Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылының тұрғындары ауыз су мәселесі төңірегіндегі дау-дамайдан шаршайтындай болды. Бұрын таза су шыққан құдық суының сапасы төмендеп, ішуге жарамай қалғаннан бері олар тіршілік нәрін көрші ауылдардан тасып, күндерін көріп келеді. 2010 жылдан бері ноғайбайлықтар ел іргесіне келіп тұратын ауызсуды ішер күн алыс емес деп ойласа да, бұл армандары сағымдай көрініп, қол жеткізер емес. Қарақоға ауылынан Ноғайбайға су құбырының тартылғанына екі жыл болса, ауыл іргесінде былтырдан бері құрылысы жүргізіліп жатқан сорғы стансасына олар сырттан ғана тамсанып қояды. Ал ауыл ішіне тартыла бастаған құбырдың жарты жолдан тоқтатылып қалу мәнісін түсінбей, тағы алаңдайды. Бұл құрылысты тендер бойынша жүргізіп жатқан мердігер неге мұндай әрекетке барып, біздің жағдайымызды ойламай отыр деген реніштерін айтады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шынында да, сорғы стансасы алаңы жобалық-сметалық құжаттар бойынша салынып, ауыл ішіне тартыла бастаған құбырдың бітуіне 100 метр қалғанда құрылыстың тоқтатылу себебін ойлап, кез келген адам желкесін қасыры анық. Оған тапсырыс беруші аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы Александр Ушаковтың айтуынша, нысан 1-ші қыркүйек күні тапсырылуы керек болатын. Алайда, мердігер оны уақытында аяқтамаған соң бұл іске заңды түрде сотты араластыруға тура келген. Содан бері үшінші ай мердігерге күніне 0,01 пайыз айыппұл есептеліп жатыр. Ал, бірақ, бұл шара да мердігерді қобалжытар емес. Осылайша екі жақ “жағаласып” жүрген кезде ауыл тұрғындары Қарақоға мен Булаевоның екі ортасында су тасушының жолын тосумен әлі жүр.
– Бұл жерде 3-4 күндік қана жұмыс қалған. Ауыл ішіне енгізілген құбырдың соңғы бөлігін салып, су сақтайтын орынды тазалап, су құйып, оның сараптамасын жасап, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге бір-ақ қана қадам қалды. Алайда, оған мердігер асығар емес. Бұл, әрине, оның тарапынан көрсетілген жауапсыздық, – дейді Александр Ушаков.
Құрылыс басындағы жұмысты өз көзімізбен көріп қайтқан соң, бұл жағдайдың мәнісін түсіну үшін екінші жақтың да айтар уәжін тыңдауды жөн көріп, аталмыш нысандағы құрылыс жұмыстарына жауапты “Қанат МСО” ЖШС-нің басшысы Асылбек Әйкеновке жолыққанымызда оның да берер жауабы дайын екен. Ол өз сөзінде: “Тапсырыс беруші тендерде көрсетілген ереже бойынша әр орындалған жұмыстың төлемақысын уақтылы есепшотқа аудармай отыр. Жұмысты соңына дейін бітіріп тастасам, олар тиісті ақшамды толық бермей кетеді”, – деген күмәнді ойының бар екенін жеткізді. Ол бұл жобаға өз қалтасынан 6 миллион теңге салғанын, атқарған жұмысы бойынша әлі де тапсырыс иесінен 9 миллион теңге алу керектігін алға тартады.
– Соттағы екінші кездесуімізде Александр Ушаковтың өзі нысандағы атқарылмаған жұмыс 1 миллион 200 мың теңге деген дерек берді. Ендеше олар атқарылған жұмыстардың ақысын төлеуге тиіс. Мен жұмысшыларға еңбекақыларын беретін қаржы таба алмай, қиналып жүрмін. Ауыл ақсақалдарының өтінішін жерге тастамай, бұл құрылысты жақын арада бітіремін. Бірақ, еңбектің ақысы дұрыс төленуі керек. Мен бұл әрекетке бұған дейін де ауызым күйген соң барып отырмын, – дейді мердігер.
Тапсырыс беруші мен мердігердің әрқайсысы өзін ақтап алудың қамын жасағаннан кейін бұл мәселенің ақ-қарасын айырудың өзі қиындап кетті. “Екі қошқар сүзіссе, ортасында шыбын өледінің” керін осы оқиғадан көргендей болдым. Осылайша екі оттың ортасында ноғайбайлықтар қалған. Облыс әкімі Самат Ескендіров жақында облыс әкімдігінде болған басқосуда бұл мәселе осы жылдың 1-ші желтоқсанына дейін шешілсін деген қатаң тапсырма берді. Белгіленген уақыт та алыс емес. Ендеше Ноғайбай ауылына таза ауызсу жеткізілді деген жаңалыққа баршамыз қуанатын күннің жақын қалғанына сенеміз.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.