«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫРЫҢ БОЛСАМ МЕН СЕНІҢ, СЕН – НҰРЫМСЫҢ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит БЕКСЕЙІТОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

ҚЫЗҚАРАҒАЙ

Сағынғанда сен келер,
Мен – Даламын,
Құшағымды кең жайып қарсы аламын.
Ойға батып мұңайған,
Сен – Ормансың,
Сені баптап, күтуге жан саламын.


Төзіміңе тәнтімін, шыдамыңа,
Терістікте келші бір күш-бабыңа.
Келсең жазда өзен-көл, орманыңмен,
Емін-еркін сыясың құшағыма.

Шақтап айтсам,
мен қырдың Қараағашы,
Жұпыны деп жақтырмай қарамашы.
Төтеп берер табиғат құқайына,
Соған тартқам, боркемік санамашы.

Шынарға да балаймын, ақ қайыңға,
Саған теңеу қалайда таппаймын ба?!
Бар балама ішінде саған ұқсас,
Ғабең айтқан атауды баптайын да –

Қасы-көзі қиылған Қызқарағай,
Көп күттірмей,
келсейші бізге қарай.
Сағыныш пен іңкәрлік – қос қанаты,
Жүрек жолға шығады іздеп арай…

 

ТАҢҒЫ ТІЛЕК

Арайлы болсын атар таңымыз,
Жетелеп алға ақ арманымыз.
Талайлы тағдыр бұйырсын бізге,
Қалмасын сиреп қатарларымыз.

Шырайлы болсын көрер күніміз,
Жайқалсын жайнап өсер гүліміз.
Шынайы болсын ұмтылысымыз,
Өркенін жайсын көргенді ұл-қыз.

Қайырлы болсын керім кешіміз,
Гүрілдеп тұрсын темір пешіміз.
Жап-жарық болсын жаққан шамымыз,
Топ жарып шықсын өмір көшіміз.

Нұр айлы болсын тыныс түніміз.
Жарқырап сегіз бұрышты жұлдыз.
Жаратқан ием алқалап тұрса,
Баянды мәңгі тыныштығымыз!

МЕН – ЖЫР, СЕН – НҰР!

Күнде кешке оқисың жырларымды,
Үміт оты жүзіңді нұрландырды
Керемет бір сезімге бөленесің,
Жүрегіңді толқытып сырлар мұңды.

Рахмет саған, ризамын, айналайын!
Ақ жүзіңді ойша мен аймалаймын.
Сенсің менің Бірінші оқырманым,
Сенсің менің Жебеушім, аймаңдайлым!

Күнде кешке оқисың өлеңімді,
Асқарымды шарлайсың, тереңімді.
Алау сезім, ыстық леп баурап алып,
Ғажап күйге жаныңды бөлендірді.

Іңір емес, сен менің Таңсәрімсің,
Ғашығымсың сен менің, Аңсарымсың.
Шалқарымсың сен Есіл өзеніндей,
Көк жүзіндей сен биік Заңғарымсың.

Жалын болсаң, мен сенің ұшқыныңмын,
Қамал болсаң, мен сенің тұтқыныңмын.
Асқан сұлу сен – Анна Керн болсаң,
Басын иген, мен сенің Пушкиніңмін.

Гүлім болсаң, мен – сенің Бұлбұлыңмын,
Сен атбегі болсаң, мен – дүлдүліңмін.
Сен қаһарлы Патшайым болсаң егер,
Басыбайлы мен сенің бір құлыңмын.

Түнің болсам, сен менің Күндізімсің,
Тоның болсам, сен менің Құндызымсың.
Түнек болсам, сен менің Жарығымсың,
Аспан болсам, сен – менің Жұлдызымсың!

Тауың болсам, сен менің сеңгірімсің,
Суың болсам, сен менің мөлдірімсің.
Ағыл-тегіл төгілген ертелі-кеш,
Жырың болсам мен сенің,
Сен – Нұрымсың!
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp