«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА КӘСІПТІ ӨРКЕНДЕТУ БАҒЫТЫНДА атқарылып жатқан істер аз емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мал шаруашылығы ауыл экономикасының басым салаларының бірі болып табылатынын Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында үнемі айтып келеді. “Қазақстан – 2050” Стратегиясында осы саланың ұзақ мерзімге бағдарланған жаңа міндеттері белгіленді. Үкіметтің 11 қазандағы кеңейтілген отырысында да стратегиялық мәні ерекше аграрлық сектордың проблемалары сөз болып, мемлекеттік бағдарламалардың қайтарыммен жұмыс істеуі талап етілді. Президент етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қызылжар өңірінде қазір жағдай қалай қалыптасып отыр деген сауалды облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралиновқа қойған едік.

– Иә, таяу жылдардағы басты талаптардың бірі – Мемлекет басшысының етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау. Аталмыш жоба қабылданғалы облысқа Германия, Австрия, Дания, Ирландия, Канада, АҚШ және Ресей елдерінен етті бағыттағы герефорд, ангус, симменталь, қалмақ тұқымды ірі қара әкелініп, 6,7 мың басқа арналған 21 асылтұқымды репродуктор шаруашылық, 6,9 мың малға лайықталған 5 бордақылау алаңы құрылды. Бүгінде 300-ге тарта фермер қожалықтары бағымында 60 мыңдай Зеңгі баба түлігі бар. Мысалдар келтіретін болсақ, “Мәмбетов және компания” коммандиттік серіктестігі “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы алған несиеге мұхиттың арғы жағынан 200 бас ангус қашарларын жеткізді. Содан бері мал басы 2 есеге көбейіп, асылтұқымды малдарды аукцион арқылы сату ұйымдастырылды. “Жанбай” ЖШС Даниядан 400 бас герефорд құнажындарын әкелді. “Атамекен” фирмасының 5 шаруашылығы 1300-ден астам асылтұқымды мал өсіреді. “Ақселеу” серіктестігі өз қаражатына Ресейден 200-ге жуық герефорд тұқымын сатып алды, – деді Серікбай Тұралинов.

– Серікбай Шәріпұлы, мал шаруашылығы өндірісін ұлғайтудың тағы қандай тетіктері қарастырылған?

– Биыл мал шаруашылығын дамыту үшін республикалық қазынадан 2,4 миллиард теңге бөлініп, 2 миллиардтан астамы игерілді.

Бұдан тысқары 3 жыл ішінде 2 277,2 миллион теңгенің 260 жобасы іске асырылды. Нәтижесінде 11193 бас сиыр және 435 бас аталық мал сатып алынды. “Аграрлық-кредиттік корпорация” – 79, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” – 181, “ҚазАгроҚаржы” АҚ 13 жобаны қаржыландырды. Бұл жобалар шеңберінде 5 миллиард теңгеден астам қаржы игерілетін болады.

– Елбасы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы негізгі үш бағытта өріс алуы тиістілігін атап көрсеткені мәлім. Олар – еңбек өнімділігін арттыру, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті жүзеге асыру. Бұл талаптардың мал шаруашылығына тікелей қатысы бар екені талассыз.

– Елбасы 2016 жылға таман ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу міндетін қойғанымен, биыл ет және ет өнімдерін сыртқа шығара алған жоқпыз. Алдын ала есептеулерге қарағанда, осы кезеңге қарай сиыр етінің экспортын 6 мың тоннаға дейін жеткізбек ойымыз бар. Сол сияқты ең төмен еңбек өнімділігі агроөнеркәсіптік кешенде орын алып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы өнімділікті 2014 жылға қарай екі есеге арттыру, азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы, Кеден одағының, алыс-жақын шетелдердің рынок көздерін тиімді пайдалану жөнінде талаптар жүктеді. Облыста бұл үшін ішкі мүмкіндіктер мен резервтер жеткілікті. Оны әкімдік кеңестерінде өңір басшысы Самат Сапарбекұлы Ескендіров те атап көрсеткен болатын.

Бүгінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолдану, аграрлық-инновациялық жобаларды іске асыру шаралары нәтижесінде асылтұқымды мал басы көбейіп, ірі қара – 46 мың, жылқы – 1,5 мың, қой – 3,6 мың, шошқа 42,4 мың басқа жетті. Әкелінген қара малдан 4 мыңнан астам төл алынып, 500-дейі сатылды.

“Асылтұқымды мал шаруашылығы туралы” Заңға сәйкес асылтұқымды қара мал басын тұқымдар бойынша республикалық палаталарда тіркеу жүргізілуде. Осы күндері 23 мың бас асылтұқымды ірі қара малы тіркелді. Бұл көрсеткіш қолдағы асылтұқымды малдың 50 пайыздан астамын құрайды.

– Соңғы кезде ет өнімдерінің бағасы құлдырап кетті. Оның теріс әсерін ауылдықтар алабөтен сезініп отырған жайы бар.

– Нарық заңы қатал, бәсекелестік күшті. Оған күштінің күштісі, мықтының мықтысы ғана шыдайды, төтеп береді. Облыс аудандарында етті сатып алу бағасына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің деректері бойынша бір килограмм еттің сатып алу бағасы мынадай: сиыр еті – 578 теңге, жас малдың еті – 757 теңге, шошқа еті – 463 теңге.

Ауыл мен базар арасындағы баға айырмашылығының басты себебі – делдалдардың араласуында. Біз инфляциялық үдерісті тежеу мақсатымен әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер тұтынушыларға өз өнімдерін тікелей ұсынатындықтан, базарға қарағанда 10-20 пайызға арзан. Жыл басынан бері 177 жәрмеңке ұйымдастырылып, 212 тонна ет, 196 тонна сүт өнімдері, 157 миллион дана жұмыртқа, 237 тонна картоп пен көкөніс, 29 тонна бал, 156 тонна басқа өнім түрлері сатылды.

– Елбасының қой шаруашылығы мен жайылымдарды кеңейте отырып, жайлауға шығарып бағуды қайта қалпына келтіру, жайылым-шабындықтарды құнарландыру жөніндегі тапсырмасы қалай орындалуда?

– Бұл бағытта қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, жайылымдық мал шаруашылығын ұйымдастыру мақсатымен 210 табын, 84 үйір, 102 отар құрылып, 100 мыңға жуық түлік қамтылған. Олар табиғи су көздеріне жақын жерлерде бағылады. Мал жайылымдарын суаттармен қамтамасыз ету, мал жаю сызбалары белгіленген.

Облыста фермерлер мен жеке қожалық иелеріне 2 миллион гектар жайлымдық жер бекітіліп берілген. Олардың негізгі бөлігі өңірдің оңтүстік беткейіне шоғырланған. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары Батыс Қазақстан облысының отарлы мал шаруашылығы, отарлы қой шаруашылығы қызметкерлерінің тұрмыс жағдайы тәжірибесін зерделеп, қолданысқа енгізуде.

Президенттің ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы аясында жемшөп дақылдарының көлемі 319,7 мың гектарға жетті. Бұл – былтырғыға қарағанда 68,5 мың гектарға артық. Көпжылдық шөп – 209,3 мың, біржылдық шөп – 37,9 мың, сүрлемдік дақылдар 13,3 мың гектарды құрайды. Қызылжар өңірінде аудандастырылған, ауа райына төзімді жемшөп дақылдарының тұқымымен қамтамасыз ету мақсатымен “Степноишим тәжірибе стансасы” ЖШС элиталық тұқым өсіру шаруашылығы мәртебесін алды. Тек биылдың өзінде ғана 422 миллион теңгенің заманауи 73 техникасы сатып алынды.

Жемшөп өндірісін дамыту үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі тұқым себу, күзгі астық жинау науқандарын өткізуге жанар-жағармай материалдарына, тауарлық-материалдық құндылықтырдың құнын арзандату, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен өнімділігін көтеруге бағдарланған ірі сабақты және шырынды азықтардың бағасын арзандату бағдарламалары бойынша да мемлекеттік қолдау жүйелі көрсетіледі.

Құс фабрикалары мен ірі мал шаруашылығы кешендері құрамажем шығаратын цехтармен қамтамасыз етіліп, бірорталықтандырылған автоматты режіммен басқарылады.

Ет өнімдерінің импорттық бәсекелестігін арттыру шеңберінде озық технологияларды енгізуге, кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа өнім түрлерін шығаруға, қалдықсыз өңдеуге үлкен басымдық берілуде. Мәселен, “СБИ-Агро” ЖШС шұжық және шұжық өнімдерін дайындайтын германдық жабдық орнатты. “Меденников” ЖК өнімдерді вакуумдық буып-түйетін желіні іске қосты.

Келесі жылдан бастап іске асырылатын “Агро-бизнес – 2020” бағдарламасы қайта өңдеу кәсіпорындары үшін шикізат сатып алуды субсидиялайтын болады. Бұл жобаның іске асырылуы ет өнімдерінің сапасын да, экспорттық әлеуетін ұлғайтуға да үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

  “Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp