«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САЛТАНАТТАҒЫ” СЕМИНАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы “Салтанат” бөбекжай-бақшасында тәжірибе алмасуға байланысты семинар өтті. Оның жұмысына қалалық Білім бөлімінің, қаладағы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемелерінің және Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласының “Бөбек” балабақшасының өкілдері қатысты. 

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Облыстық Білім басқармасының тапсырмасы бойынша мектепке дейінгі мекемелер ауылдық жерлердегі балабақшалармен ынтымақтаса жұмыс істеп, олармен тәжірибе алмасамыз. Бізге екі балабақша бекітілген. Солардың бірі – қаламыздағы орыс тілінде тәрбие беретін “Ашық аспан” жекеменшік мекемесі, екіншісі – Сергеевка қаласындағы “Бөбек” балабақшасы. Ынтымақтаса жұмыс істеу жоспарына сәйкес шараны алғашқы болып бастап отырмыз. Біздің тәрбиешілеріміз “Көркем әдебиет құралдары арқылы мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту” тақырыбы бойынша шаралар әзірлеп, семинарға қатысушылардың назарына ұсынып отыр, – деді бөбекжай-бақшаның меңгерушісі Айгүл Нәсилова.

Мектеп жасына дейінгі баланың айналадағы өмірді танып-білудегі басты жәрдемшісі – тіл. Тілдің дамуы баланың санасезімінің, ой-өрісінің, дүниетанымының жетіле түсуіне, сөздік қорын байытуына негіз болады. Шараның шымылдығын ашқан бөбекжай-бақшаның әдіскері Меруерт Керейбаеваның “Мектеп жасына дейінгі бала тілінің дамуына халық ауыз әдебиетінің әсері” деген тақырыпта жасаған баяндамасы осы жайлы болды. Меруерт Серікқызы бала тілін дамыту үшін мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды тәрбиешілердің өз сабақтарында қолдану әдіс-тәсілдеріне тоқталды. Оларды бүлдіршіндерге жаттату кезінде сөздерді дұрыс, дыбыстарды анық айтудың маңыздылығына баса көңіл бөлу керектігін ескертті.

Одан әрі семинарға жиналғандар қолдарына алдын ала таратылған қызыл және сары түсті қағаздар бойынша екі топқа бөлінді. Олардың бірі – №2 сәбилер тобындағы Айнаш Қапарованың “Менің көңілді добым”, келесілері №4 естиярлар тобында Алфера Әбдрахиева өткізген “Ертегілер елінде” шараларына бөлініп қатысты. Сонымен қатар қонақтар назарына тәрбиешілер Зәуре Рақымжанованың №5 естиярлар тобындағы “Күз келбеті”, Риза Әбдірахманованың №6 ересектер тобында өткізген “Туған өлкедегі күз” тақырыптарындағы сабақтары ұсынылды.

“Кішкентай дән” туралы ертегі атты музыкалық, көркем-әдеби қойылымға тәрбиешілермен бірге әуен жетекшісі Гүлнар Кенженева мен хореограф Елена Мұстафинаның тер төккені көрініп тұрды. Балалар олардың жетекшілік етуімен бал тілдерімен былдырлап ән салып, майыса би билеп, өнерлерін көрсетті.

“Салтанат” бөбекжай-бақшаның ұжымы ата-аналармен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оны ата-аналар мен балалардың “Менің байтақ өлкем” атты бірлескен шығармашылық көрмесінен аңғаруға болады.

Семинар қонақтары шара соңында өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді. Ұйымдастырушыларға алғыстарын арнап, келесі жолы Сергеевка қаласында кездесетін болды. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp