Солтүстікқазақстандық көші-қон полицейлері алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді іздестіруде.
Тәртіп сақшылары жыл басынан бері мұндай шараны төртінші мәрте өткізуде. Көші-қон полициясы бөлімінің бастығы Медет Сағдидің айтуынша, алимент төлемегендерге қатысты 1300-ден астам сот анықтамасы түскен. Тек Петропавл қаласы ІІБ Көші-қон полициясы бөлімінің өзінде 954 борышкер есепте тұр. Солардың арасында әкімшілік айыппұл төлемеген азаматтар да бар. 41 жастағы қала тұрғыны сапаржай маңында ұсталды. Әйел адам жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл төлеуден жалтарып жүрген. Борышкер оны өтейін десем, тұрақты табысым болмай тұр деп ақталды.
Акция басталғалы іздеудегі 53 азамат анықталды, соның 4-еуі – алимент төлемеуші.