Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әлі де болса айығып кете қоймаған әлемдік қаржы дағдарысы анау-мынау емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының бюджетіне тізе батырып отырған болса, не дерсің? БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Бас Ассамблеяның 68-ші сессиясының Бесінші комитеті делегаттарының қарауына 2014-2015 жылдарға арналған БҰҰ бюджеті жөніндегі ұсынысын түсірді. Бас хатшы олардан ұйым бюджетін 5,404 млрд. доллар көлемінде бекітуді сұрады. Ұйым басшысы сұрап отырған жаңа бюджеттің қазіргі екіжылдық бюджетке қарағанда 2,9 пайызға кем екенін айта кеткен жөн. Бюджеттегі мұндай “үнемге” негізінен жоспарланған 290-ға жуық лауазымды қысқарту арқылы қол жеткізілетіні жайында БҰҰ-ның Жаңалықтар орталығы хабарлады.
Бас хатшы жаңа бюджеттің және оның негізіндегі бағдарламаның БҰҰ-ның бейбітшілікті қамтамасыз ету, адам құқын дамыту мен қорғау жөніндегі өз міндеттерін неғұрлым тиімді атқаруға бағытталатынын атап өтті. Десе де, Пан Ги Мунның БҰҰ бюджетін қысқарту жөніндегі ұсынысы амалсыздан шыққан сөз екенін комитеттегілердің көбі түсінді. Өйткені, бұл жаһандық қаржылық дағдарыстың зардабы екені белгілі. БҰҰ-ның тұрақты бюджеті ұйымға қатысушы елдердің жарнасынан құралады. Жарна деңгейін әрбір үш жылда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы белгілейді. Бұл ретте Бас Ассамблея оған мүше елдер экономикасының даму деңгейі мен тұрғындар санын есепке алады.
Жаһандық ұйымға жарна төлеуде көбінесе борышкерлер тізімінде жүретін АҚШ-тың өзі де қазір бюджеттік дағдарыстан шығуға жанталаса жол іздеуде. Ондағы екі партияның және Конгрестің екі палатасының өкілдерінен тұратын заң шығарушылар тобы осы айда үкіметтің ішінара жабылуына әкеліп соққан осы тығырықтан шығу жолын іздестіру жұмысына кірісті. Партияаралық бюджеттік комитет федералдық үкіметтің қаржы жұмсау өкілеттігі біткенше одан бірнеше апта бұрын – желтоқсанның ортасына дейін қаржылық келісім жасауы тиіс.
Сөйтіп, таяудағы алты аптаның ішінде комитет Конгрестің бірнеше жылдан бері қолы жетпеген федералдық шығыстар деңгейі бойынша демократтар мен республикалықтардың көзқарастарын келістіріп, мүмкіндігінше елдің таяудағы онжылдыққа қаржылық жағдайын жақсарту жоспарын жасауы керек. Республикалықтар салықты көтеруге қарсы екенін білдіруде. Бұл туралы, мысалы, Палата өкілдері бюджет комитетінің төрағасы Пол Райан мәлімдеді. Оның ойынша, қарапайым отбасыларға салық салмағын батырмай, кірістерді ұлғайту экономикалық өсім арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Өз тарапынан демократтар елдің қаржылық мәселелерін шешуді тек шығыстарды азайту арқылы жүзеге асыру керек деп есептейді, бірақ бұл да жол тапқандық емес. Сенаттың бюджеттік комитетінің төрайымы Пэтти Мюррейдің айтуынша, ол тек мына жағдайда, егер республикалықтар кірістер мәселесінде де дәл осындай икемділік танытатын болса, онда егде жастағы америкалықтарға зейнетақы төлеу және медициналық қызмет көрсетудің шығынды бағдарламаларын реформалауға қолдап, қол көтеруге дайын.
АҚШ-та бюджеттік дағдарыстың туындап отырған себебі – көптеген демократтар әлеуметтік бағдарламалардың жаңа қысқартуына жол бергісі келмейді, сол сияқты көптеген республикалықтар әскери бюджеттің кемітілуіне секемдене қарайды. Әрине, комитет секвестрді үнемнің басқа шараларымен де ауыстыра алады, бұл жағдайда демократтар мен республикалықтар арасында бюджеттік келісімге қол жеткізілуі керек. Мұндай келісім сол сияқты алдағы қаңтар айындағы федералдық үкіметтің қаржыландырылуы тағы тоқтатылып қалғандай болған жағдайда кезекті үкіметтің жабылу қаупін сейілтеді.
Осындай бюджеттік дағдарыстан шыға алмай отырған АҚШ өзінің әріптестерінің валюталық саясатына да разы емес. Жуырда Ақ үй Берлиннің экономикалық саясатын сынға алып, әлемдік валюта нарығындағы жағдайға жасаған тұрақты шолуында Германияның экспортқа бағдар ұстануының еуропалық экономиканы қалпына келтіруге кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді. АҚШ-тың Қаржы министрлігі жылына екі рет дайындайтын бұл шолуда сынның дәстүрлі басты нысаны Қытай болды. Вашингтонның пікірінше, Аспан асты елі өзінің экспортшыларын қолдау мақсатымен ұлттық валюта бағамын қасақана төмендетеді. Сондай-ақ құжатта Германия мен ҚХР-дан басқа Жапон үкіметі жүргізіп отырған монетарлық ынталандыру саясаты да сынға алынған.
Жартыжылдық шолуда көрсетілгеніндей, Германия ішкі сұраныстың баяу өсуі жағдайында Қытайдың дәл осындай көрсеткішінен асып түсетін төлем балансының үлкен профицитіне ие. Дағдарыс кезеңінде, Германияның әріптестері ішкі сұраныстың түсіп кеткен жағдайында импортты қысқарту қажеттілігімен бетпе-бет келді, мұндай экономикалық саясат еуроаймақтың басқа елдерінің экономикасына теріс ықпалын тигізді.
Біз бүгін мүйізі қарағайдай экономика серкелерін сөз еттік. Осыдан бес жыл бұрынғы әлемдік қаржы дағдарысынан есеңгіреп қалған олар ес жия алмай отырғанда олардан кейінгі дамушы елдерге не жорық? “Түйені жел шайқаа, ешкіні аспаннан көресің” дегеннің кері де…