«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫЙАҚЫ СТАВКАЛАРЫНА ЖӘРДЕМҚАРЖЫ БЕРУ – мемлекеттік қолдаудың бір түрі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңесте алдымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” атты бірінші бағыты бойынша жеке кәсіпкерлердің екінші деңгейдегі банктерден алған кредиттерінің сыйақы ставкаларын жәрдемқаржыландыру және оларға кепілдік беру туралы өтінімдері қаралды.

Петропавл қаласындағы “Добрая сказка” ЖШС мектепке дейінгі оқу-тәрбие жұмысымен айналысады. Құрамында 14 адам еңбек ететін кәсіпорын “Балабақша мен бөбекжай қызметін ұйымдастыру” жобасын жүзеге асыруда. Ол үшін “Қазақстан Халық банкі” АҚ-ның кредитіне жер телімімен бірге екі пәтер сатып алған. Онда 48 балаға арналған мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарлануда. Аталмыш жоба 5 жаңа жұмыс орнын құруды мақсат етеді. Соған орай серіктестік директоры Виталий Михайлов 14 пайыздық кредит сыйақысының 7 пайызын үш жыл бойы жәрдемқаржыландыру мен кредит сомасының 50 пайызын бюджет арқылы кепілдендіруді өтінді.  

Үйлестіру кеңесі кәсіпкердің игілікті бастамасына қолдау көрсетті. Енді үш жыл бойы оның 8,43 млн. теңге көлеміндегі 7 пайыздық сыйақы ставкасы бюджет арқылы өтеледі.

Қызылжар ауданындағы Дмитрий Шарапаев басқаратын “Радуга” ЖШС “Қазақстан Халық банкі” АҚ-ның кредиті арқылы “Өз өнімдерін тасымалдау үшін автокөлік құралдары паркін кеңейту” және “Полимерлерді қайталама өңдеуге арналған өндірісті жаңғырту” жобаларын қолға алып отыр. 139 адам еңбек ететін кәсіпорын қосымша 15 жаңа жұмыс орнын ашуды қарастырады. Өңірлік үйлестіру кеңесі екі жобаның 25,5 млн. теңге көлеміндегі 7 пайыздық сыйақысын 3 жыл бойы мемлекеттік бюджеттен жәрдемқаржыландыруға қолдау көрсетті.

Облыс орталығындағы Искандер Мусин басқаратын “Қазмұнайгазмаш” ЖШС мұнай кәсібі және бұрғылайтын геологиялық барлау құралдары өндірісімен айналысады. Кәсіпорында 122 адам еңбек етеді. “Ресей жинақ банкі” АҚ-ның еншілес банкінен 12 пайыздық үстемеақымен берілген кредитті негізгі құралдар сатып алуға бағыттаған. Оңтүстік Кореядан әкелінген жабдықтар өнімділікті 4 есе арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкердің 24,1 млн. теңге көлеміндегі 5 пайыздық сыйақы ставкасын бюджеттен 3 жыл бойы жәрдемқаржыландырылуға берген өтінімі қолдау тапты.

Бұдан басқа Жамбыл ауданындағы “Агротехника – 2003”, Мамлют ауданындағы “ПромСтройМебель”, Айыртау ауданындағы “Баянтай”, Петропавлдағы “Grits” ЖШС-лерінің, облыс орталығындағы Виталий Мазеевтің, Сергей Жуковтың, Сайран Хамзиннің жеке кәсіпорындарына да өтінімдері бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілетін болды.

Петропавлдағы Александр Трифонов басқаратын “СевЕсильЗерно” ЖШС ұн өнімдерін өндірумен және оларды экспорттаумен айналысады. Аталмыш кәсіпорын “Ұн өнімдерін өндіру және өткізу” жобасын жүзеге асыру үстінде. “Ресей жинақ банкі” АҚ-ның еншілес банкінен 6 айға 9 пайыздық, 6-12 айға 10 пайыздық траншпен алынған кредит айналым қаражатын толықтыруға және несие қарызын қайта қаржыландыруға бағытталған. Өңірлік үйлестіру кеңесінің қолдауымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Кәсіпкердің валюталық тәуекелін азайту” атты үшінші бағыты бойынша Александр Валерьевичтің 70 млн. теңге көлеміндегі сыйақы ставкасы жәрдемқаржыландырылады және ол алдағы уақытта кредит үшін 6 пайыздық үстемеақы ғана төлейтін болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp