«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗПОЧТА” АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНДА жаңа басшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше өңір басшысы Самат Ескендіров “Қазпочта” АҚ облыстық филиалының ұжымына оның жаңа директоры Ерік Нұрақаевты таныстырды. Бұл шараға “Қазпочта” АҚ Басқармасының төрағасы Асхат Бейсенбаев қатысты.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Екі жүз жылға жуық тарихы бар өңіріміздің пошта қызметі бүгінгі күні 13 аудандық пошта байланысы торабын, 113 ауылдық және 14 қалалық пошта байланысы бөлімшесін, 29 пошта байланысы қосынын, автокөлік, сұрыптау және пошта тасымалдау учаскелерін, облыстық арнайы байланыс қызметін біріктіріп отыр. Аталмыш филиал 70147 зейнеткер мен 20700 қызметкерге зейнетақы мен жалақы жөнінен қызмет көрсетеді. Облыстағы 706 елді мекеннің 696-сы (98%) пошта қызметін пайдаланады, оның 401-іне – пошташы, 174-іне – пошта байланысының 14 жылжымалы бөлімшесі қызмет көрсетеді. “Қазпочта” АҚ ОФ-да 957 адам еңбек етеді. Осынау құрылымға жаңа басшыны таныстыру рәсімінде облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Сіздер Ерік Нұрақаевты Ақжар, Есіл аудандарының және Петропавл қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары болған кезінен жақсы білесіздер. Ол – Алматы халық шаруашылығы институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын экономист, мемлекеттік қызмет менеджері мамандықтары бойынша тамамдаған іскер басшы. Жемісті еңбегі үшін “Құрмет” орденімен, “Қазақстан Конституциясына 10 жыл”, “Астанаға 10 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталған. Ерік Есімұлы қызмет бабына байланысты өңірдің әлеуметтік жағдайымен жақсы таныс. Сондықтан өңірдің пошта қызметін алға бастырады деген сенімдемін, – деді.

“Қазпочта” АҚ Басқармасының төрағасы Асхат Бейсенбаев:

– Басқарманың жаңа басшысы ретінде өңірлерге жасаған алғашқы сапарымды өзім туып-өскен жерден бастағаныма қуаныштымын. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің келісімімен және жұмысты жақсартуға тиіс деген ниетпен Сіздерге жаңа басшыны тағайындап отырмын, – дей келіп, Ерік Есімұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp