«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАУЫН ТАПСА, қаз-үйректің де пайдасы зор

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үй шаруасымен қатар, өзіне тапсырылған қоғамдық жұмысты да абыроймен атқара білген қыз-келіншектердің күш-қайратына кейбір ер адамдардың өзі қызыға қарайтыны да рас. “Еңбек бәрін жеңбек” деген сөзді арқау етіп жүрген әйел аналардың бірі – Гүлмира Ибраева.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аққайың ауданына қарасты Смирново ауылында тұратын кейіпкеріміздің мамандығы – ұстаз. Отбасының шырайын келтіріп отырған Гүлмира басқа да қарапайым қазақ әйелдері сияқты қос тізгінді қатар ұстап жүретін еңбекқор жандардың бірі.  

– Анам ұстаз болған. Оның саналы өмірі мектеппен ұштасып жатыр. Бүгінде зейнет демалысында. Мен ес білгелі анамды өнеге тұттым. Оған ұқсағым келді. Сондықтан мұғалімдік жолды таңдадым, – дейді Гүлмира.

Иә, анаға еліктемес, оны үлгі етпес қыз бала бар ма?! Бәріміз анамызға ұқсағымыз келеді…

Мұғалім болудың қыр-сырын ұғынып, жылдап емес, күн сайын білімін ұштап жүрген кейіпкеріміз білікті маман ғана емес, ол – үй шаруасына келгенде де қол қусырып отырмайтын пысық келіншектердің бірі. “Жаз айлары – қысты саптайтын уақыт” дегендей, Гүлмира демалыс кездерін де пайдаға жаратуды үйреніп алған. Сонымен мектеп жұмысы аяқталған соң толығымен үйдің шаруасына кірісетін кейіпкеріміз екі жылдан бері құс бағумен айналысып келеді.

– Қазіргі заманда бір ғана еңбекақыға қарап отыруға болмайды. Ебін тауып, қолдан келгенді іске ұқсата білсе, әйтеуір, отбасына бір пайдасы келеді деп ойлайсың да. Менің жаз айларында құспен айналысып жүргенім де сол. Өткен жылы аздап үйрек, тауық балапанын бағып, күзде облыс орталығына апарып саттым. Өте жақсы болды. Қызымның оқуын төледік, басқа да керегімізге жарап қалды. Содан еңбегіміздің өнбегін көрген соң биыл тағы да осы іспен айналысуға бел будым. Тек сан жағын әлдеқайда көбейттік. Үш жүз үйрек, тауық, оның үстіне бес жүз қаздың балапанын сатып алдым. Жаз бойы балашағаммен құс бақтық. Жұмыстың оңайы жоқ қой, таңғы алтыдан тұрғаннан түннің бір уағына дейін солардың соңында жүресің. Жауын жауып, күн біраз суып кетсе, тіпті, қиын. Бұл іспен жаңа-жаңа айналысып келе жатқан соң, қыр-сырлары көп екенін түсініп келемін. Әсіресе, тауық балапанын бағуда біраз қиындық көрдім. Ол құстарды қоятын арнайы жылы орынның жоқтығынан болды. Ендігі жылы құс басын бұдан да көбейтсек те деген ой бар, – дейді Гүлмира.

Гүлмираның сөзіне сүйенер болсақ, өткен жылы құстардың етін қалаға әкеліп, базарда сатқан. Нақты қанша пайда әкелгенін айтпаса да, отбасына біраз кіріс келтіргенін жасырмады. Биыл біраз алға басушылық та байқалады. Балапан саны да, түрі де көбейген. Еңбегінің арқасында үйге береке әкеліп отырған Гүлмира биыл Жаңа жыл қарсаңында құстардың етін Астанаға апарып, дәмханаларға өткізу туралы келісіп қойғандарын да әңгіме барысында айтып өтті. Әрине, сонша құсты ұқсату бір әйелдің қолынан келетін шаруа емес. Оны тазалап, сатуға дайындаудың өзі қыруар уақыт пен күшті қажет етеді. Бұл жерде Гүлмира өз абысындарын көмекке шақырады екен.

– Балапандарды жаз бойы бізбен бірге абысындарымның, қайын апаларымның балалары да бақты. Баланың істегені көзге көрінбейді ғой. Бірақ олардың көмегі өте көп болды. Ойын балалары болса да, ертекеш демей, құсты бағып, көмектесті. Алғыс ретінде күзде үйрек-қаздың етін беремін. Маған да, оларға да жақсы. Бір үзім нанның өзін еңбектеніп жегеннің несі жаман? Жалпы бұл көпшіліктің еңбегі екенін айтып өткен дұрыс болар. Бала түгілі, қайын атам да, жұбайым да қолдары босай қалса, кезекпен құс бағады. Қазір жаз бойғы еңбегіміздің өнбегін көріп отырмыз. Енді құстың еті қыс бойы жетеді. Ал мамығынан жасаған жастық, көрпелер қандай десеңізші?! Сәті түсіп, жақсы бағамен қалғанын сатсақ, қажетімізге жетіп қалар. Құс етінің бір килосын шамамен мыңмың жарым теңгеден сатамыз. Бұйыртса, қыруар табыс әкелер деген сенімдеміз. Үйдің несиесі бар, қызымның оқуы, киім-кешек – осының барлығы құстың ақшасымен жабылар деп үміттенеміз. Одан қалса, үйге жаңа жиһаз сатып аламыз деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы аздаған ақша жинап, жылқы сатып алдық. Мұның барлығы құстың пайдасы. Осындай ілгері басушылықты көріп тұрғанда қалайша еңбек етпеске?! – дейді ол.

Құспен қатар, көкөніс өсірумен де айналысатын кейіпкеріміздің бақшасы да бір босап көрген емес. Ол қияр, қырыққабат, сәбіздің барлығын өзі өсіреді. Осылайша қара күзден келесі жазға дейін ол өз отбасын ғана емес, барлық туыстарын да тұздалған, дәмді көкөністермен қамтамасыз етеді.

“Абысын тату болса, ас көп” деп тегін айтпаған ғой. Күздің бірінші суығы түскен кезде абысындар жиналып, құсты іске ұқсатуға көмектеседі екен. Қос тізгінді қатар ұстаған абысындар демографиялық көрсеткіштің өсуіне де өз үлестерін қосып отырған жайлары бар. Келіндердің кенжесі Назгүлдің екі баласы бар, біздің кейіпкеріміз – Гүлмира екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Абысынымен аттас үлкен келіні Гүлмира бес баланың анасы екен. Міне, жаулықтары жарасқан жеңгелеріміз жайлы бір үзік сыр осындай. Ұрпақ сабақтастығын жалғастырып отырған осындай келіндер әр шаңырақтан табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Суретті түсірген Уәлихан АЙДАРХАНҰЛЫ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp