«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕРТІНЕ ДАУА ІЗДЕГЕНДЕР таусылмастай сергелдеңге түседі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласының шет жағындағы “Черемушки” шағынауданының басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарының жас-кәрісі қысы-жазы жауын-шашын демей қаланың орталығындағы №1 емханаға барады. Соңғы кезде Черемушкиде орналасқан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бір жақ қапталынан медициналық қосын ашылған. Бірақ оның ашылуымен осы шағынаудандағы сырқат жандардың мәселелері толығымен шешілді деуге болмайды. 

Черемушкидегі медициналық қосын дүйсенбі-сәрсенбі күндері таңғы сағат 8-ден түскі 12-ге дейін, бейсенбі мен жұмада 8-ден 11-ге дейін жұмыс істейді. Медициналық қосында №1 емхананың дәрігерлері бір айдан кезекшілік етеді. Кезекшілік ай сайын ауысып отыратындықтан, дәрігер науқасты енді зерттеп біле берген кезде межелі уақыты бітіп, орнына жаңа маман келеді. Дәрігердің жанына екі медбике бекітілген. Одан бөлек, сағат 10-нан 12-ге дейін науқастарға белгіленген ем-шараларды жүзеге асыратын, яғни егу салатын медбике бар. Бұл, әрине, сырқат жандарға жасалған жеңілдік.

Алайда, кезекші дәрігерге көрінгеннен кейін науқасқа нақты диагноз қойылып, ем-дом белгіленуі үшін сырқаттың түрлі анализ тапсыруы керектігі барша жұртқа аян. Оларды тапсыру уақыты №1 емханада таңғы 8-ден 9-ға дейін жүргізіледі. Жай да ауырып жүрген адамның нағыз сергелдеңі сонда басталады. “Ауру қадірін сау білмес” дегендей, өз басыңа түспей, науқас жандардың мұң-мұқтажын біле бермейміз. Олар ауыруын айта бастаса, ұнатпай қабақ шытатынымыз тағы бар. “Қай жерің ауырса, жан – сол жерде” деген бар емес пе? Олар да қай жетіскенінен ауруын айтады дейсің, жанына батқан соң айтады да. Таяуда өзім де осы жандардың кейпіне түсіп, дәрігерлердің алдына баруыма тура келді. Емделе жүріп, сырқат жандардың біраз мұң-мұқтаждарына да қанық болдым.

– Анализ тапсыру үшін аяғы сау, жүріп-тұруға шамасы барлар бір амалын тауып, жетеді-ау, ал зейнетке шыққан, ауру-сырқауы басым, біз сияқты жандардың орталықтағы емханаға жетуінің өзі бір машақат. Өйткені, бұл шағынауданнан аталмыш емханаға тура автобус қатынамайды. Ол үшін М. Жұмабаев көшесі бойымен жүретін №5-ші бағыттағы автобусқа бару керек. Кешігіп қалмау үшін таңғы сағат алтыдан тұрып, қам жасайсың. Қазір күн жылы, ал қыстың көзі қырауда жылы төсегіңнен тұрып, емханаға жетем дегенше ауруыңа ауру жамап алмасыңа кім кепіл?! Бірақ ауру жаныңа батқан соң, әйтеуір, бір көмегі болар деген үмітпен барамыз, – дейді зейнеткер Иванов.

№1 емханаға келіп, дәрігердің қарауынан өтетіндердің қарасы да қалың. Шаһарымыздың Черемушки шағынауданынан басқа Ойқала, Жұмысшы кенті, ДСР, тағы басқа шағынаудандардың тұрғындары (шамамен 52 мыңға жуық) осы емханада дәрігер кеңесін алады. Адамдар санының көптігі, дәрігерлердің жетіспеушілігі қызмет көрсету сапасына кері ықпал ететіні анық. Дәрігерлердің қабылдауына талон беру таңғы 7 сағат 30 минуттан басталады. Ал сағат 8-ден кейін келсең, талон ала алмай қалуың әбден мүмкін. Қажетті дәрігерге көрінуге бір күнде түсе қоюың да неғайбіл. Оны дерттеріне шипа іздеп, ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінген сырқаттардың сөздерінен аңғару қиынға соқпайды.

– Учаскелік терапевт-дәрігер ауруымның сипатына байланысты невропатологқа жолдама берді. Ол бойынша невропатологтың қабылдауына екі күн дегенде зорға түстім. Дәрігер буындарымды рентгенге түсіруге жолдама жазып бергенімен, техникалық себептерге байланысты №1 емханада ондай қызмет көрсетілмейді екен. Сондықтан №2 емханаға барып, ақылы рентгеннен өттім, енді сол бойынша ем тағайындату үшін невропатологтың қабылдауын күтіп отырмын, – дейді Арғын есімді азамат.

Үшінші топтағы мүгедектігі бар Валентина: “Дәрігерге талон алу үшін таңғы сағат алтыдан тұрып келдім. Қабылдауға 12-де кіремін. Әрлі-берлі жүретін шамам жоқ, енді үйге дәрігерге көрініп бір-ақ кетемін”, – десе, тағы бірі: “Маман дәрігерлердің есіктерінде қабылдау уақыты 8-ден деп жазылғанымен, көпшілігі жұмысты 20-30 минутқа кеш бастайды. Оның арасында кабинетті кварцтауға жабатындары тағы бар, осылайша күні бойы сандалып жүресің”, – дейді.

Олардың шағымдары осылайша жалғасып кете береді. Сырқат жандар медициналық қосын мен №1 емхана, одан қала берді басқа емханалардың арасында ерсілі-қарсылы сандалып жүргенде Черемушкидегі кезекші дәрігердің де қабылдауы аяқталады немесе ол ауысып, орнына басқасы келеді. Оның ұшықиырына жетуге жүйкең шыдаса, ем қабылдайсың, шыдамаса, қолыңды бір-ақ сілтеп, “Алланың жазғанын көремін”, – дейсің.

Науқастардың медициналық қызметтің мұндай түріне көңілдері толмайды. Олар да әрлі-берлі сабылмай, мүмкіндігінше бір жерден кешенді түрде ем қабылдасақ деген тілектерін айтады. Черемушки шағынауданының тұрғындары өздерінің осы бір өзекті мәселелеріне билік басындағылар көңіл бөліп, әлі де болса оң шешімін табар деген үміттерін үзбейді.

(Науқастардың өтініштері бойынша аты-жөндері өзгертілген).

  Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp