерді ықыласпен қарсы алатын мұражай қызметкерлері көрермендерге көрмені аралатып, мағлұматы мол әңгіме шертеді. Жәдігерлерді тамашалаушылардың жүрегіне жол табу үшін экскурсия жүргізушілер зерделі әрі тарихи деректерге жетік болуы керек. Бұл орайда осыған лайық, тәжірибелі, қазақ, орыс тілдеріне жетік мамандар бар. Ал жастар аздау екенін резиденцияның директоры Гүлнәр Сыздықова тілге тиек еткенді.
Ол сондай жастың бірі, мұражайға қызметке орналасқанына аса көп уақыт бола қоймаса да, өнер тануға қабілетін көрсетіп, келушілердің ризашылығына бөленіп жүрген Жансұлу Жанатқызын атап өтті.
2013 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің география факультетін тамамдаған Жансұлу осы резиденцияның қызметкері болғанына қуанышты екенін менімен кездесу үстіндегі әңгімесінде айрықша леппен жеткізді.
– Мен университетке оқуға түскенде география мамандығын таңдағаныммен, оның ауқымы кең екенін, әсіресе, тарихпен туыстастығын аңғардым. Сондықтан мен осы резиденцияға қызметке келгеніме қуаныштымын, – деді жас экскурсия жүргізуші.
Бабаларымыз “Түсі игіден түңілме” деп айтқандай, бойжеткеннің бойындағы инабаттылық, көрегенділік көзге бірден шалынады. Туған тілге жетіктігі қаладағы №20 мектептің түлегі болғандықтан шығар деп жорамалдап отырсам, оның тамыры әріде екен. Жансұлу Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында өмірге келіпті. Қазақтың тілінің, салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған өңір ғой бұл.
– Кішкене күнімнен үлкендердің небір өнегелі сөздерін, ұлағатты әңгімелерін құлағымызға құйып өстік қой. Ауылдың ақ жаулықты әжелері айтқан ғибрат сөздер әлі күнге дейін зердемде жазылып қалғандай. “Қызға – қырық үйден тыю” деген нақылдың жүгі қандай десеңізші?! Маған өз отбасым, туған ауылым, Отаным байтақ көрінетін. Сондықтан географияға құмарттым. Сол арманым орындалып, университеттің дипломын алып шықтым. Ал бүгін қазақтың ұлы ханы, Мағжан дәріптеген дара тұлға – Абылайдың резиденциясында тарихты білумен, өнертанумен айналысып жүрмін, – деді Жансұлу.
Бүгінде Таразда тұратын атасы Тоқтағұлдың ел аузынан қалған ескі әңгімелері де құймақұлақ немересіне әсер етіпті. Қазақтың Есім, Қасым, әз-Тәуке, Абылай, Кенесары хандары, Қарасай, Наурызбай батырлары, Сүйінбай, Жамбыл ақындары туралы хикаяттар жас қыздың жүрегіне ертеден ұялапты.
Ал қазір өзі қызмет атқарып жүрген резиденцияда тәжірибелі, білікті де ұлтжанды қызметкерлермен қоян-қолтық еңбек етіп, келушілерді оның мұражайының жәдігерлерінің қыр-сырына бойлатады.
Петропавлға көшіп келгелі он үш жыл болыпты. Бұлайша қоныс аударудың мән-жайына өзі қанықтырды. Оның айтуынша, анасы Зурәш Зарифқызы біздің солтүстік өңірдің тумасы екен. Ал әкесі Жанат Петропавл ауыр машина жасау зауытында жүргізуші болса, анасы дәмханада қызмет атқарады.
Тоқыраудан тұралап қалған тұрмыстың кенеуі кеткен кезде көп адамның екі қолға бір жұмыс таба алмай қиналғаны жасырын емес. Осы қиындық бұл шаңырақты да айналып өтпепті. Әсіресе, оңтүстікте жұмыс табу оңай болмаған көрінеді. Сауда-саттыққа ебі жоқ Жанат Тоқтағұлұлы бағын сынап көрмек ниетпен Петропавлға келіп, ауыр машина жасау зауытында өзіне қолайлы жүргізушілік жұмыс табылған соң осында тұрақтап қалыпты.
– Бұл маған жаман болған жоқ, – деп жымияды Жансұлу. Мұнда орысша үйрендім. Қос тіл қос қанатым сияқты.
Ол енді жастайынан көзіне қанық ұлттық киім-кешектерді зерттеуге ден қойып, соған орай арнайы кітаптарды оқып, білгендерін кәдеге асыру үшін осы мұражайдағы жәдігерлерді пайдалануда. Бұл орайда тарихты қайта оқып жатқанын да айтты.
– Осы ретте менің сауалым бар, – дедім мен. – Бізде ұлттық киім дегенде жігіттер қыс болсын, жаз болсын, сахнаға шыға қалса, үнемі басына бөрік, аяғына саптама, үстіне шапан киіп, ал бойжеткендер міндетті түрде басына сәукеле салатын әдет қалыптасқан. Қазақтың ұлттық киімдерін зерттеп жүрмін дедің. Айтшы, бізде жеңіл, ықшам, жейде, көйлек, кеудеше яки қысқа жең, бүрмелі киімдер болмаған ба? Мысалы, Абай “Қансонарда бүркітші шығады аңға” деген өлеңінде: “Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет, ыңғайлы, ықшам киім аңшы адамға” дейді ғой. Ал “Ескілік киімі” өлеңінде қазақтың киім-кешегінің неше түрлі атауларын атап береді.
– Сіздің айтып отырған ескертуіңіз маған да ой салады. Оқып-білгендеріме орай айтарым: қазақтың киім-кешектерін толық атап шығу қиын. Әлгі шапан, бөрік, саптама етік дегендер ұлттық киімдер жайлы түсініктің аздығынан туған нәрселер. Әйтпесе бабаларымыз жас ерекшелігіне және қоршаған ортаның ыңғайына қарай киінген. Мысалы, балалар, жеткіншектер, жасөспірімдер, бозбалалар, жігіт-желеңдер, бойжеткендер, келіншектер, қалыңдықтар, бәйбішелер, ақсақалдар киімдерінің түр-түрлері болған. Соның бірін шашақ-қасаба дейді. Оны бойжетіп отырған, тұрмысқа шықпаған қыздардың тақиясы деп білген жөн. Өте әдемі, ыңғайлы, бойжеткеннің көркін аша түседі. Міне, осыларды зерттеп, түбінде үлгілерін көрмеге қойып, көпшілікке ұсына алсақ, ғанибет емес пе?!
Ол осыдан соң бірнеше тақырыпта экскурсия жүргізгенін де тілге тиек етті. Жас қыздың келушілердің жас ерекшеліктеріне қарай әңгіме өткізуге машықтанғанына көпшілік риза болып жүргенін де білдім. Жақында Тимирязев ауданынан келген ардагерлер оған мазмұнды да білікті әңгімесі үшін ризашылығын арнап аттаныпты.
– Біз осындай білімді, ізденімпаз жастарға сенім артамыз. “Жас уақытта өмір – гүл” демекші, толыса, тәжірибе жинақтай келе, олар тарихты да, өлкемізді де танытуға тиіс, – деді резиденцияның директоры Гүлнәр Әнуарбекқызы.