Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясы 2013 жылдың ІІІ тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың шілдесі мен қыркүйегі аралығында республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетімен Солтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет қаражатын, соның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттерді пайдаланудың тиімділігіне, сондай-ақ 2011-2015 жылдарға арналған Стратегиялық жоспардың іске асырылуын бағалауға бақылау жүргізді. 2 мемлекеттік мекеме (облыстың Денсаулық сақтау және Құрылыс басқармалары) және 8 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын бақылаумен қамтылды.
Жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 14 568,7 млн. теңгенің заң бұзушылығы анықталды, бұл бақылаумен қамтылған соманың 42%-ын құрайды. Өтеуге жататын заң бұзушылықтардың жалпы сомасы 5,8 млн. теңгені құрайды, ол толық көлемде өтелді.
Тексерілген кезеңде сондай-ақ, кепілді тегін медициналық қызмет көлемін көрсететін (КТМҚК) ұйымдардың шығындарын өтеу жалпы сомасы 13 512,6 млн. теңге медициналық көмектің сапасы мен көлемін бақылаудың нәтижелерін ескерместен, жүзеге асырылған.
Бақылау нәтижесінде жекелеген келісімдер бойынша тексерілген кезеңде тура және түпкілікті көрсеткіштер көлеміне толық қол жеткізілмегені, сондай-ақ жалпы сомасы 335 млн. теңге игерілмеген трансферттер бар екендігі анықталды.
Бақылаудың барысында жалпы сомасы 279,9 млн. теңге бюджет қаражатының мемлекеттік мүлкін (медициналық және басқа жабдықтарды) “Мемлекеттік мүлік туралы” ҚР Заңында көзделген қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидатын сақтамай пайдалану жағдайлары анықталды.
Мәселен, “Кардиологиялық орталық” ШЖҚ КМК-де сатып алынған, құны 255,5 млн. теңге ангиографиялық рентген аппараты толықтыра жинақтаудың қажеттілігіне байланысты жұмыста пайдаланылмайтыны, ал сомасы 15,6 млн. теңге дизельдік генератор техникалық жағдайлардың болмауына байланысты орнатылмағаны және сәйкесінше пайдаланылмайтыны анықталды.
Денсаулық сақтау ұйымдары мен “Казмедприбор” ЖШС арасындағы жылжымалы медициналық кешен сатып алуға жасалған шарттар бойынша аппараты жеткізу түрлі сәйкессіздіктермен және жабдықтау мерзімін бұзумен жүзеге асырылған.
Жабдықтаушы жеткізген жылжымалы медициналық кешендер, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Медициналық және фармацевтік қызметтердің сапасын бақылау департаменті жүргізген техникалық бақылау актісінің деректері бойынша, шарттардың техникалық бейіндерінде көрсетілген техникалық жағдайларға сәйкес келмейді. Жалпы шығын сомасы – 241,6 млн. теңге.
Кешендер тек қана жазғы маусымда жұмыс істейді, өйткені Солтүстік Қазақстан облысының қысқы климаттық жағдайында кешеннің жылыту жүйесі елдің солтүстік өңірінің төменгі температуралық аясында жұмыс істей алмайды, кешеннің жабдықтары қатып қалады және зерттеулер туралы анық емес мәліметтер береді.
Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдарының медициналық жабдықтармен жинақталу жағдайы, аудандар бойынша – 63,18%; тубдиспансерлер бойынша – 51,47%; фельдшерлік-акушерлік пункттер бойынша – 43,8%; дәрігерлік амбулаториялар бойынша – 38,7%; медициналық пункттер бойынша – 52,0%; Петропавл қаласында орналасқан қалалық және облыстық ауруханалар мен емханалар бойынша 60,4%-ды құрайды.
Мемлекеттік сатып алуларды талдау нәтижесінде жалпы сомасы 170, 8 млн. теңгенің заңнаманы бұзушылықтары анықталды. Олар – мемлекеттік сатып алу тәсілін негізсіз қолдану, тауарларды биржалардан Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындаған Тауарлық биржалар тізбесіне енбейтін тауарлық биржалардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру.
Жалпы алғанда, жағымды өзгерістерге қарамастан, денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық қорларын жетімсіз қалыптастыру, соның ішінде ауылдарда, медициналық ұйымдарды облыстық және аудандық орталықтарда шоғырландыру есебінен қоғамның медициналық қызметтерге бірдей қолжетімділігіндегі теңсіздік сияқты жүйелі сипаттағы бірқатар кемшіліктер орын алған. Бұл облыстың түрлі өңірлеріндегі емделушілердің сапалы және жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетімділігін қиындатады.
Сұралған емделушілердің 28%-ы ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасына қанағаттанбайтындығын атаған.
Білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген, әсіресе, ауылдарда. Штаттық бірліктерді толықтыру мамандардың лауазымдарды қоса атқаруы есебінен жүзеге асырылады, ал ол медициналық көмек қызметінің сапасы мен тиімділігіне теріс әсерін тигізеді. Ауылдық жерлерге мамандарды тартудың қолданыстағы тетіктерінде медициналық қызметкерлердің мәртебесін арттыруға бағытталған іс-шаралар қажет.
Өңірдегі денсаулық сақтаудың шешуші проблемалары қаржылық ресурстардың жеткіліксіздігімен емес, оларды пайдалану тиімділігінің төмендігімен байланысты.
Жүргізілген бақылаулық іс-шаралардың қорытындысы Тексеру комиссиясының 2013 жылғы 24 қазандағы отырысында қаралды. Тексеру комиссиясы бақылау объектілеріне әшкереленген заң бұзушылықтарды және жұмыстағы кемшіліктерді жою, және оларға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы шешімдері мен ұсыныстары бар қаулы және ұсынымдар жолдады.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясы.