«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АСТАНАБАСЖОСПАР” ҒЗЖИ” ЖШС-де БОЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Астанабасжоспар” ҒЗЖИ” ЖШС-де болды.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта белсенді көші-қон үдерісі есебінен елорда тұрғындары 900 мың адамға жақындап қалғанын атап өтті.

– Бүгінгі күні елорданың ауқымын кеңейтіп, халқының санын 2-3 млн. тұрғынға жеткізу жобасы жоқ. Бұл үшін көп нәрсе – коммуникациялар, сумен жабдықтау және өзге де инфрақұрылымдар жеткіліксіз. Сондықтан бірнеше мәселені шешетін кез келді. Мысалы, қала сыртында жеке тұлғалар кезінде арзан бағамен сатып алған алаңдар әлі күнге дейін көп. Қазір олар сол жерлерді кейін құрылыс салу кезінде сатып жіберіп, мемлекет есебінен “жеңіл жолмен” ақша табу үшін пайдаланбай отыр. Мен ол жерлерді қайтарып алып, мемлекеттік мақсаттарда пайдалану үшін тексеруді жалғастыруды прокуратураға арнайы тапсырамын. Біз олардың иелері кімдер екенін білетін боламыз және дәрежесіне, лауазымына, кім екендігіне қарамастан, жер телімдері мемлекетке қайтарылатын болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту және елорданың инфрақұрылымдарын дамыту шараларын қабылдау қажеттігіне тоқталды.

– Кәсіпорындар, сондай-ақ Ұлттық компаниялар мектепке дейінгі мекемелер мен басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды өздері тұрғыза алады. Бұл мәселені біз арнайы қарайтын боламыз. Бұдан бөлек, “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі қарсаңында алғашқы жылдары асығыс салынған үйлердің қасбетін жақсартуды жалғастыру қажет. Сонымен қатар, жеңіл рельсті көлікті іске қосу арқылы көлік проблемасын және жоғары жылдамдықтағы автобус бағдарлары үшін жолақтарға бөлу мәселесін дер кезінде шешкен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы адамдар елордаға келген бетте тұрғын үй, мектепке дейінгі мекемелерден орын және т.б. алуға бірден өтініш беріп жататынын, ондайда жағдайды қиындатпас үшін тұрғын үй беру кезегіне қою туралы мәселені қарастыру қажеттігін айтты.

– Бұған дейін айтқанымдай, ондай мүмкіндіктер жоқ және біз елорда аясын шексіз кеңейте алмаймыз. Астана – еліміздің әкімшілік орталығы. Ол тұратындар үшін ықшам әрі жайлы, қолайлы болуға тиіс. Ол қалыпты даму үстінде. Біз салынатын құрылыстар перспективасын зерттеуді жалғастыруымыз және елордаға көшіп келгенде бірден пәтер немесе үй беріледі деп үміттендірмеуіміз керек. Барлық осы проблемалық мәселенің толғағы жетті. Мен мұқият дайындалып, арнайы кеңес өткізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев елорда маңында және қала ішінде “жасыл белдеу” аясын ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Президентке елорда архитектурасы мен қала құрылысы саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, қала құрылысы туралы жобалық ұсыныстарды қарауына ұсынды, сондай-ақ қабылданған жобалардың іске асырылу барысы жайында хабардар етті.

Соңында Мемлекет басшысы қаралған мәселелер жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Akorda.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp