“Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ облыстық филиалында аудан басшылары қатысатын кезекті брифинг өтіп, бұл жолы Жамбыл ауданының әкімі Орал Қаппасов жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әуелі Жамбыл ауданының рухани және табиғи байлығын тілге тиек еткен аудан әкімі бұл өңір егіншілікті және мал шаруашылығын дамытуға аса қолайлы екендігін атап өтті. Бүгінде ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі 13 миллиард теңгеге таяған. Үстіміздегі жылы аудан диқандары 275 мың тонна астық бастырған. Егіннің орташа өнімділігі 13,3 центнерді құраған. Ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан реформаның арқасында техника паркінің 70 пайызы жаңартылыпты. Жамбыл ауданы элеватор және астық кептіргіштермен толық қамтылғандығын айтқан Орал Қаппасов Индустрияландыру картасы аясында екі жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Өткен жылмен салыстырғанда ет өндіру – 102%, сүт өнімдері – 105%, жұмыртқа өндіру 107% өсті. Етті бағыттағы ірі қараны көбейту мақсатында осы күнге дейін аудан аумағына 5157 бас мал әкелінген. Мәселен, үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары 2203 бас ірі қара сатып алған көрінеді. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 50 миллион теңге несие алынған. Ендігі жылы мал шаруашылығын дамытуға қатысты екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Солардың бірі – “Агротехника Жамбыл” ЖШС-нің базасында 300 басқа арналған асылтұқымды мал өсіретін шаруашылық, екіншісі – “Қызылжар Астық” ЖШС-нің негізінде 200 бас малға арналған семірту алаңы.
Ел тұрғындарының әл-ауқатын дамытуға бағытталған бағдарламаларын жүзеге асыру барысымен таныстырған Орал Қаппасов үстіміздегі жылы мыңнан артық жұмыссыздың екі қолға бір күрек тапқанын жеткізді. Ал аудандағы 53 елді мекеннің 37-сі таза ауызсумен қамтамасыз етілген көрінеді. Мұны пайызбен айтсақ, бүгінде Жамбыл ауданында таза ауызсумен қамту 70 пайызды құрап отыр. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына қажетті құжаттар әзірленуде. Жол жөндеу жұмысына жіті көңіл аударылыпты. Аудан жолының 79 километрі күрделі жөндеуден өткен. Бұған екі жылдың ішінде 400 миллион теңге қаржы бөлініпті. 2014 жылы Благовещенка-Қайранкөл бағытындағы 12 км. жолға 277 миллион теңге қарастырылған. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелерге қолжетімділік артып, кезек жойылған көрінеді. Әйтсе де ауданның 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндері балабақшамен 99 пайызға қамтылыпты. Онкологиялық және туберкулез ауруларын ерте бастан анықтау көрсеткіші 50-67 пайызға артты. Бұл ауданның денсаулық сақтау саласы да маман тапшылығын сезініп отыр.
Аудан әкімінің аузынан жыл бойы атқарылған жұмыстың оң тұстарын естіген жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері әлі де күрмеуі шешіле қоймаған мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Бірін аудандағы криминогендік жағдай толғандырса, екіншілерін жергілікті спортшылардың әлеуеті, тұрғындардың және әкімнің спортқа деген көзқарасы қызықтырды. Жастарға патриоттық тәрбие беру, әскер қатарына шақыру жайлы да сұрақтар қойылды. Ал бізді Жамбыл ауданының Жаңажол ауылының тұрғындарының шағымы бойынша аталмыш елді мекенге апарар жолдың жағдайы және автобус қатынасымен қамтылмағандығы сияқты мәселелер толғандырды. Бұл орайда аудан әкімі Орал Қаппасов:
– Шынымен жолдың бұзылғандығы сонша – автобустың қатынауы қиындық тудыруда. Бүгінде жобалық-сметалық құжат әзір. 54 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді. Келер жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінетіндігіне сенімдіміз. Қаржы бөлінісімен жөндеуді бастаймыз. Сол уақытта қоғамдық көлік қатынасы да жақсарады, – деді.
Осы оқу жылының басында Бауман орта мектебінде орын алған оқиға да назардан тыс қалмады. Оқушының кекілін қиған мұғалімнің баланың маңдайына “двоечник” деген сөзді жазды деген факті расталды ма деген сұрақ қойылды.
– Бұл фактіге қатысты нақты шешімдер қабылдадық. Оқушының шашын еріксіз қиған ұстаз бен мектеп директоры жұмысынан босатылды. Бірақ маңдайына “двоечник” деп жазған факті дәлелденбеді, – деді аудан әкімі.
БАҚ өкілдері еңбекақы берешегі жөнінде сұрастырды. Орал Қаппасовтың айтуынша, Преснов астық қабылдау кәсіпорны жұмысшыларына 2 миллион теңге берешек. Бүгінде еңбекақы борышы бөлшектеп қайтарылуда. Мұндай мәселенің туындауын кәсіпорын басшысы биылғы астықтың әлі өтпей жатқандығымен байланыстырған көрінеді.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.