Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (МКҚБ) полицейлері овчарка күшікті ұрлаған ер адамды ұстады.
МКҚБ-нің кезекші жедел тобы облыс орталығының қоғамдық тәртібін бақылап жүрген. Оларды Солнечный кентінің тұрғыны тоқтатып, бірер минут бұрын аулада жүрген итінің жоғалғанын айтқан. 45 жастағы ер адам шығыс-еуропа тұқымды күшікті 90 мың теңгеге сатып алған. Үй маңында құрылыс жүріп жатқандықтан, оны материалдарды күзеттіру үшін алып келген. Үй қожайыны жұмысын істеп жатқан кезде көрші аулаға қызыл түсті “Фольксваген” көлігінің келгенін байқаған. Жүргізушінің күшігімен ойнап тұрғанын да көрген. Бұдан соң жануарының жоғалғанын анықтап, көшеге шыққан кезінде полицейлерге жолыққан.
Күдікті болған көлік алыс емес жерде анықталды. 22 жастағы жігіт күшікті өзіне алмақшы болған. Овчарка иесіне қайтарылды. “Ұрлық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.