«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИМАМДАР БІЛІМДЕРІН ШЫҢДАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қызылжар” орталық мешітінде қала, аудан имамдары мен молдаларының біліктілігін арттыруға арналған екі күндік семинар өткізілді. Аталмыш шараға ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, Павлодар қалалық “Ақмешіт” мешітінің бас имамы Жолдас қажы Бердімұратов, сондай-ақ облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов арнайы шақырылды.

Бас имам Кенжетай қажы Дүйсенбай кіріспе сөзінде: “Алла тағала Құран Кәрімде: “Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар”, – деп айтты. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ұйымдастырылып отырған семинарға арнайы шақырылған мамандар келіп отыр. Сондықтан осы сәтті пайдалана отырып, білімдеріңізді толтыруларыңызға тырысыңыздар”, – деп, имамдарға сәттілік тіледі. Келесі кезекте дәрісті бастаған Сансызбай Шоқанов “Матуриди ақидасының негіздері” тақырыбында лекция оқып, ақида мәселесі төңірегінде болып жатқан кейбір сұрақтарға баса назар аударып, аталған тақырыпты терең түсіндіріп берді.  

Ал дінтанушы, теолог Жолдас қажы Бердімұратов “Бидғат сөзінің анықтамасы” тақырыбында ғибратты лекция оқып, сондай-ақ қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып табылатын салафизм идеологиясының қауіптілігі туралы терең түсіндірді. Ислам ғұламаларының дәлелдерін келтіре отырып, теріс ағымдардың ұстанатын қағидаларының бұрыстығын атап өтті.

Сондай-ақ семинар барысында Исламның негізгі мәселелері – ақида, фикһ, мазһаб ұстану, сонымен қатар қазіргі таңдағы жат ағымдар туралы тақырыптар қамтылып, талқыланды.

Алыстан ат терлетіп келген қонақтар жергілікті тілшілерге сұхбат беріп, аталмыш семинардың мәні мен маңызын, көзделген мақсатын айтып түсіндірді. Ал имамдар мен молдалар бұл семинарда діни білімдерін жетілдіріп, өздерін мазалаған сұрақтарына толыққанды жауап алды деп сеніммен айта аламыз.

“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp