Жыл басынан бері облыста 599 өрт болып, одан 308 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 46 адам қаза тапты, оның 8-і – бала. 47 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Өткен аптада жиырма шақты өрт оқиғасы тіркелді, одан зардап шеккен адамдар да бар.
Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай ауылында күндіз жеке тұрғын үйде шыққан өртте 81 жасар кейуана қайғылы қазаға ұшырады. Пәтерде әжесімен бірге немерелері: 16 жасар қыз бала мен 6 жасар ер бала да болған. Олар әртүрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жөнелтілді. Жергілікті тергеу жүргізушілер төтенше жағдайға газ баллонын орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау себеп болған деген болжам жасап отыр. Денелерін күйік шалса да, апалы-інілі балалар көшеге жүгіріп шығып, көршілерге хабарлап үлгерген. Алайда, от үй ішіне тез жайылып, кірер жолды жауып тастаған. Сөйтіп қауқарсыз қарияны құтқарып қалу мүмкін болмаған…
Осындай оқиға Есіл ауданындағы Явленка ауылында да орын алды. Асүйдегі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан басталған азғантай от ошағының тез жойылуына баллоннан шығып тұрған газ кедергі келтірген. От жалыны қабырғалар мен төбені зақымдады, тұрмыстық техниканы жарамсыз етті.
Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан өрт Тимирязев ауданының Комсомол ауылындағы тұрғын үйдің қабырғалары мен мүлкін зақымдады.
Ақжар ауданындағы Үлгілі ауылында қосалқы шаруашылықтың 12 тонна шөбі өртенді. Үй иесі ТЖ-ның алдында ғана қызып тұрған шоқты шөп маясының іргесіне төккенін мойындады, ал қатты жел жану барысын тездете түскен.
Апта ішінде солтүстікқазақстандықтардың 33 тонна шөбі жойылып кетті. Оған анықталмаған адамдардың отты дұрыс пайдаланбауы мен қора-қопсылардағы электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.
Сонымен бірге 3 автокөлік оттың “құрбанына” айналды. Шал ақын ауданында белгісіз қасақылар үйдің жанында тұрған “ГАЗ-53” автомобиліне от қойған. Тілсіз жау машинаның мотор бөлігі мен кабинасын жарамсыз етті. Петропавл қаласындағы Кошуков көшесінде “Volkswaqen” толығымен жанып кетті, ал Жамбыл ауданындағы “Богдановка-Пресновка” автожолында сымдардың қысқа тұйықталуынан “Nissan-Primera” автомобилі еріксіз аялдама жасады. Жүргізуші абыржымай, өртті қолда бар құралдарымен сөндіріп алды.
Айыртау ауданындағы Шалқар ауылында “Қожыбаев” ЖК-нің мал фермасында өрт шықты. Оған белгісіз адамның от қоюы себеп болды деген болжам бар. Ал күзетші болса… ұйықтап жатыпты, оны өтіп бара жатып, отты байқап қалған адамдар оятып алған. Мал қорадан ашық алаңға шығарылған (25 бас ірі қара, 2 жылқы мен 5 қой). От 20 тоннадай шөпті бүлдірген. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.