Таяу арада Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары теледидарды ең жоғары сапада тегін көре алатын болады. Жылдың соңына дейін цифрлық телехабар тарату желісі еліміздің барлық облыс орталықтарында, оның ішінде Петропавл қаласында іске қосылады. Цифрлық хабар таратуға көшу жұмысының барысы мен жаңа желіге қосылу үшін не істеу қажеттігі жөнінде “Қазтелерадио” АҚ филиалының директоры Ғалымбек Нұрбалиевпен әңгімелесуді жөн көрдік.
– Ғалымбек Қойшыбекұлы, біздің облыста цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін іске қосу үшін қандай жұмыстар атқарылды?
– Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін 13 облыста іске қосуды қарастыратын “цифрлық” стандартқа көшу жұмыстарының екінші кезеңі аясында эфирлік жер бетіндегі телерадиотрансляциялау желісі үшін жиілік-аумақтық жоспар құрылды. Біз радиотелехабар тарату стансаларын жетілдіру және жаңа РТС құрылысы бойынша жұмыстар жүргіздік. Жоспарға сәйкес, облыс бойынша 1 жаңа РТС пен жұмыс істеп тұрған 41 РТС қарастырылған. Қазір ең соңғы тестілеу жұмыстары жүргізілуде.
Петропавл қаласы мен қала маңындағы елді мекендерде цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінің ресми түрде іске қосылу рәсімі үстіміздегі жылдың желтоқсан айының басында жоспарланған. Сондай-ақ қараша айында біздің қалада желі тестілеу тәртібінде жұмыс істейді деп күтілуде. Желі іске қосылған сәтте мынадай телеарналар қолжетімді болады: “Қазақстан”, “Мәдениет”, “Балапан” SD, “Балапан” HD, “Хабар”, “Ел арна”, “Kazakh TV”, “Білім”, “24 KZ”, “Астана”, “КТК”, “7 канал”, “7 news”, “Первый канал Евразия”, “МИР”, “31 канал”, “НТК”, “Таң”, “СТВ”, “MuzZone”, “Hit TV”, Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясы, “Алматы”, “МТРА телеканал”. Телеарналар тізімі ҚР Үкімет қаулысымен бекітілген. Біздің облыстың қалған аумақтарына келетін болсақ, оларда жоспар бойынша 2015 жылдың IV тоқсанында іске қосылуы тиіс.
– Цифрлық телевизияның артықшылықтары туралы көп айтылуда, әсіресе, бейненің жоғары сапалылығына назар аударылады. Телехабар таратудың жаңа стандартына көшу тағы қандай артықшылықтар береді?
– Бейне анық көрсетеді, аналогтық телехабар таратумен салыстырғанда, бөтен шу жоқ деген секілді Сіз айтқан сападан өзге бірқатар техникалық артықшылықтары бар. Цифрлық хабар таратуды қолдану – жиіліктер диапазон қорын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір еліміздегі жиілік тапшылығы жағдайында, телехабар таратудың жаңа технологиясы бір жиілікте бірнеше телеарнаны жоғары сапада таратуға мүмкіндік береді.
Дегенмен, ең басты артықшылығы – облыста цифрлық телехабар тарату жүйесін енгізу бұрын бір-екі телеарнаны ғана көріп келген шалғай ауылдардың тұрғындарына – 15, облыс орталықтарында 30-ға дейін телеарнаны тегін тамашалауға жол ашады.
– Яғни, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінің абоненті атану үшін қажетті қондырғыны сатып алса, сол ғана жеткілікті бола ма?
– Иә. Қабылдағыш сатып алып, 193 нөмірі бойынша Сall-орталыққа немесе жергілікті Сату орталығына хабарласып, тіркеуден өту қажет. Сату орталықтарының нөмірі otautv.kz сайтында бар.
– Сол қондырғы қанша тұрады және оны қай жерден алу керек?
– Тұрмыстық техника дүкендерінен цифрлық эфирлік қабылдағыш немесе ресивер сатып алу керек. Оның бағасын өндірушілер және сауда желілері анықтайды. Сондай-ақ халыққа қабылдағыштарды авторластырылған дилерлер желісі арқылы сату жолға қойылған.
Егер абоненттің теледидары DVB-T2 цифрлық стандартына сәйкес болса, теледидарға қондырылатын тюнер – “САМ-модуль” сатып алуға болады. Оның бағасы қабылдағыштан төмен. Нұсқаулыққа қарап, абонент қондырғыларды өзі қостыра алады.
– Цифрлық телехабар тарату желісін кім тұтынады?
– Жүйе толық жұмыс істеген кезде, цифрлық телехабар сигналын Солтүстік Қазақстан облысының барлық тұрғындары қабылдай алатын болады. Бірақ біздің негізгі тұтынушымыз – ауылдық жерлер тұрғындары. Олар үшін телевизия – ауыл мен қала арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға себеп болатын мүмкіндік. Ең шалғай орналасқан ауылдардың тұрғындары да ірі қала тұрғындары секілді қызмет түрлерін пайдаланулары тиіс.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстанның телерадиохабар тарату жүйесіндегі барлық жаңалықтары – 2006 жылы аналогтық желіден цифрлық жүйеге көшу жөніндегі халықаралық конвенцияда алға қойған тапсырмаларды орындауға бағытталған. Естеріңізге сала кетсек, конвенция Женевада қабылданып, оны Қазақстанды қосқанда, әлемнің 104 мемлекеті мақұлдаған болатын.
– Егер абонент цифрлық сигналды сенімді қабылдау аймағынан тыс жерде орналасса, ұлттық жерсеріктік “OTAU TV” телерадиохабар тарату желісіне қосылу мүмкіндігі бар екені белгілі. Осы желі туралы толығырақ айтып беріңізші.
– “Қазтелерадио” компаниясының мақсаты – республика халқын отандық телерадиоарналардың сапалы сигналымен қамтамасыз ету, ал бұл қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға мүмкіндік бермек. Өйткені ауыл-село жартысына жуығы ғана аналогтық эфирлік хабар тарату желісі арқылы небары 4-5 телеарналарда көріп келді ғой. Әсіресе, кабельдік немесе өзге желілер арқылы отандық телеарналарды тамашалау мүмкіндігі жоқ шалғай жатқан ауыл тұрғындарына бұл мәселе қиын болатын. Сондықтан да, еліміздің кез келген елді мекенінен қосылып, абоненттік төлемсіз 45 телерадиоарнаны тамашалауға мүмкіндік беретін “OTAU TV” желісі құрылды.
– “OTAU TV”-нің кабелдік операторлар алдында қандай артықшылықтары бар?
– “OTAU TV” жерсеріктік телехабар тарату желісінің ең басты артықшылығы сол, елді мекенге қажетті кабель өткізді ме, жоқ па, оған қарамастан, сигнал жерсеріктен қабылданады. Сондықтан, “OTAU TV” жерсеріктік сигналы Қазақстан аумағының 100 пайызын қамтиды. Бүгінде республикада “OTAU TV” Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісіне қосылмаған бірде-бір елді мекен жоқ. Екіншіден, “OTAU TV”-нің тегін “Базалық” топтамасы бар, ол 38 теле- және 7 радиоарнадан тұрады. Абонент бір-ақ рет шығындалады, ай сайынғы абоненттік төлемақы жоқ. Ал егер абонент танымал деген шетелдік телеарналарды тамашалаймын десе қолжетімді бағамен ақылы топтамаларға (“Стандарт” – 1000 тг., “Элит” – 2000 тг.) қосыла алады.
– Үйіне Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісінің қондырғысын орнатқысы келгендер не істеу қажет?
– “OTAU TV” қызметіне қосылу үшін біздің облыста да дилерлік желі жұмыс істеп тұр. Болашақ абонент Петропавл қаласындағы Брусиловский көшесі, 1-үй мекенжайы бойынша орналасқан “Қазтелерадио” АҚ филиалының Сату орталығына 8(7152) 36-04-70 телефоны арқылы хабарласып, өтініш қалдыруы керек. Сонымен қатар, www.otautv.kz арқылы онлайн тәртібінде де сұраныс қалдыруға болады. Бұдан кейін сұраным дилерге жөнелтіледі, оның жүзеге асырылуын біз қадағалаймыз. Сізге ыңғайлы уақытта дилер үйіңізге келіп, қондырғыны орнатып береді.
– Қондырғы қандай бөлшектерден тұрады?
– Ең алдымен бұл жиынтыққа жерсеріктік антенна, конвертор, цифрлық қабылдағыш (ресивер) мен кабель енеді.
– Қазір “OTAU TV” абоненттерінің саны бойынша қандай нәтижеге қол жеткізіп отырсыздар, әрі біздің облыстың үлесі қандай, сол жөнінде айтып берсеңіз.
– Қазақстанда жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі “Кателко+” сауда белгісімен 2002 жылы жұмыс істей бастады. 2011 жылдың қаңтар айында жерсеріктік желі “OTAU TV” деген сауда белгісімен жаңа DVB-S2 MPEG-4 цифрлық стандартқа көшірілді. Ол кезде жерсеріктік желі абоненттерінің саны 6500 болатын. Содан бері бұл көрсеткіш қарқынды өсіп, қазір 400 мыңнан асты. Ал бұл шамамен 1,6 млн. көрермен. Оның 10800 абоненті Солтүстік Қазақстан облысының үлесінде. Тағы бір айта кетерлік жайт, желіге қосылған отбасылардың 87 пайызы ауылда тұрады. Бұған қарап ұлттық телехабар тарату желісінің ауылдарда үлкен сұранысқа ие екенін көруге болады.
2013 жылдың соңына дейін “Қазтелерадио” акционерлік қоғамы республика бойынша абоненттер санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр, оның 14 мыңы біздің филиалдың еншісінде болуы тиіс. Бұл өте күрделі тапсырма, алайда біздің филиал бұл міндетті ойдағыдай орындайды деп сенемін. Біздің кәсіби білікті мамандарымыз, өткен жылдарда жинаған тәжірибеміз, дилерлермен арадағы қалыптасқан серіктестік қарым-қатынастар, жергілікті атқарушы органдардың қолдауы және ең бастысы жұмысқа деген ынтамыз бұл мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.