Мектеп – ауылды алға сүйрейтін нысан. Осыны түсінетін ауылдағы зиялы қауым – ұстаздар елді мекендердегі мектептердің жабылмауы және өздерінің жұмыссыз қалмауы үшін түрлі амалдарға барады. Тіпті, мектептердің жинақтау уақыты өткенше, оқушысы көбірек білім ошақтарынан баланы уақытша сұрап алады немесе жан-жақтағы туыстарынан жинайды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мұғалімдер ауыл мектептерін сақтап қалуға қанша тырысқанымен, облыстағы білім ошақтары жылдан-жылға кеміп барады. 2012-2013 оқу жылында облыста 585 жалпы білім беретін мектеп болса, 2013-2014 оқу жылында 570 қалған. Оның ішінде 495-і – шағын жинақты мектептер. Ал олардағы білім сапасы қандай? Ақпарат көздерінен естіп те, көріп те жүргеніміздей, шағын жинақты мектептердің жағдайы шынымен сын көтермей ме? Мұғалімдердің сапалы білім берулеріне не кедергі келтіретінін білу мақсатында бірнеше шағын жинақты білім ошақтарының жағдайымен танысқан едім. Солардың бірі – Шал ақын ауданындағы Афанасьевка орта мектебінде 88 бала оқиды. Оның ішінде көрші Рясинка және Двойники ауылдарынан келіп оқитын оқушылар да бар. Мектепте бірінші (1 оқушы) және үшінші (9 оқушы) сыныптар біріктірілсе, өндірістік қажеттілікке байланысты 5-6-сыныптардағы 12 оқушы орыс тілі сабағында қосып оқытылады.
– Сыныптарды қосып оқыту қиын. Біріншіден, бұл сыныптардың бағдарламалары әртүрлі және балалардың жас ерекшеліктеріне қарай физиологиялық өзгерістер жүретін кезең. Балалардың бірге оқуға бейімделуінде қиындық туындайды. Мысал үшін 5-сынып орфографияны жаңа оқи бастағанда 6-сыныптағыларға ол қайталау сабағы сияқты. Олар қолдарын көтереді, сыбырлап айтып, кедергі келтіреді. Жаңа сабақ өткізген кезде бір сыныпқа түсіндіріп алып, оларға өзіндік жұмыс беріп қойып, екінші сыныппен жұмыс істейсің. Осылайша екі жақты да қамтуға тырысасың. Бастауыш буыннан келген оқушылардың кейбіреулері у-шуға көндіге алмайды. Бұл балалар тек өздерімен бірге жұмыс жүргізгенде ғана сабаққа белсенді қатысады, алайда оған мүмкіндік бола бермейді. Осыдан баланың білім сапасы төмендейді, – дейді орыс тілі пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Юлия Гайсина.
Қазіргі заман талабы бойынша барлық сабақтарда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдана отырып, ұстаздар балаларды білімді өз беттерімен іздеп табуға үйретулері қажет. Бірақ материалдық-техникалық жабдықталуы төмен, шағын жинақты мектептерде олар білімді қайдан іздейді? Мәселен, аталмыш мектепте Интернет мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Балалар Интернетке шыға алмайды, әдеби кітаптардан басқа қосымша әдебиеттер де жоқ.
Юлия Александровнаның айтуынша, мектепте бар-жоғы бір проектор бар. Оқу жылының басынан бері оқушыны былай қойғанда, онымен ұстаздың өзі әлі бірде-бір рет жұмыс істемеген. Өйткені, бұл кабинет физика пәнінің мұғаліміне бекітілгендіктен, ол онда өзінің сабақтарын өткізеді. Одан қала берді білім ошағына маман жетіспегендіктен, көрші мектептен келіп сабақ беретін мұғалім де өз сабақтарын сол кабинетте береді. Осылайша бұл кабинет босамайды.
– Барлық мектептердің жағдайы бірдей емес. Ауданның орталығындағы, оған жақын жатқан мектептер жақсы, алайда біздің мектеп сияқты әлі ескі әдіс бойынша бор, тақтамен жұмыс істеп жатқандары да бар. Мектепте физика, география, орыс тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру, алғашқы әскери даярлық пәндерінің мамандары жетіспейді. Әр мұғалім бір жарым жүктемемен жұмыс істейді. Биыл мектеп аттестаттаудан өтуі тиіс. Оның нәтижесінің қандай болатынын уақыт көрсетеді. Өткен оқу жылында ҰБТ тапсырған оқушы болған жоқ. Биыл 6 түлек бар, бірақ оның нешеуі ҰБТ тапсыруға тілек білдіретіні белгісіз, – дейді Юлия Александровна.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежка орта мектебі де аралас білім беретін шағын жинақты білім ошағына жатады. Білім ордасында 5-6-шы қазақ және 7-8-ші орыс сыныптары біріктіріліп оқытылады. Қатынап оқитын балалар жоқ. Мектеп алдыңғы орында болмаса да, Афанасьевка мектебіне қарағанда жағдайы түзу. Компьютерлік сыныптар бар, интерактивті тақтамен жабдықталған. Оқушылар да, мұғалімдер де олармен жұмыс істеуді біледі. Балалар бастауыш сыныптардан бастап жаңашылдыққа үйретілген, жаңа технологияларды меңгерген, қызығушылықтары бар.
– Мен өзім орыс сыныптарында математика, қазақ сыныптарында информатика пәндерінен сабақ беремін. 5-6-сыныптарда өткізетін математика сабақтарында шәкірттерім компьютермен еркін жұмыс істейді. Алайда, шағын жинақты мектептерде жаңа технология бойынша сабақ беруге мүмкіндік бола бермейді. Үшдеңгейлік курстарда көбіне оқушылармен топтық жұмыс жүргізу технологиясы ұсынылады. Біздің сыныптарда оларды топтарға бөлу мүмкін емес. Дегенмен, тығырықтан шығар жол іздейміз. Егер екі сыныптың тақырыптары сәйкес келіп жатса, ересек балалардың кішілерге көмегін жиі пайдаланамын. Бақылау жұмыстарын алған кезде балалар бір-бірінен көшіріп алмас үшін нұсқаларды әртүрлі етіп құрамын. Біріктірілген сыныптарға сабақ берудің түрлі қиыншылықтары бар. Бірақ қиын деп қарап отырмай, әр мұғалім өзінің шеберлігін сарқа пайдалануға тырысады, – дейді Медвежка орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мирей Әмренова.
Оның ойынша, мұғалім әрқашан ізденісте болуы, қол жеткізген жетістігінде тоқтап қалмауы маңызды. Ол өзіне зейнет жасында болса да, Интернетпен жұмыс істеп, ұстаздықтан қол үзбей жүрген химия-биология пәндерінің мұғалімі Вера Кусаньды үлгі тұтады. Мирей Ағыбайқызы: “Біз өзіміздің әріптестерімізден, алдымыздағы оқушыларымыздан, өз-өзімізден үйренеміз. Ұстаз өз сабағы арқылы оқушылардың сүйіспеншілігіне ие болады. Ол үшін мұғалім өзі пәнді жақсы меңгеруі, балаларға тақырыпты қызықты етіп жеткізе білуі керек”, – деді.
Тайынша ауданының Летовочное ауылындағы шағын жинақты орта мектепте 117 оқушы бар, оның 10-ы – мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушілері. Бұл мектепте көрші Подлесное, Каменка ауылдарының балалары да оқиды. Білім ошағының материалдық-техникалық базасы өте жақсы, әр мұғалімнің жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған. Барлық сыныптарға компьютерлер қойылған. Сонымен қатар екі компьютер сыныбы, математика кабинетінде Интернет сыныбы орналастырылған. Мобильдік-ұшқыр жылжымалы проекторлар, екі жылжымалы тақта бар. Оларды кез келген мұғалім алып, пайдаланады. Одан басқа тағы үш сыныпқа тақталар қойылған. Мектептің биылғы жылы ҰБТ тапсырған екі түлегі де экономика саласы бойынша грантпен оқуға түскен.
– Менің ойымша, біріктірілген сыныптарда сабақ беру үшін оның құрылымы дұрыс болуы және педагогтің сол сабақты әр оқушының қабылдауына лайықтап жоспарлауы керек. Біздің мектепте 5-6-шы сыныптар ғана біріктірілген. Оның өзінде дене шынықтыру, технология, өзін-өзі тану, бейнелеу өнері сияқты пәндерді ғана біріктіріп оқытамыз. Ол сыныптарда сабақ беру кезінде бар күш мұғалімге түседі. Өйткені, бағдарлама сыныпқа, балалардың жастарына, басқа да талаптарға сай келуі керек. Қазір қай жерде болсын жұмыс істеу оңай емес, шағын жинақты мектептердің қиындығы екі есе. Мысал үшін екі сыныпқа қатар сабақ берсең, сабақ жоспарын әр сыныпқа жеке дайындайсың, ал алатын жалақы – біреу. Мектепте тарих, физика, информатика, математика пәндерінен кәсіби мамандар жетіспейді. Сондықтан кейбір мұғалімдер бірнеше пәннен сабақ береді. Екінші мамандық алу үшін тағы да оқуға түскен әріптестерім бар. Ауылдық жерлерде мамандар жетіспейтіндіктен, химия, география пәндерінің мұғалімдері көрші мектептерге де барып сабақ береді, – дейді Летовочное орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Надежда Морева.
Надежда Ивановна мұғалімдер кейде бақылау, тестілеу жұмыстарын алғанда қатар сыныптар бос болса, соларға балаларды бөліп отырғызып оқытатындықтарын айтты. Мұғалім екі сыныптың арасында жүгіріп жүріп сабақ өткізеді. “Бүгінде ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың келуіне байланысты ұстаздардың жұмысы еселене түсті. Қағазға жазумен қатар, оны компьютерге енгізу керек. Осының барлығын сапалы істеуге тырысамыз”, – деді.
Бес саусақ бірдей емес. Облыстағы шағын жинақты мектептердің жағдайы да сол сияқты. Мектептердегі біріктірілген сыныптарда оқытудың қолайсыздығы – бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруі, кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі, бейіндік оқуды ұйымдастыру мүмкіндіктерінің шектелуі ұстаздың шығармашылықпен жұмыс істеуіне қиындық келтіреді. Ендеше шәкірттердің білім деңгейлері де мектептің материалдық-техникалық жабдықталуы мен білікті педагогтердің сабақ беру әдіс-тәсілдеріне қарай өлшенбек болар.