«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙҚЫН ҚАЛАМЫ” – оқушылар қолында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шұқыркөл ауылының перзенті, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушісі – Айқын Нұрқатов. Қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан тұлғаның есімін ардақтау – елдік парыз. Осыған орай Шұқыркөл орта мектебінде оқушылар арасында “Айқын қаламы” атты аудандық әдеби байқау өтті. Осы күндері Алматы қаласында Айқын Нұрқатовтың төрт томдық кітабы жарық көргенін де айта кеткен жөн. Байқаудың мақсаты – қазақ әдебиетінің шалқар айдынында еркін жүзген, рухани еркіндіктің зеңгір көгінде шарықтай самғаған жазушының шығармашылық еңбегіне жас ұрпақтың қызығушылық пен сүйіспеншілік сезімдерін ояту.

Сағыныш УРАЗБЕКОВА,

Бердібек ШАЛОВ.

Аталған байқауға мектеп түлектері – Көкшетау қаласында қызмет етіп жүрген профессор, физика-математика ғылымының кандидаты, математик-экономист, этнограф, өлке-фольклортанушы ғалым Есмағанбет Мұсатай, журналист, саясаттанушы Үкітай Ахмадиев, жеке кәсіпкер Бағлан Алғожин, Қарағанды қаласынан арнайы шақырумен келген Білім беру саласының үздігі Рымза Бекова және ауыл тұрғыны, зейнеткер, ғұмыр бойы тарих мұғалімі болып қызмет атқарған Еркін Сейтенов құрметті қонақ ретінде шақырылды. Аталған кісілер қазылар алқасы құрамына кіріп, өз іскерлік, кәсіби шеберліктерін жан-жақты көрсете білді.

Алдымен қонақтар мектептің Айқын Нұрқатов атындағы мұражайын көріп, тәнті болды. Байқау басталмас бұрын қонақтар сөз алып, жиналған қауымды жазушы өмірі мен шығармашылық жетістіктерімен таныстырды.

Байқауға ауданның 6 мектебінің 24 оқушысы қатысты. Олар 3 аталым: “Аудармашылық жұмыс”, “Мектептің ең үздік басылымы” және “Әдеби сын” бойынша өз шеберліктерін көрсетуге тырысты. Нәтижесінде “Аудармашылық жұмыс” аталымында 1-ші орынды Новоишим қазақ орта мектебінің (НҚОМ) оқушысы Назгүл Айсенова иеленді. 2-ші орында Шұқыркөл ОМ-нің оқушысы Айғаным Байсары, ал 3-ші орынды: Чистополье ОМ-нің оқушысы Назгүл Әскербек, Шұқыркөл ОМ-нің оқушысы Әйгерім Әбілқайыр, Пески ОМ-нің оқушысы Юлия Середа бөлісті. “Мектептің ең үздік басылымы” аталымы бойынша 1-ші орынды Шұқыркөл ОМ-нің оқушысы Елнұр Есет иеленді, 2-ші орынды НҚОМ-нің оқушылары Майгүл Төлеген мен Нұрбақыт Боршенова алса, 3-ші орын Пески ОМ-нің оқушысы Илона Пфайферге бұйырды. “Әдеби сын” аталымы бойынша 1-ші орын НҚОМ-нің оқушысы Айнұр Молдашқа бұйырды, 2-ші орынға НҚОМ-нің оқушысы Нұрбақыт Боршенова ие болды, 3-ші орынды Жаманшұбар мектебінің оқушысы Әсем Утешова иеленді.

Жеңімпаздарға мадақтамаға қоса ақшалай сыйлық берілді. Дәстүр бойынша жеңімпаздардың фотосуреттері “Айқын қаламы” байқауына арналған Құрмет кітабына енгізілді. Бұл байқау осымен екінші жыл өтіп отыр. Алдыңғы жылы осы кітапқа Совет Болаттың фотосы ғана енсе, міне, осы жылы үш оқушының аты мен фотолары енбек. Ал келген қонақтар мұражайдың кітабына өз қолтаңбаларын қалдырды. Марапат рәсімінен кейін Шұқыркөл мектебінің оқушылары жиналған қауымға шағын концерт ұсынды.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp