Қарашаның соңғы бейсенбісінде облыстың жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған он екі білім беру мекемесінде “Бөбек” қорының президенті Сара Назарбаеваның бастамасымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің қолдауымен “Ризашылық” – “Мейірімділік балалар игілігі үшін!” атты қайырымдылық мерекесі өтеді.
Ирина ПОПОВА,
СҚО Балалар құқықтарын
қорғау жөніндегі басқарманың бас маманы.
Қайырымдылық мерекесінің негізгі мақсаты – балаларға көңілді отбасылық күй сыйлау, бүлдіршіндерді ересек жандардың ыстық ықыласына бөлеп, ерекше назар аудару. Бұған қоса атаулы мереке мектеп-интернаттардың, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің өміріне етене араласқан барлық адамдарға олардың ризашылық сезімдерін қалыптастырып, балаларды адамдарға түсінушілікпен қарауға, сыйластыққа, қайырымдылық пен мейірбандылық қағидалары бойынша өмір сүруге үйретіп, мәдениетті, келісім мен бірлікті дамытуға ынталандырады. Балалардың алғыстары ізгі естелікпен, жақсы істермен, жылы сөздермен көрініс табады. Шара сонымен қатар жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелеріне қоғамның назарын аударуды көздейді.
Ризашылық күні адамдар жақындарына қамқорлық көрсетіп, бір-біріне алғыстарын білдіреді. Бұл – ерекше күн. Ол таңертеңгі бой жазу жаттығуынан басталып, кешке дейін жалғасады. Мерекенің әр кезеңі мұқият ойластырылады. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған білім беру ұйымдарында әрқайсысының міндеттері алдын ала бөлініп, алдағы мерекеге зор ынтамен дайындық жүргізіледі. Балалар үлкендермен бірлесіп, алғыс жазылған ашық хаттар дайындап, қабырға газеттерін шығарады, тақырыптық костюмдер әзірлеп, өздерінің бөлмелерін безендіреді.
Дәстүр бойынша Балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілеріне еліміздің бірінші ханымының атынан салтанатты түрде сыйлықтар таратылады. 2009 жылдан бергі берілген сыйлықтар да әртүрлі. Олардың арасында плазмалық теледидар, караоке, балалар кітаптарының “Барша заман мен халықтардың 30 үздік кітабы” кітапханасы, әсем гүлдердің түр-түрінен құралған “Ризашылық бағы”, еңбек дағдыларын дамыту үшін қыздарға арналған “Шебер қолдар”, ұлдарға слесарлық және ағаш жону жұмыстарына арналған “Сиқырлы чемодан”, ұлдар мен қыздар үшін “Жас бағбан” құрал-жабдықтары және тоқу мен кесте тігуге қажетті жиынтықтары бар.
2013 жылғы сыйлықтар жас ерекшеліктері әртүрлі топтардағы балалардың денсаулығын нығайтуға ықпал ететін болады.
Нақ сол күні балаларға олардың көптеген қамқоршылары, достары келеді. Балалар ересектермен бірге ойнап, ән салады, би билеп, сурет салады, осылайша уақыттарын көңілді өткізеді.
Мереке күні түрлі ойындарға, конкурстарға, концерттік бағдарламаларға толы болады. Кешке жайылған отбасылық дастарқан басында балалар мен ересектер өткен күннен алған әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік алады.