Үндістанның Ченнаи қаласында шахматтан ФИДЕ-нің тәжі үшін қазіргі әлем чемпионы Вишванатан Ананд пен оның жаңа қарсыласы – норвегиялық жас дарын Магнус Карлсеннің арасында жекпе-жек өтуде.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әлем жұртшылығы көз тігіп отырған бұл тайталас көпшілік алдын ала болжағандай, алаң иесі В. Анандтың пайдасына шешілер емес. Керісінше, әлемдегі ең жоғары рейтингке қол жеткізген М. Карлсен әр партия өткен сайын қара үзіп барады. Жеті партиядан соң ол 4,5:2,5 ұпаймен алда тұрса, сегізінші ойында да екі жақ тең нәтижеге келісті.
Ал 21 қарашада ойналған тоғызыншы партияда М.Карлсеннің тегеурініне төтеп бера алмаған В. Ананд 29-шы жүрістен соң өзінің жеңілгенін мойындады. Бүкіл жекпе-жек тамамдалып, әлем чемпионын анықтау үшін небары үш кездесу қалды. Әзірге есеп 6:3 болып, норвегиялық шахматшы алда келеді.
– Енді Магнус бет қарата қоймас. Қалған үш ойында небары жарты ұпай алса, жеткілікті. 30 қарашада ол жиырма үш жасқа толады. Гарри Каспаров та осы жаста әлем тәжін жеңіп алған еді, – дейді спорт шебері С. Мұқанов.