21-22 қараша күндері Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың басшылығымен “Қыс маусымы жағдайында ТЖ зардаптарын жою үшін апаттық және басқа да шұғыл жұмыстарға әзірлену және оны өткізу” тақырыбында республикалық “Қыс – 2013” командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Қызылжар өңірінде аталмыш шараны облыс әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы Қайрат Бекенов, басшының орынбасары, Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Павел Филиппов басқарды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қызылжар өңіріндегі “СолҚазЭнерго АКК” ЖШС аумағында ұйымдастырылған оқу-жаттығу облыстық жедел әрекет ету отрядтарының сапын байқаудан басталды. Оған облыс орталығындағы “СолҚазЭнерго”, “Петропавл жылу желілері”, “Петропавл мұнай базасы”, “Қызылжар су” ЖШС-лерінің қажетті техникалармен жарақтанған апаттық-құтқару бөлімдері, тәртіп сақшылары, өртсөндірушілер, байланыс және жедел жәрдем бригадалары, Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жеке құрамы қатысты. Қайрат Бекенов жедел әрекет ету отрядтарының құрамымен және техникаларымен танысып, республикалық “Қыс – 2013” командалық-штабтық оқу-жаттығуының мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.
Осы күні түстен кейін Петропавлдың М.Жұмабаев көшесіндегі 109-үйде “Көпқабатты ғимаратта шыққан өртті бұғалықтау” тақырыбында тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оған Серік Битанов, Сәкен Ағзамов, Жанарбек Ахметов басқаратын №1, №2 және №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінің 8 техникасы мен 40-тан астам жасағы, “Жедел жәрдем” бригадасы қатысып, тілсіз жаумен күрес және құтқару жұмыстарының озық үлгілерін көрсетті.
Осындай шара барлық аудандарда да өтті. Оған аудандардың әкімдері мен Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімдердің бастықтары басшылық жасады. Мысалы, Тайынша аудандық ТЖ бөлімінің аға инженері Данияр Қожабергеновтың хабарлауына қарағанда, жедел әрекет ету бөлімдері сапының байқауына 50 адамдық жеке құрам мен 31 техника қатысты. Аудан әкімі, азаматтық қорғаныс басшысы Серік Салтықов арнайы және апаттық-қалпына келтіру техникалары мен жеке құрамның жарақтануын қарап, аудан аумағында болуы ықтимал төтенше жағдайларды жоюға тікелей қатысатын құрылымдардың әзірлігіне баға берді.
Кеше облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте екі күнге созылған оқу-жаттығудың қорытындысы шығарылып, қыс маусымына орай алда тұрған міндеттер сараланды.
СУРЕТТЕ: жедел әрекет ету бөлімдері сапы байқауынан көрініс.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.