«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА КӨҢІЛІНЕ кірбің түсірмейік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

20 қараша Дүниежүзілік балалар күні болып белгіленген. Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде республикалық “Зорлық-зомбылықсыз және қатыгездіксіз балалық шақ” атты ақпараттық науқан ұйымдастырылды. Облыстық Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен сәрсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында қоғам назарын балаларға аударуға қадам жасалды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ондағы мақсат – балаларға қатыгездік пен зорлық-зомбылық көрсету мәселелеріне қоғамның назарын аудара отырып, ондай келеңсіздіктерге жол бермеу жолдарын айқындау. Облыстық Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма басшысы Тотыкамал Құлжанованың айтуынша, облысымызда 18 жасқа дейінгі 146140 бала тіркелген.

– Оның 60305-і – мектепке дейінгі, 71674-і мектеп жасындағы балалар болса, 15027-сі – жастар. Ең қынжыларлығы, осы бүлдіршіндердің 1909-ы – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Соның ішінде 984-і – асырауға және қамқоршылыққа алынғандар. Мемлекет тарапынан тәрбиеге алынған бір балаға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді. Осы мақсатта 2013 жылы республикалық бюджеттен 812 баланы қолдауға 168,7 млн. теңге, патронаттық тәрбиешілерге берілген 180 балаға облыстық бюджеттен 83 млн. теңге бөлінді. Облыста осы санаттағы балаларды оқытып, тәрбиелейтін 13 ұйым бар, – деді Тотыкамал Құлжанова.  

Алайда, осымен балалардың мәселелері шешілді деп айта алмаймыз. Өйткені, балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілері олардың күнде көріп, араласып жүрген ең жақын адамдары тарапынан болады және ондай жағдайлар көбінесе айтылмай, ашылмай, тасада қалып жатады. Олар отбасыда – ата-аналарынан, бауырларынан, ал мектеп пен арнайы мекемелерде ересек балалардан, мұғалімдерден, тәрбиешілерден зәбір көруі мүмкін. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында барлық мектептерде, интернаттық мекемелерде, колледждерде балалардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру шаралары жүргізіліп, стендтер шығарылады. Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының кәмелетке толмағандар полициясы бөлімінің бастығы Динара Мұғжанованың сөзіне сүйенсек, 2013 жылдың 10 айы ішінде жүргізілген алдын алу шаралары барысында 372 жайсыз отбасы анықталған. Ол отбасыларда 425 бала тәрбиеленуде. Балаларды бейімдеу орталығына 180 бала орналастырылған, оның 48-і – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, 126-сы – қараусыз жүргендер. Бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін дұрыс атқармаған 345 ата-ана немесе оларды алмастырушы тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке, балаларға қатыгездік көрсеткен кәмелетке толмаған жасөспірімдердің 3 заңды өкілі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмаған балаларды қоғамдық тәртіпке қарсы әрекет етуге және құқық бұзушылыққа, қылмыс жасауға тартқан 5 ересек адам есепке алынған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp