«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КУРСТА ҮЙРЕНГЕНІМДІ ҚОЛДАНЫП ЖҮРМІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айдынгүл АДИКЕНОВА,

Жамбыл орта мектебінің математика пәні мұғалімі.

Мұғалімдік мамандық адамтанумен пара-пар. Егер мұғалім болу жөнінде армандасаңыз, алдымен өзіңіз сол жұмысқа дайынсыз ба, жоқ әлде бейхабармысыз – соны зерттей білген жөн. Ф.Достоевскийдің “Өзіңнен өзіңді ізде, өзіңе өзің бағын, өзіңді өзің біл” дегеніндей, бар нәрсенің өзіңе байланысты екенін ұмытпау керек. Олай болса, мұғалім мамандығы – мамандық аталуының қайнар көзі, биік тұғыры. Бұл биікке адамның оңай келе салуға хақысы жоқ.

Мұғалімнің өз бетінше білімін жетілдіру, осы саладағы үздіксіз ізденісі, озат тәжірибені қолдануы, оны өзгелерге насихаттауы, жаңашылдық танытуы – шеберлікке жетудің жолы. Өз білімімді жетілдіру, заман өзгерісіне сай мұғалім болуға ұмтылу, жаңашылдықпен жұмыс істеу үшін 2013 жылдың наурыз айында Кембридж бағдарламасына негізделген үш айлық курстың 3 деңгейі бойынша біліктілік курсынан өттім. Осы курс барысында көп мәлімет алып, өзгеріске бет бұруға қадам бастым. Үш ай бойы біздің “Аманат” атты тобымызбен талмай жұмыс жасаған жаттықтырушымыз Гүлзат Әлжановаға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Себебі, Гүлзат Кенжебекқызының сусындатқан білімі арқылы, біз қолымызға сертификат алдық деп ойлаймын, сонымен қатар тобымызбен ол кісінің еңбегін ақтағанымыз үшін қуаныштымын. Осы курс бағдарламасы бойынша биылғы оқу жылынан бастап жұмыс істеуге қадам жасадым. Соның бірі кәсіби мерекемізге арнап әріптестеріммен курста біліп-түйгенімізді бөлісу, топпен жұмысты әрі қарай жандандыру, осы бағдарламаның тиімділігін және аталмыш курстан өтуге мұғалімдердің қызығушылығын ояту мақсатында “Мұғалім – адамтанушы мамандық” тақырыбында шеберлік сыныбын өткіздім.

Бұл жұмысты осы бағдарламаның ІІ деңгейі бойынша өткен қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлхан Имағанбетова және дене шынықтыру пәні мұғалімі Досым Имағанбетовпен бірге жоспарлай отырып, өткіздік. Мұғалімдерді жұмысқа жұмылдыруға дайындық ретінде, ең алдымен, психологиялық тренингтен бастадық. Жалпы ұстаздың еңбегі жөнінде таныстырылым көрсете отырып, топтарға “Ғасыр мектебі, ғасыр мұғалімі” тақырыбында постер құру тапсырылды. Бұл тапсырманы ұстаздардан құрылған топтар мінсіз орындап, өз ойларын ортаға сала білді, әртүрлі жаңа идеялар айтылды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, топпен жұмыс істеудің тиімділігі жөнінде қысқаша бейнефильм көрсетіліп, ұстаздар бұл бейнефильмнің не себепті көрсетілгені туралы және осыдан түйгендерін айтты. Мұғалімдердің осы жұмыс барысында әрі қарай қызығушылықтарын ояту мақсатында бой жазу жаттығуларын істете отырып, келесі тапсырмамызды әртүрлі жағдаяттарға арнадық. Бұл тапсырмада топтар жағдаяттан шығудың әртүрлі жолдарын көрсете білді. Сөз соңында әріптестеріміздің осы бағдарламадан алған әсерлерін сұрап білдік. Әріптестерді бұл шеберлік сыныбына қатыстыру арқылы олардың осы курсқа дайын екенін байқадым. Себебі, олар топпен жұмыс барысында әрбір тапсырманы жаңашылдықпен орындап, өз пікірлерін ашық түрде айта білді. Бұл тиісті сертификат алғалы Кембридж бағдарламасы бойынша өткізген алғашқы жұмысым болды, әлі де бойыма күш-жігерді жинай отырып, алған білімімді тәжірибеде қолданамын деген сенімдемін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp