«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫ мен ТОЗЫҒЫ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырда келді. Осы діннің келуімен бүкіл Орталық Азия аймағына Исламның құндылықтары ғана емес, сондай-ақ оның мәдениетінің де еркін таралуына жол ашылды. Ата-бабадан қалған жәдігерлердің ішкі сырына үңіліп, тілін түсіне білген жан Ислам мәдениетінің ізін айқын көре алады. Сонымен қатар дала жыраулары мен ақындардың, дана билердің үкімдері де дін мен дәстүрді байланыстыра білгенін байқауға болады.

Әрбір адамзат баласы өзіне тән рухани ұстанымға ие. Олар: діні, ділі, тілі. Тіл мен ділдің құндылығы – өзімен бірге жасасып келе жатқан ұлттың салт-дәстүрінде, өнерінде. Дін – адамның рухани ажырамас азығы. Оларды бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттық болмыс құрайды.

Ислам діні – адам баласын саналы түрде тәрбиеге үйрететін дін. Тәрбие ана құрсағында басталады. Бұл жөнінде сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен білеміз. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын “Құрсақ шашу”, бала дүниеге келе салысымен болатын “Сүйінші сұрау”, “Азан шақырып, ат қою”, “Шілдехана тойы”, “Бесікке салу” – мұның бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Қазақ салт-дәстүрлері тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделіп отырған.

Қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен ұштасып жатыр деуге толық хақымыз бар. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі тек бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан: “Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар” деген аталы сөз қалған. Сондықтан да, ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Ал бұл дәстүр Исламда “ақиқа” деп аталады. Атаулары бөлек болғанымен, негізгі атқаратын міндеттері бірдей.

Бұдан кейінгі салттың бірі – “Тұсаукесер”. Бұл – баланың алғаш өмірге қадам жасауына арналған ата-ананың қуанышты тойы. Ал танымдық, тәрбиелік жағы кім көрінгенге емес, ауылдағы аса сыйлы, ел-жұрты құрмет тұтатын, өсіп-өнген, ардақты аналарға кестіру арқылы адамның қадірін де үлгі ету болса, рәсімнің тәртіптік рөлі алдымен ала жіппен тұсап алып, соны кестіру, бала бұл өмірде біреудің ала жібін аттамасын, яғни ұрлық жасамасын, алаяқтықтан аулақ жүрсін деген ұғымнан туса керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Баланы жеті жасқа дейін еркелет, кейінгі жеті жаста тәрбиеле, одан кейінгі жеті жаста онымен сырлас, ақылдас бол”, – деген өсиетін жетік түсінген халқымыз “Он үште отау иесі” деп баланы көтермелей отырып, болашақ отағасы болуға санасын ерте қалыптастыра бастайды.

Баланы сүндетке отырғызу – бағзы заманнан келе жатқан қазақтың дәстүрі. Оның Ислам дінінен бастау алатынын білмейтіндер де кездеседі. Алайда, бұл үрдіс қазақ басынан өткен қилы да қиын кезеңдердің өзінде жалғасын тауып келген.

Осы аттас салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәні бар, ақылға сыйымды болғандары қабылданады. Алайда, әдет-ғұрыптардың барлығы бірдей емес. Сондықтан, оларды бір жақты қарастыруға болмайды. Себебі, салттардың ішінде тыйым салынғаны да бар, сонымен қоса рұқсат етілетін, тіпті, орындау қажет болып табылатындары да бар. Мәселен, қымыз ішу, күрес, ат шаптыру сынды дәстүрлеріміз шариғатқа қайшы келмегендіктен, оны орындауда еш күнә жоқ. Ал бүгінгі күні қоғамға еніп, елдің сәнін кетіріп жүрген арақ ішу, құмар ойнау сынды қалыптасып бара жатқан жаман әдеттер қабылданбайды. Себебі, бұл шариғатымызға қайшы. Сол үшін халқымыз дастарқанына арақты жолатпаған еді.

Шариғатта “әл-урф” (ғұрып) және “әл-ада” (әдет) деп аталатын, салт-дәстүрлер мен адамдар арасында қалыптасқан нәрселерге сүйенетін үкімдер көп. Сондай-ақ “әл-қоуа`ид әл-фиқһия әл-кубра” деп аталатын, бүкіл ғалымдар бірауыздан келіскен, шариғаттың бес ұлы қағидаларының бірінде: “Әдет-ғұрыпқа хақысы беріледі” (әл-ада мухаккамә) деп айтылған. Бұл Исламда өте үлкен тақырып болып саналады, әрі бұл мәселеге байлынысты көптеген еңбектер жазылған. Ережеде: “Егер салт-дәстүр шариғатқа қайшы келмесе, онда оған артық көңіл бөлінеді”, делінген.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта салт-дәстүрлердің барлығы тыйым салынған деп санайтын кейбір адамдарды көріп жүрміз. Олар бір істі көрсе, әрі оның ата-бабаларымыз ұстанып келген дәстүрі екенін білсе, бірден қарсы шығып, оның Исламға сай немесе бұрыстығын тексермей, көптеген түсініспеушіліктердің туындауына себепші болуда.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің сүннетіне көз салсақ, Исламға дейін арабтардың екі үлкен мерекесі болғанын, оны Алла елшісі (с.ғ.с.) жойып жіберместен, бұл дұрыс емес деместен, сол мерекелерді Алланың екі айт сынды мерекеге айналдырғанын айтып, халықты қуандырған еді. Сол секілді Мединеге көшіп келген кезде, яһудилердің Ашура күнінде ораза ұстап жүргенін көріп, не себепті ораза ұстайтындықтарын сұраған уақытта олар: “Бұл күні Мұса пайғамбардың перғауынның зұлымдығынан құтылғандығы себепті ораза ұстағанын, сондықтан бұл күні ораза ұстауымыздың себебі сол” деген жауап алғанда, Мұсаға ең жақыны біз деп, Ашура күнінде үш күн ораза ұстағаны тарихтан белгілі. Бұл да халықтың арасында қалыптасқан кейбір істерді дұрыс емес дегеннен гөрі, оның балама нұсқасын ұсынған жөн екенін ұғындырса керек.

“Көрші ақысы – Тәңір хақысы” деп білген халқымыз көрші ақысын жоғары қойған. Бұл да – дінімізде терең орын алған қағидалардың бірі. Исламның дәстүрімізге сіңіп кеткені сонша – көптеген мақал-мәтелдер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен алынған. Мысалы: “Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып, жолдас тап”, – деген хадис бар. Халқымыз осы өсиетті нақылға айналдырып: “Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла”, – деген. Хадисте: “Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан”, – делінсе, халық арасында: “Асыққан – шайтанның ісі”, – деген нақыл кең тараған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Кеңес қылған ел азбас”, – деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзегіне айналдырып, бертін келе мақал ретінде айтылып, тіпті, қасына ұйқасын тауып, былай деген: “Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас”. Мұндай мысалдар жетерлік.

“Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” деп атам қазақ айтқандай, Темірқазықтай ұстанып келген дәстүрімізді кіршіксіз, кемшіліксіз пәк деп айтуға болмайды. Әу баста шынайы мақсатпен шариғатқа сай бастау алған қазағымның кей әдет-ғұрпы уақыт өте бұрмаланып бағытынан тайған. Солардың бірі – мұсылман адам дүниеден өткен соң жаназасында, жетісінде, қырқында, жыл дұғаларында жыртыс жырту, шүберек, орамал, тақия, жайнамаз, тағы басқа заттарды тарату. “Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді” демекші, қарапайым халық үшін бұларды өткізу бірсыпыра қаражатты талап етеді. “Жұрттан менің қай жерім кем?” дегенге салынып, белшесінен қарызға батып, несие алып жүрген адамдар да аз емес. Бұл үрдіс әу баста қайдан пайда болды деген сұраққа келсек, кезінде бай, қуатты мұсылман бабаларымыз пақыр кедейлерге киім тігіп кисін деген мақсатпен марқұмның атынан садақа ретінде таратқан екен. Қазіргі қоғамдағы жыртыс таратуда мұндай ізгі ниет байқалмайды. Оның үстіне жыртыс таратылған адамдар да кедей-кепшік емес. Бұл салт-кәдені жасауды дініміз парыз қылып жүктемеген. Сондықтан да ысырап пен бақталастыққа апаратын жоралғыдан тыйылу – шариғат, заман талабы. Себебі, Алла тағала Құранда: “Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді” (Әнғам сүресі, 141-аят) деп ескерткен.

Алла тағала біздерді ысырап етушілерден сақтасын! 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp