«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АБАЙТАНУДЫ” ОҚЫТУДЫҢ өзекті мәселелері семинарда талқыланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

26 қарашада облыстық Білім басқармасы мен “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалы мамандарының бірлесіп ұйымдастырған шарасы өңір мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің басын қосты. Онда 2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептер бағдарламаларына енгізілген “Абайтану” курсын оқытудағы өзекті мәселелер жайы қозғалды.

– Ұлы тұлғалардың мұрасын санасына құйып өскен жастың ертеңгі күні елі мен жерін сүйетін ұлтжанды азамат болып қалыптасатыны сөзсіз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына “Абайтану”, “Алаштану”, “Өлкетану” курстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығы бойынша типтік оқу жоспарының вариативтік бөлігі есебінен енгізілді. Аталмыш курс жаңа оқу жылынан облысымыздың 301 мектебінің 9-10-11-сыныптарында (6700-ден астам оқушы) оқытылып жатыр. Абай шығармалары оқушылардың туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятып, адамгершілікке, мейірімділікке, білімге ұмтылуға, салт-дәстүрлерді қастерлеуге, сыйлауға тәрбиелейді. Абайды тану, бағалау, насихаттау қоғамдық ортада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. “Абайтану” ғылымы ұрпақтан-ұрпаққа жететін құбылыс. Алайда, курсты оқыту кезінде мұғалімдердің түрлі қиындықтар мен кедергілерге кездескені де рас, – дейді облыстық Білім басқармасының бас маманы Ырысжан Нұрғалиева.  

Осыған орай “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалы оқытушыларының ұйымдастыруымен “Абай мұрасының рухани-адамгершілік және танымдық құндылықтарын өзектендіру” тақырыбында апталық курс өткізілуде.

– Қазіргі таңда Ақжар, Уәлиханов, Жамбыл, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласынан 100-ге жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері бұл курстардан өтті. Алдағы уақытта курстарда оқытуды жалғастыратын боламыз. Бүгінгі шараны мектептерде “Абайтану” курсын өткізетін мұғалімдер үшін әдістемелік көмек ретінде және курсты оқытудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырдық. Семинардың жұмысын қызығушылықты оятудан бастаймыз. Онда мұғалімдер ойларын, пікірлерін, идеяларын, “Абайтану” курсын жүргізіп жүрген мұғалімдер өздерінің тәжірибелерін ортаға салатын болады, – дейді “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ПҚБАИ-ның мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушы Гүлдарай Қайнетова.

Семинарға қатысушылар оқушыларға Абай шығармаларын терең де жан-жақты таныту арқылы елжанды, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын дара тұлға қалыптастыру жолдарын қарастырды. Олар 4 топқа бөлініп жұмыс істеді. “Абайдың білім, ғылымға қатысты идеялары және олардың бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен сабақтастығы” тақырыбын Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айымхан Тәшетованың тобы талдаса, “Абайдың өнер үйреніп, кәсіп қылу идеялары және олардың бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен сабақтастығы” туралы ойларын қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлжан Қасымованың тобы саралады. “Абайдың қоғамдық өмірге қатысты идеялары және олардың бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен сабақтастығы” туралы тұжырымдарын қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Сәулет Мұқанованың тобы зерттесе, “Абай насихаттаған жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды” қазақ мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлім Бәйтенованың тобы ой елегінен өткізді.

Облыс білім ошақтарының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері: Әлия Малдыбаева (“Абай – эссе жанрының негізін қалаушы”), Күлбаршын Есмұқанова (“Абай шығармашылық мұрасының пәнаралық байланысы”), Зухра Ауғанбаева (“Абай шығармашылығындағы “Толық адам мәселесі”), Әсем Құлыбекова (“Абайдың сыншыл реализмі және оны оқытудың тиімді жолдары”) шеберлік сыныптарын өткізді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp