Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бақытжан Тобаяқов белгілі ақын, аудармашы, журналист, ғалым, 40-тан астам поэзиялық, прозалық, сын-зерттеу кітаптарының авторы ретінде жақсы танымал. Ол – Халықаралық түркі поэзиясы, Абай поэзиясы сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлттық инженерлік академияның мүше-корреспонденті. Сан қырлы талант иесінің 60 жасқа толу мерейтойы Қызылжар өңірінде де атап өтілді.
Мәдени шараны М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұйымдастырып, өнерсүйер қауым назарына “Жүректің ұшырайық аққуларын…” атты шығармашылық композиция ұсынды.
Көлбең қағып көк
сағым дірілінен,
Гүл оянды самалдың
күбірінен.
Ұйықтап жатқан топ
елік үрке қашты,
Дүркіреген жылқының
дүбірінен, –
Деп, ақынның өзі жырлағандай, махаббат, ел, жер, Отан секілді мәңгілік өлмес тақырыптар өлең арқауына айналып, өзіндік толғаммен өзгеше ой тербейді. Студенттер Екатерина Шайхуддинова, Лаура Талипова, Айтолқын Мінайдарова, тағы басқалары адам жанын нәзік сезімге бөлейтін сұлу жырларды нақышына келтіре оқып берді.
Әсерлі де тартымды өткен кешке жиналған жұртшылық ақынның өмірбаянына, шығармашылығына қатысты сауалдар қойды. Университет ректоры, академик Оңдасын Әшімов мерейтой иесін құттықтап, “Университеттің Құрметті профессоры” атағын салтанатты түрде тапсырды.
Ақын қызылжарлықтарға арнаған “Терістігім – жүрекке ең ыстығым” атты жаңа өлеңін оқып берді.