«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЗАЛЫҚТЫ ҰМЫТТЫҚ: мысықты мүсіркеп, итті есіркеп…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Атын атап, түсін түстеп айтудан аулақпын, бірақ, адам болған соң, жан-жағыңа қарап, үй маңында тұратын көршілермен араласып жүресің ғой. Міне, осындай көршілердің бірімен сөйлесуден қалдық. Неге дейсіз бе? Мұндай үнсіз “майданның” себебі – үйде ұстайтын мысық.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Мейлі, қазір үйде кім не ұстамайды дейсіз. Мысық-итті қойып, тышқан, бақа ұстайтындар да бар ғой. Ұстай берсін, мәселе онда емес. Бұл жерде басты проблема – тазалықта. Біздің көршіде бір емес, үш мысық бар. Мысығын баласынан кем көрмейді. Оны қолынан тастамайды, бірге жүреді, сөйлеседі, тіпті, тамақ ішкенде қасына отырғызып қояды. Мұндай достыққа қызығатындар да бар шығар. Бірақ, көзі-басын былшық басып, үстінен биті домалап жүрген мысықты қолға ұстау деген барып тұрған салақтықтың белгісі ғой. Мысықтың жүрмейтін жері жоқ. Ауланың барлығын шарлайды. Ал біздің аулада көршілердің бар баласы ойнайды. Олар кішкентай. Бас-көз болып жүрмесең, төрт аяқтыны ұстап алуы да мүмкін. Міне, айғай осыдан басталды. “Мысықтарыңды жуындыр, екпелері егілген төлқұжатын көрсет” деген сұраққа: “Өз мысығым, не істесем, өз еркім” деген жауап алдық. Ақыры, күні бүгінге дейін мысығын құшақтап бірде үйінде, бірде далада жүргенін көріп, таңғаламыз. Осындай адамдар да болады екен-ау? Қысы-жазы аула болып сол мысықтарды қуып жүруден басқа амал қалмады енді. Үлкені үлкен болсын, кішкентай баласының да сол мысықтармен ойнайтынын көргенде басыңды шайқайсың…

Күшік-мысықтарды көбіне балалар жақсы көреді. Сондықтан да ата-аналары туған күндеріне сыйлыққа беріп жатады. Баланың бетін қайтармай, сұрағанын беру дұрыс та шығар, бірақ күні ертең оның не боларын да ойлау керек. Психолог мамандар мұндай іс-әрекет қажеттіліктен туындайды дегенді алға тартады. Яғни, жалғыз өскен бала өзіне серік іздейді. Сөйтіп, олар жақсылықпен, мейірімділікпен бөліседі екен. Одан қалды қамқорлық, жауапкершілік деген сөздердің мән-мағынасын сезінеді. Бұл да керек, бірақ қараусыз қалған жағдайда үй, түз жануарларының айналасындағыларға зиян тигізіп алу қаупі туады. Егер белгілі бір ереже сақталмаса, екпе уақтылы салынбаса, үй ішіндегі адамдарға түрлі ауру түрлерінің жұғуы мүмкін емес пе? Олай болса үй жануарларына да жауапкершілікпен қараған дұрыс болар еді.  

“Бірдің қырсығы мыңға тиеді” дегендей, далада қаңғырып жүрген жануарлардың үйде ұстайтын тұқымдастарына ауру жұқтырмасына кім кепілдік береді? Сорақысы сол – қаңғырған ит-мысықтарды өзеуреп жүрген де өзіміз.

Жақында мынадай көріністің куәгері болдым. Бес қабатты тұрғын үйдің астыңғы жағында орналасқан кішкентай тесіктен бір мысық қарап тұр. Әлден уақытта сөмкесін сүйреткен әйел адам сол жерге жақындап келіп, мысықтарды дауыстап шақыра бастады. Сол-ақ екен, бір-бірін итермелеп, бірнеше мысық шыға келді. Бақсам, әйел адам оларға тамақ әкеліп береді екен. Нанның ұсағы, сүт, балықтың қалдығы сияқты тамақтарды шашып сала берді. Тамаққа таласқан жануарлар аузына ілеккендерін алып, жолдың жан-жағына қаша жөнелді. Біраз уақыттан кейін қайта жиналып, сүттерін ішіп, қарындары тойған соң үйдің іргесіне, жақын жерлердегі орындық, баспалдақтарға жайғаса кетті. Міне, бұл – үйдің астыңғы қабатын мекендеген төрт аяқтылар. Олардың жүрмейтін жері жоқ. Тамақ іздеп, сол маңайды торауылдап, қоқыс жәшіктерін де ақтарады. Осындай қаңғыбас өмірдің зияны жақын жерде жүрген тұрғындарға, әрине, тиеді. Себебі, мысықтардың өздерінен де, үстерінен түскен қайызғақ өте зиянды. Бұл жайында дәрігерлер де дабыл қағуда. Желмен ұшатын жеңіл қайызғақтар арқылы түрлі тері ауруларын жұқтырып алуға болады екен. Өз басым екіқабат кезімде әйелдер консультациясына тіркеуге тұрғанда денсаулықты бақылай отыра түрлі ақыл-кеңестер де алдым. Соның бірі – үйдегі мысықтан бойды аулақ ұстау. Мамандардың айтуына сүйенер болсақ, мысықтан жұғатын түрлі ауру әйелдің жүкті кезінде жатырдағы нәрестенің өсіп-өнуіне орасан зор нұқсан келтіретін көрінеді. Кей кездерде нәрестенің патологиялық ауруларға ұшырауының бірден-бір себебі де мысықтан жұғатын паразит арқылы беріледі екен. Осындай маңызды әңгімеден кейін үлкен әжелеріміздің жүкті әйелге мысықты жолатпайтын ырым-тыйымдарының сырын түсіндім. Қаңғыбас ит-мысықтарды үй жанында ғана емес, дүкен қасында , ең сорақысы азық-түлік сататын сауда орындарының қасынан жиі кездестіреміз. Көреміз, бірақ көрмегендей өте шығамыз. Өз басым, үйге бара жатқан кезде екі дүкеннің алдынан өтемін, осы жерлерде қысы-жазы ит-мысықтар мекендейді. Бір қызығы, дүкен сатушысының өзі оларға қалған тамақтарды беріп, әбден жаман үйретіп алған. Мұндай көріністі өз басым үш жылдан бері байқап жүрмін. Тіпті, бір дүкеннің баспалдағының астын мысықтар үй қылып, мекендеп алған. Біздің үй дүкеннің дәл қасында. Аш қасқырлар сияқты дүкен алдын торып жүретін иттердің қасынан жүрудің өзі қауіпті болған соң тиісті орындарға телефон шалдым. Мекенжайды жазып алды. Ал түстен кейін келіп, көшені шулатып, бір-екі итті атып, жөндерімен кетіп қалды. Мылтықтың дауысын естігенде қаңғыбас иттер қашып кетті. Ал сол маңайдағы аула ішінде жүретін бір-екі ит-күшік керісінше көшеге шығып, ажалдарына тап болды. Өкініштісі, біздің ауладағы күшік те осы тізімге ілегіп кетті. Содан кейін өз ісіме өкініп те қалдым. Әрине, келген адамдар иттердің бәрін тізбектеп, иесін іздеп жүрмейді ғой. Бірақ, анадай жерде жүрген алпамсадай қаңғыбастарды көрмей, шамалары кішкентай ғана күшікке жеткендей болып көрінді.

Иә, бір қолымен итке тамақ салып, екінші қолымен нан сатып тұрған сатушыны көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Шыны керек, мұндайдан кейін әлгі дүкендерден тамақ сатып алмақ түгілі, қасынан да өткің келмейді. Мысықтардың ішінде тырнап, иттердің ішінде қауып алатындары аз емес. Міне, осыдан кейін далаға шығып, баламен қыдырып көр. Әрине, қала ішінде толып кеткен қаңғыбас иттен аяқ алып жүре алмайсың деп айтудан аулақпын. Бірақ, олардың саны аз емес екендігін Сіз бен біз күнде көріп жүрміз. Денсаулыққа зиян келтіретін қаңғыбас жануарлармен күресу орнына мысықтарды мүсіркеп, иттерді есіркеп жүргенімізге жол болсын?

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp