«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІГЕ АРА ТҮСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

19 қарашада Мұрат Қадырбектің төрағалығымен облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болды.

Бұл жолғы жиында бір-ақ тәртіптік іс қаралды. Бірақ оны талқылау ұзаққа созылды. Ақыры Тәртіптік кеңес мүшелерінің көпшілігі Мамлют аудандық прокуратурасының аталмыш ауданның Жер қатынастары бөлімінің басшысы Жамбыл Дусеновке сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұрмалауға жол берді деп таққан кінәсіне заңдық негіз жеткіліксіз деп санап, оның үстінен қозғалған тәртіптік істі қысқарту қажет деген ұйғарымға келді.

Мәселенің мәнісі мынадай: үстіміздегі жылдың басында Мамлют ауданындағы “Тюркин және Со” ЖШС-нің директоры өзіне бекітіліп берілген жердің 759 гектарын өз еркімен мемлекетке қайтарған. Соған орай бұл жер телімі аудандық жер комиссиясының ұсынысына сәйкес аудандық әкімдіктің қаулысымен “Әйтеке Би-СК” ЖШС-іне мал шаруашылығымен айналысу үшін берілген. Аталмыш жер теліміне “Әйтеке Би-СК” ЖШС-інен басқа сұраныс жасаушы болмаған. Осы жөнінде ешкімнен шағым да түспеген, жер телімін бір пайдаланушыдан екінші пайдаланушыға беруден мемлекетке ешқандай зиян да келтірілмеген. Оның үстіне, босаған жер телімін басқа пайдаланушыға беру мәселесін Ж.Дусеновтің жалғыз өзі емес, алқалы орган – жер комиссиясы қарап, оның ұсынысы негізінде аудандық әкімдік тиісті шешім шығарған. Осыны ескере келе, Тәртіптік кеңес мүшелері Мамлют аудандық прокуратурасының ұстанымымен келіспей, Ж.Дусеновке ара түсті.

Отырыста Тәртіптік кеңестің үстіміздегі жылдың 10 айындағы қызметі және мемлекеттік органдардың жанындағы Тәртіптік комиссиялардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін бұрмалаушылықтарды қарау жөніндегі жұмыстары туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp