Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бірде кешкілік қызмет уақытым аяқталған соң Петропавлдың Пушкин көшесінде, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының тұсындағы аялдамада №7 автобусты тосуыма тура келді. Қараңғылық түсіп қалған кез. Қажет автобус біраздан соң жетті. Алайда, ол аялдамадан оза барып тоқтап, бірді-екілі жолаушыны түсірді де, жөней берді. Амалсыз келесісін тосып қалдым. Жарты сағаттай уақыттан соң көрінген автобус тоқтамастан өте шықты. Ымырт үйірілген кез болған соң, нөмірлерін көре алмадым. Үшіншісін тосуға мәжбүр болдым. Жүргізушіден әлгі екі әріптесінің әрекетін сұрасам: “Уақыт кестесінен қалып қойған ғой. Кейде сөйтеміз!” – деп қарап отыр.
Кейде қаланың “Тайга”, “Алтын арман”, “Қызылжар” базарларының, Көтерме сауда орталығының маңындағы және сондай бірқатар үлкен тораптардың аялдамаларына бір мезетте бірнеше автобус қатар келіп тоқтайды. Сізге қажетті көлік ең соңында тұр делік. Бағдаршам жанған, яки басқалай қозғалуға тура келген жағдайда мінетін адам жетіп үлгергенше олар есіктерін жауып алып, жүре береді. Әсіресе, мүгедек, қартаң жандарға қиын. Автобус жүргізушілерінің арасында ондай адамдарға аяушылық білдіре қоймайтындар, өкінішке қарай, жоқ емес.
Мен жолаушыларды тасымалдаудағы осы және басқа мәселелер бойынша істің мән-жайын айыру үшін қалалық әкімдіктің жолаушылар тасымалы секторының меңгерушісі Қанат Қасеновке жолықтым. Ол №7 бағыттағы автобустардың жүргізушілерінің қылығына байланысты қалалық әкімдіктің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Александр Черновтың атына шағым жаздырды.
Содан кейін Александр Черновтың қабылдауына кірдім. Ол біраз мәселенің басын ашып берді. Жолаушылар тасымалында орын алып тұратын келеңсіздіктердің кездесетінімен келісті. Мен жоғарыда атап өткендей, тасымалдағы негізгі жүкті автобустар көтеріп отырғанын ол да ауызға алды.
Жолаушылар тасымалымен бүгінде қалада он кәсіпорын айналысатынын айтты. Бәрі де жекешелендірілген екен.
– Автобустардың қозғалысындағы барлық тетіктер жүргізушілердің жеке жауапкершілігіне, мәдениеттілік деңгейіне, мінез-құлқына байланысты. Сіздің шағымыңызды аяқсыз қалдырмаймыз. Және мұндай шағыммен келетіндер жалғыз Сіз емессіз. Шаралар қолданамыз. Жүргізушілердің арасында мақтаулы, тиянақты, жауапкершілігі жоғары адамдар да баршылық. Алайда, өз істеріне жүрдім-бардым қарайтындары да жоқ емес, – деді Александр Константинович.
Бөлім басшысы жүргізушілердің арасында жалақының аздығынан кадрлардың тұрақтамауы көп екенін де айта кетті. Бұл елу пайызды құрайды екен. Демек, жолаушы тасымалы кәсіпорындарының жүргізушілерінің тап жартысы ауысып жатады дегенге саяды.
Кейбір маршруттар, мысалы №10, №30 бағыттар бойынша автобустар тасымалдың тиімсіздігінен қысқартылып қалған.
– Бұл осы бағыттарда жүріп-тұратын жолаушыларға қолайсыздық тудырады ғой?
– Әрине. Алайда, әр кәсіпорын өзіне тиімді жағын қарастыратындықтан, шығынға батқысы келмейді.
– Ал кейде автобустар аялдамаларда арнайы жасалған кірмеге кірмей, шеткері тоқтайды. Ол жолаушыларға көлікке түсіп, мінуге икемсіз. Өйткені, аялдамалардың алдын жауынды-шашынды күндерде саз басып, шалшық, су жайылып жатады.
– Мұны орынды қозғап отырсыз. Биылғы жылы арнайы 12 кірме жасадық. Әрқайсысына кемінде 600 мың теңге қаражат жұмсалды. Алайда, бір мезетте бірнеше автобус келіп тоқтауы мүмкін. Сондықтан жүргізушілердің бірі кірмені пайдаланса, екіншісі оған бұрылуға құлық қоймайды. Олай етуге қиынсынады. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін ескермеу деген сөз. Екіншіден, автобус көшедегі өзге көліктердің қауіпсіз қозғалысына нұқсан келтіреді.
ТКШ бөлімінің басшысы биыл 10 жаңа аялдама салынғанын айтты. Алайда, олар көбіне күтілмей, тазартылмай тұратынымен келісті. Оларды күтіп, жөндеп, отыруға қолайлы етуге “Құрылыс-Кадат” ЖШС-і жауапты екенін айтты. Бұл ретте аялдамаларды қадағалау оңай еместігін мен де айтып өттім. Қаңылтыр жақтаулармен қоршалған аялдамалардың жақтауларын, орындықтарға төселген тақтайларды соған жақын маңдағы үйлердің тұрғындары ебін тауып кесіп, бұрандаларын ағытып, саяжайларына тасып әкететіні жасырын емес. Мысалы, Горький және Ульянов көшелерінің түйісіндегі №16 автобустың аялдамасын осылайша үптеп, бір қырында қаңқасын ғана қалдырып, екінші жағының бұрандаларын босатып қойыпты. Тақтайларының да шегелері суырылып алынған. Бүкіл қала бойынша мұндай аялдамаларды санап шығып, қалпына келтіру үшін жауапты адамдар рейд жүргізуі керек деп ойлаймын.
Автобустарда түрлі тыйым сөздер, мысалы, “Темекі тартпаңыздар!” яки “Қоқыс шашпаңыздар!” деген ескертулер көзге шалынады. Алайда, кейде жүргізушінің өзі шылым шегіп отырады. Шылымның түтіні үнемі сыртқа кетпей, салонға да жайылады.
Тағы бір назар аударатыны – автобустардың ішінде мән-мағынасы түсініксіз сөздер жазулы тұратыны. Жақында, №6 автобуста “Шағым кітабы келесі көлікте” деп орысша жазылған жарнаманы көрдім. Мұны біреулер әзіл-қалжың үшін жазылған ғой десе, басқа адамдар шын көрді. Егер шын десек, автобус қызметіне реніші бар адам оны сыртқа шығару үшін келесі көлікті тосып, мінуі керек пе? Осы маршрут қарайтын “Партнер-авто” кәсіпорнының директоры Болат Рақымовқа телефон шалғанымда ол мұндай жазуды алдырып тастайтынын, оның қандай мақсатпен жазылғанын өзі де білмейтінін мойындап айтты.
Кейбір автобустарда әрбір аялдама және келесісі хабарланып тұрады. Бірақ бәрінде бірдей емес. №23 бағыттағы автобусқа отырған, әсіресе, қаладан тыс жерден келіп мінген адам бұдан қиындық шегетініне көзім жетті. Аялдама жарияланбайды. Аққайың ауданындағы Ленинское ауылынан келген бір мосқал әйел қалалық кардиоорталыққа жетуі керек екен. Түсіндіріп көріп едім, ұқпады. Өзім автобустан ертерек түсетіндіктен, жүргізушіге әйелге көмектесуін өтініп едім, дөрекі жауап берді. Салондағы жазудан автобус “МАП СК” ЖШС-іне қарайтынын оқып білгендіктен, жүргізушінің әрекетіне түсінік алайын деп қалалық анықтамадан серіктестіктің телефон нөмірін сұрастырып отырып, зорға тауып алдым. Серіктестікті Вячеслав Волохин басқаратын болып шықты. Алайда, оны бірде-бір адам сол күні де, ертеңінде де тауып бере алмады. Ақыры қынжылумен шектелуге мәжбүр болдым.
Ендігі бір айтарым – кейбір жерлерде қимыл-қозғалысы қиындық тудыратын адамдардың қоғамдық көліктерге қоларбамен мінуіне жағдай жасау жайы. Ол үшін автобустардың есіктері кең болып, арнайы траптармен жабдықталуы керек.
Міне, облыс орталығындағы жолаушылар көлігінің қызметінде осындай келеңсіздіктерді бастан кешіріп жүргеніміз рас.