Облыста мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері арасындағы қарым-қатынас нәтижелі жүзеге асырылуда. Ол баспасөз хатшылары, мемлекеттік қызметшілер және журналистер арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған. Бұл жоба биыл көктемде бастау алыпты. “Әділ Арқа” қоғамдық қоры мүшелерінің жыл бойы атқарған жұмыстары облыстық сотта болған кездесуде қорытындыланды.
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.
Бұл – “Әділ Арқа” қоғамдық қорының БАҚ өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған жобалар легінің осы жылы өткізіп отырған соңғы шарасы. Семинар екі жаққа да тиімді көптеген маңызды сауалдарды қамтыған.
“Жалпы туындаған мәселе өте көп. Десе де, олар алдағы уақытта шешім табады деген ойдамын. Ол үшін билік тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Ең алдымен мемлекеттік органдарда баспасөз өкілдері пайда болуда. Осы жоба аясында біз оларды журналистермен тығыз қарым-қатынаста болуға үйреттік, – деді “Әділ Арқа” қоғамдық қорының директоры Зәуре Жұмалиева.
Кездесу барысында сөз алған судьялар сөз бостандығы жайлы да айтып өтті. Олар еуропалық және қазақстандық БАҚ туралы заңдарда қарастырылған осы мәселені қозғады.
“Біздің заңнамамыз халықаралық стандарттарға толығымен сай келеді. Сөз бостандығы жайлы әлемдік заңнама біздің елімізде де қолданылады. Әрбір адам өз ойын толық жеткізе алады. Тек бірнеше алғышарттары бар”, – деп ой бөлісті облыстық соттың судьясы Елена Максюта.
Қазіргі уақытта дербес сот билігін құрып отырған мемлекетімізде судьялардың қоғам талабына сай, тиімді сот төрелігін жүргізу барысындағы жауапкершіліктеріне баса назар аударылып отыр. Барлық соттарда әділдікті жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарды ашық көрсету үшін сот органдары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Кездесу соңында екі жақ өз араларында туындайтын маңызды мәселелерді де қарастырды.