«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАР ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІ өңір басшысымен кездесті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыс әкімі Самат Ескендіров Петропавл қалалық классикалық гимназияда балалар ұйымдарының жетекшілерімен кездесіп, оларды толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді, өскелең ұрпақты елімізде осымен екінші рет аталып өткелі отырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Аталмыш шараға Балалардың қоғамдық бірлестіктері халықаралық одағының төрағасы Алексей Волохов, республикалық “Жас ұлан” бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айнұр Бектемірова, Ішкі саясат, Білім, Балалар құқығын қорғау, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалардың және қалалық Білім бөлімінің басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімі Самат Ескендіров бүгінгі кездесу мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп отырғандығын атап айтып, егемен елімізбен бірге Қызылжар өңірі де қарқынды дамып келе жатқандығына тоқталды.

– Қазақстанда жүргізіліп жатқан түбегейлі өзгерістерге, еліміздің даму стратегиясын жүзеге асыруға жас ұрпақтың белсене қатысуы аса маңызды. Қымбатты балалар, болашақта Отанымыздың гүлдене түсуі мен қол жеткізетін жетістіктері Сіздердің белсенді азаматтық ұстанымдарыңызға байланысты. Елбасының басшылығымен өскелең ұрпақтың жан-жақты білім-тәрбие алуына қажетті жағдай жасалуда. “Нұр Отан” партиясының ХІІІ съезінен кейін, осыдан екі жыл бұрын Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған “Жас ұлан” ұйымына зор үміт артылып отыр. Облыстық балалар-жасөспірімдер ұйымында 11,5 мыңнан аса мүше бар. Оған оқу мен қоғамдық жұмыста белсенділік танытып жүрген оқушылар қабылданды. Біздің болашағымыз саналатын өскелең ұрпақты қоғам алдында зор жауапкершілік күтіп тұр, – дей келіп, Самат Сапарбекұлы жиналғандарды алдағы мемлекеттік мерекемен құттықтады.

Ресейден арнайы келген Алексей Волоховтың айтуына қарағанда, Балалардың қоғамдық бірлестіктері халықаралық одағының құрылғанына 17 жыл болыпты. Ол 11 мемлекеттің 4 млн. баласын біріктіреді. Сөзінің соңында Алексей Васильевич облыс әкіміне халықаралық одақтың эмблемасын табыс етіп:

– Құрметті Самат Сапарбекұлы, халықаралық одақтың арнайы белгісімен марапаттауға Сізді үміткер ретінде ұсынып отырмыз. Ондай белгі 8 губернаторға ғана табыс етілген. Тоғызыншысы Сіз боласыз, – деді.

Республикалық “Жас ұлан” бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айнұр Бектемірова, облыстық “Жас ұлан” бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рүстем Есенбергенов, облыстық балалар одағының төрағасы Александр Штро атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайында сөз қозғады.

Кездесу барысында жасұландықтар өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сауалдар қойып, тиісті жауаптар алды.

Бұл күнгі шараны облыстың 55 білім беру мекемесі арнайы бағдарлама арқылы тамашалады. Айыртау ауданындағы №3 Саумалкөл қазақ орта мектебінің оқушылары жиналғандарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен Интернет желісі арқылы құттықтады.

Осы күні Балалардың қоғамдық бірлестіктері халықаралық одағы мен республикалық “Жас ұлан” бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігі арасында мәдениет, өнер саласында екіжақты байланыс орнатуға арналған меморандумға қол қойылды.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp