Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма Шал ақын ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында мемлекеттік тілдегі құжаттардың редакторлары, іс жүргізушілер мен үйірме жетекшілеріне арналған “Аударма мәдениеті, ресми құжат сауаттылығы және мемлекеттік тілді сапалы оқытудың жолдары” деген тақырыпта өңірлік көшпелі семинар өткізді. Оған Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы, Есіл, Жамбыл, Мамлют, Тимирязев, Шал ақын аудандарынан 56 өкіл қатысты.
Семинардың мақсаты мемлекеттік тілде орындалатын құжаттардың сауаттылығын арттыру мен аударма және іс жүргізу құжаттарының жүргізілу үрдісін әрі деңгейін арттыру болып табылды. Сондай-ақ семинар барысында мемлекеттік тілде іс жүргізудегі проблемалар қозғалды. Пленарлық мәжілісте Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бөлімдерінің басшылары Н.Жамантаев пен Ә.Сүлейменова хабарламалар жасады. “Аударма мәдениеті және ресми құжат сауаттылығы” тақырыбы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы М.Қуантаева, “Тәжірибедегі аударма жұмысы және іс жүргізу құжаттарының жүргізілу үрдісі” тақырыбында облыстық Мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы С. Шәукерова дәріс оқыды. Сондай-ақ үйірме оқытушылары “Сәлемдесу мәдениеті” және “Менің үйім, пәтерім (жатыс септігі)” атты ашық сабақтарға қатысып, тәжірибе толықтырып қайтты.
(Өз тілшімізден).