Өмір-дерек:
Аты-жөні – Александра Назаренко.
Жасы – он сегізде.
Әлеуметтік жағдайы – студент.
Оқу орны – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тіл және әдебиет институты.
Таңдаған мамандығы – орыс тілі бөлімшесінің “Аударма ісі” бөлімі.
Қабілеті – орыс, қазақ, ағылшын, неміс тілдерін меңгерген.
Биыл университеттің Тіл және әдебиет институтының қазақ тілі бөлімшесінде оқып жүрген өзге ұлттардың балалары бар ма екен деген оймен институтқа хабарласқанымда, ондағы оқытушылар Александра Назаренконың аты-жөнін айтқан еді.
Ойыма орала кетті. Өйткені, қаланың мектептерінде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында білім алып жүрген оқушылар мен студенттердің мемлекеттік тіл бойынша олимпиадаларына, байқауларына зер сала жүріп, соларда көзге түскен бірталай өзге ұлттар жастарын, әсіресе, орыс балаларын білуші едім. Сондықтан Александра Назаренконы іздестіріп, сұрау салғанымда оның университеттің орыс тілі бөлімшесіне түскенін естідім.
Ол қазақ бөлімшесінде оқитын болар деген жорамалым жоққа шықты. А.Назаренконың өткен жылы “Мағжан оқуында” ұлы ақынның біраз жырларын жатық, оралымды оқығаны жаныма жағып еді.
Сол сайыста облыс орталығындағы 1-ші қалалық жалпы білім беретін лицейде оқитын осы қыз бала өзге әріптестерінен көш бойы озық екенін дәлелдеп, бас жүлдені жеңіп алған. Әрине, оны мемлекеттік тілге машықтандырған ұстаздары Күлжан Шопанаева мен Гүлнар Нұрғожинаның елеулі еңбегін айтпай кете алмайсың. Осы ұмтылысты ақтағаны емес пе, Александра облыстық олимпиада сайыстарында да өзге ұлттардың арасынан қазақшаға жетіктігімен көзге түсіп, жеңіске жеткен.
Енді есіме түсіп отыр, талдырмаш қыз бала өте өжет көрінген. Қысылмайды. Бір ғажабы – қазақ әліпбиінің өзге ұлттардың ыңғайына көне қоймайтын әріптерін мүдірмей, жатық айтады екен.
Сол уақыттарда онымен тілдесудің сәті түспей қойған. Бірақ Александраның Тараз қаласына республикалық байқауға аттанып кеткенін білдім. Сол сынақтан олжалы оралды. Үшінші орын алыпты.
Мына мақаланы жазу үшін кездесіп, әңгіме желісін тарқату үстінде оған осы сапары жайында сауал қойдым. “Әдетте, оңтүстік өңірлерден барған орыс балалары бәйгенің басын бермеуші еді. Жүлделі үштікке кіру қиын болған жоқ па?” деп сұрадым.
– Мені қазақ тілінде сөйлеп, жазуға үйреткен ұстазым Гүлнар Мұхамедғалиқызының үлкен көмегін айтпай кетуге болмайды. Оның тапсырмасы бойынша Мағжанның жиырма бес өлеңін жаттап алдым. Соған қоса, өзімнің ұмтылысыммен ауызекі сөйлеуде әріптерді нақты, мүдірмей қолдануға өте мән бере отырып, тілімді жаттықтырдым. Қазақ тілінің жазбаша грамматикасына да көңіл бөлдім. Бір қызығы бар, – деп күліп жіберді ол әңгіменің үстінде.
Ол не қызық десем, мәнісі былай екен. Таразда қазылар алқасындағылар Александраның “Петропавл қаласында тудым. Орыс мектебінде оқимын” дегеніне нанбай: “Сен басқа өңірден келіп, Петропавлдың атынан шығып тұрған жоқсың ба? Өте жатық сөйлейді екенсің. Біртүрлі адам нанғысыз…” деп күмәнданыпты.
– Мен оларға төлқұжатымды көрсеттім, – деп күледі Александра.
Өзім де оның қазақшаға қыруар жетіктігіне қайран қалып отырдым. Сұрастырсам, отбасында одан өзгелер қазақша сөйлемейді екен. Әкесі – орыс, шешесі – украин. Әпкелері де орыс тілінде сөйлейді. Өзі қазақшаға жетік.
Бұл ойымды оның өзі сейілтіп жіберді. Лицейде қазақ тілі сабақтарының әсерінен мемлекеттік тілде кітап оқуға, өлең жаттауға және асқан бір қабілеті болмаса да, музыкаға өте құмар болыпты. Өзі білім алған лицейдің сегізінші сыныбынан бастап қазақшаға ықыласы тіпті де арта түскен. Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін, Сәбиттің әңгімелерін қолдан тастамай оқуға ден қойған.
– “Қос тіл – қос қанатың” дейді екен қазақ халқы. Мен де осыны айтар едім. Өте дұрыс, мағыналы, ұлағаты мол сөздер, – деді ол. – Әрине, қай халықтың болсын нақыл сөздері, даналық ойлары болады ғой. Салыстыра отырып айтсам, осындай зор мағыналы мақал-мәтелдер қазақ халқында көп сияқты. Мұны ұстазыма айтқанымда ол құптады. Менің ойымша, қазақ халқы сөзге, оның әсеріне айрықша мән берген екен. Сөз қазақ халқының ең ардақты қасиетінің бірі сияқты көрінеді. Мысалы, қазақтың шешендерінің, билерінің, импровизатор ақындарының, жырауларының сөзсайыстары жайында ұстаздарым зердеме құйған әңгімелер әлі де жадымда. Мен ойлаймын, сөз құдіреті қазақ халқы үшін киелі екен. Соғыста жеңілмегендер сөзден ұтылса, жерге қарайтын болыпты.
– Қазақтың ең көрнекті ақындарын айттыңыз. Солардың ішінен Мағжанды сүйіп оқитыныңызды аңғарып отырмын. Оның сыры неде?
– Ақынның жыры оның жан сыры емес пе? Мысалы, Мағжанның “Жан сөзі” өлеңін алайық. Өзіне тартып алады. Мен оның орысша мағынасын айтса да түсінер едім. Ал қазақша, ақынның өз сөзімен оқығанда, тіпті, зор әсерге бөлендім. Оның қиын тағдыры да қызықтырды. Ол туралы орыс және қазақ тілдерінде көп деректерге толы мақалаларды да оқыдым. Мағжан – керемет лирик. Өте білімпаз ақын. Ал Абай – данышпан, философ. Оны түсіну оңай емес. Бірақ үйрену, ұғу керек. Сол үшін оқимын.
– Сізді қазақтың музыкасын үйреніп жүр деп естідім.
– Үйренуге тырыстым. Ол үшін қалалық классикалық гимназиядағы үйірмеге жазылып, Бағдат Жақыпов ағайдан домбыра тартуды үйретуді өтіндім. Біраз тартып жүрдім. Бірақ байқамай жарақаттанып қалып, қоя тұруға тура келді. Біз жерүйде тұрамыз. Өткен қыста, жылдың бас кезінде әке-шешеме көмектесейін деп шанамен су тасып келе жатып тайып жығылып, қолымды жарақаттап алдым. Сол себепті үйірменің біраз сабақтарына қатыса алмадым.
– Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәні туралы не айтар едіңіз?
– Біз жас болсақ та білеміз, әр ұлттың ежелден қалыптасқан, тарихи салт-дәстүрлері болатыны белгілі. Солар арқылы ата-аналар балаларын, ал аға буын жастарды тәрбиелейді. Мұның бағыттары көп қой. Мысалы, үлкенге құрмет, Отанды сүю, оны қорғау, қажет болса, Отан үшін жаныңды да аямау. Сонымен бірге адамгершілік, бауырмалдық. Міне, қазақтың салт-дәстүрлерінде осының бәрі қамтылған.
Наурыз мерекесін айтайын. Мен онымен алғаш рет лицейде білім алып жүрген кезімде таныстым. Қандай жақсы мереке десеңізші! Оны бір кездері бөгеп тастапты. Неге екенін түсіну де қиын. Діни мақсатты көздеді дейді. Жасанды атеизм. Ұлттық жақсы дәстүрге жасалған қиянат. Әйтпесе, дін рухани қазына, нәр емес пе. Және Наурыз тойларында мен діни салттарды көріп жүрген жоқпын. Өнер, ұлттық рух, бауырмалдық, адамға сүйіспеншілік осы Наурыздан байқалады. Мысалы, араздасып кеткен адамдар қайта табысады, бірінің айыбы болса, екіншісі кешіреді, дейді. Ғажап емес пе! Ендеше бұл мерекенің ешқандай зияны жоқ. Ол “Ұлыстың ұлы күні?!” делінеді. Жалғыз қазақ халқында ғана емес, бүкіл Шығыс әлемінде ең салтанатты мереке. Кейін арнайы кітаптардан да оқыдым. Жер дүниенің жаңарған тұсы екен. Қалада өтетін Наурыз тойларын жылда сүйсіне тамашалаймын. Лицейдегі мәдени шаралардың бәріне қатыстым деуіме болады. Байқауларда жиі көрсетілетін ұлттық сахналық көріністерге де қызығамын. Маған ұнайды. Олардың тәрбиелік мәні зор. Және олар ұлттың өткеніне ой салдырады.
Мен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі, әсіресе, жастық шағы, оқуы, алғашқы еңбек жолдары туралы көп оқуға тырысамын. Сонда оның қазақтың өмір салтын қалай ардақтайтынын білдім. Керемет емес пе?! Оның қазақ, орыс тілдерінде қалай тамаша сөйлейтініне риза боламын. Елбасымыз жастарға: “Үнемі біліңдер, үйреніңдер, оқыңдар, Отанды сүйіңдер! Болашақ сендердің қолдарыңда!” – деп айтып келеді. “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс съезінде де жастарға көп ақыл-кеңесін арнады. Мемлекеттік тілдің зор болашағы туралы сеніммен айтты. Ол жастармен бір кездесуінде мемлекеттік тілді жақсы да шебер меңгерген басқа ұлт өкілдеріне ризалығын арнап еді ғой. Нұрсұлтан Әбішұлының сол сөздері маған да қанат бітіре түседі.
Қазақ тілін оқып-үйрену әркімнің қолынан келеді. Ықылас, ұмтылыс болса, жалықпай ізденсе, қиындығы жоқ.
– Сізді университеттегі қазақша өтетін “Көңілділер мен тапқырлар клубының” сайыстарына қатысады дейді…
– Ол анық. Қазақ жастарымен жиі араласып жүремін. Әсіресе, оңтүстік облыстардан келген қыз-жігіттермен көбірек болғым келеді. Мұнда қазақтың ауызекі сөйлеу мәнерін үйренемін. Сөздің мағынасын айырып, түсінуге тырысамын. Тіл жаттығады, сөздік қорың молаяды. Сол үшін қатысамын. Сонымен бірге әзілдей білген де дұрыс қой. Орынды, тапқыр қалжың, өткір әзіл жақсы емес пе? Күле де, күлдіре де білу керек деп ойлаймын.
– Біздің қаламыздан мектеп бітіріп, осы Сіз білім алып жүрген бөлімде оқитын қазақ жастары бар ма? Солардан тілді үйренуге болады ғой.
– Шынымды айтайын, олардың кейбірі қазақ тілін менен нашар біледі. Түсінеді, әрине. Бірақ қазақша сөйлескілері келмейді. Бір нәрсені қазақша сұрасаң, орысша жауап береді. Қазақша сөйлесе, сөздері жатық емес.
– Қазақ бөлімшесіне түсуге талпынбадыңыз ба?
– Мен Ұлттық бірыңғай тестілеуді орыс тілінде тапсырдым. Екіншіден, орыс тілі бөлімшесінде “Аударма ісі” деген мамандық барын білген соң, соған көңілім ауды. Ол үшін бірнеше тіл білу қажет. Қазақшадан – орысшаға, орысшадан қазақшаға аударумен айналысамын.
Ұстазым Айсұлу Шәйкеновадан көп көмек көріп жүрмін. Қазақ тілін еркін меңгерген достарым да бар. Тілдің грамматикасына ерекше ден қоямын. Сонымен қатар неміс, латын тілдерін үйренуді мақсат еттім. Неміс тілін меңгеру үшін “Видергебурт” неміс мәдени-ұлттық орталығының сабақтарына қатысамын.
Бос уақыт табу оңай емес. Бірақ оның болмағаны да жақсы. Адам уақытын пайдалы жұмсауға үйренеді екен.
– Қазақ тілін меңгеруде соңғы қандай мерейлі сәтті айтар едіңіз?
– 13 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Павлодарда өткен республикалық жиынға қатыстым. Біздің облыстан бес адам бардық. Онда қазақ халқының тарихын зерттеп, мәдениеті мен тілін өркендетіп, дамыту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ тілді меңгеру бойынша сайыс өтті. Мен бірінші орын алып оралдым.
Әлі жаспын ғой. Бірақ көп оқып, ізденгім келеді. Қазақ тілін қаншалықты деңгейде меңгеретінімді уақыт көрсетер. Бір анық айтарым, мен осы мақсатты жеріне жеткізбей қоймаймын.
– Жаңа Сіз Мағжанның жиырма бес өлеңін жатқа білемін дедіңіз ғой. Бір өлеңін оқып беріңізші.
– Оқиын. Ол – “Жазғытұры” өлеңі.
– Әңгімеңізге де, мына нақышына келтіріп оқыған өлеңіңізге де рахмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: А. НАЗАРЕНКО.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.